Қоқыстан құрастырылған кейіпкерлер

Қоқыстан құрастырылған кейіпкерлер

Қарапайым қоқыстан өнер туындысын жасай алатын адам кем де кем. Сол аздардың бірі тайлық шебер Суджай (Sudjai) мен оның Kreatworks деп аталатын командасы. Олар өз туындыларын жасап қана қоймай, саудамен де айналысып отыр.

Суджай 10 жыл бойы мүсін жасаумен айналысқан. Бірақ оның автокөліктер мен танымал атыс-шабыс фильм кейіпкерлеріне деген қызығушылығы бәрін де жеңіп шығып, қиялдан туған өзіндік әлем жасауға мүмкіндік берді. Ол Бангкок қаласының маңындағы Патхумтхани провинциясындағы шеберханасында фильм кейіпкерлерін қоқыстан жасайды. Шынайы жасалған өнер туындылары сосын Etsy интернет-биржасында 4000$ - 12000$ арасында сатылымға қояды.

Әбден тозығы жетіп, ескірген автокөлік қаңқалары өз иелері мен қала үшін үлкен проблема тудырады. Дамыған елдерде бұл мәселені дамыған технологиялар арқылы шешсе, мұндай мүмкіндігі жоқ елдерде олар босқа қаңырап жатады. Жылдам дамып жатса да, Тайландты бұл мәселеде екінші елдер категориясы қатарына жатқызуға болады.

Бұған өзгелер басын қатырса, Суджайдың қуанудан қолы босамайды. Қаңыраған көліктер оның негізгі шикізаты. Оның үстіне, шебердің жасайтын мүсіндері үлкен болғандықтан, оған өте көп мөлшерде темір-терсек керек. Ол қала үшін күрделі болып отырған мәселені өнер туындысы етіп шығарады.

Әлдеқашан қоқысқа тасталған көлік бірінші кезекте шеберханаға жеткізіліп, әрбір бөлшегі майда-шүйдесіне дейін ажыратылады. Сөйтіп шебердің қолынан керемет мүсін болып шығу үшін қызмет жасайды.   

Суджай қағазға салып алған эскизі арқылы өзіне қажетті материалдарды жинастырған соң оларды кесіп, қайта жалғап өз кейіпкерінің көлемін келтіреді. Бұл оның жұмысының ең қызықты кезеңі.

Шебердің дайындаған әрбір бөлшегін Kreatworks деп аталатын команда бір-ақ сәтте орын-орнына жалғап береді екен.

Сөйтіп, қарапайым бұрғы, болгарка сияқты электропісіргіш құралдардың көмегімен «Чужой», Трансформерлер, Хеллбой, Жыртқыш, Джек-Воробей, Робокоп, өрмекші адам, Wall-E сияқты сіз бен бізге таныс кейіпкерлер өмірге келеді.  

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: terra-z.ru

А. Құлтай