Видеоблог: Скарлетт Йоханссон еркектерге шабуыл жасайды

Видеоблог: Скарлетт Йоханссон еркектерге шабуыл жасайды

Басты рөлін Скарлетт Йоханссон сомдайтын «Менің орнымда болып көр», яғни орысша атауы «Побудь в моей шкуре» фильмі достық пен бірлікті насихаттайды десек 180 градусқа қателескен болар едік. Себебі Джонатан Глейзердің адаптациясынан өткен голландық жазушы Мишель Фабердің бұл романы бөгдепланеталық Лаура есімді қыздың жер бетіндегі ер атаулыларды алдап, оларды өлтіріп өз отанына жіберетіні жайлы. Оқиға Шотландияның Глазго қаласында өрбиді. Иә, қысқаша айтсақ осылай да қорытуға болар еді. Фильм жанры артхаус пен фантастиканың синтезі сияқты. Себебі фильмде екі жанрдың да элементтері көптеп кездеседі. Идеясы да тың.  

Фильм туралы толық айтып, оның барлық құпиясын ашқым келмейді, сондықтан да роман авторы жайлы, оны экранизациялаған режисер жайлы бірер мәлімет бере кетейін. Мишель Фабер ағылшын тілінде жазатын жазушы. Көптеген романдардың авторы және британдық бірнеше сыйлық лауреаты. Біз айтып отырған фильмге арқау болған осы аттас романы 2000 жылы үздік дебюттік роман ретінде танылып,  көптеген тілдерге аударылып басылған. 


Ал режисер Глейзер дизайн мектебін бітірген соң жарнамалық роликтер мен басқа да видеолар түсірумен айналысқан. Фильмде де оның керемет таңдалған саундтрегі мен керемет видеоқатары үдеден шығады деп ойлаймын.

Сюжетке келейік. Йохансон бөгдепланеталық қыздың рөлін сомдайды. Ол жер бетінде қайтыс болған қыздың денесіне еніп, ер атаулыларды өлтіреді. Ал мәйітті өзінің ғаламшарында керемет тағам саналатындықтан, сол жаққа жіберіп отырады. Өзге планеталық тіршілік иесі болса да, бас кейіпкеріміз адамгершілік атаулыны тани бастап, өз миссиясын орта жолда қалдыруды ұйғарады.

Фильмдегі адам денесін бөлшектеп кесу, өзге планетаға жіберу сияқты жантүршігерлік сәттер сіздің де қорқынышыңызды үдетіп, қызығушылығыңызды арттырады деген ойдамын.


Бұдан басқа, фильм сюжетімен сценарист Уолтер Кэмпбелл мен түпнұсқа романның авторы Мишель Фабер айналысады. 

Бұл картина 2013 жылы Колорадода өткен Telluride Film фестивалінде таныстырылған. Кейінде оны Италия, Канада, Германия және Ұлыбритания елдерінде де көрсеткен екен. Осындай қилы-қилы жолдармен «Менің орнымда болып көр», яғни «Побудь в моей шкуре» фильмі біздің елімізге де келіп отыр.

A. Mustafina