Кинотеатрда өзімді қалай ұстауым керек?

Кинотеатрда өзімді қалай ұстауым керек?

Кинотеатр – мәдени орын. Бірақ осыны түсінбейтіндер сеанс кезінде айғайлап телефонмен сөйлеседі, алдыңғы қатардағы орынды тебеді, кешігіп келеді. Осы секілді «мәдениетсіздік» көрсетеді. Біз өз кезегімізде кинотеатрдағы әдеп жайлы қарапайым болса да әркім бір біле бермейтін кейбір заңдылықтарды тізіп шығуды ұйғардық.

Киноға кешікпей келіңіз


Францияның королі ХVIII Людовик «Дәлдік – бұл корольдердің көрегендігі» деген екен. Бурбоновтар династиясының соңғы басқарушысының бұл сөзін кинотеатрға дәл уақытында келу туралы әңгімеге арқау еткіміз келеді. Шын мәнінде де, сіз кинотеатрға келіп, өзіңіз асыға күткен фильмді бастап көріп жатқаныңызда әлдекімдердің алдыңызды кес-кестеп, жүріп алғанына шыдар ма едіңіз? Фильм сюжеті неден бастау алғанын білгіңіз келсе немесе өзгелерді құрметейтін азамат болсаңыз, кинотеатрға елмен кіріп, елмен шығуға тырысыңыз. Жалпы, кешікпеу – барлық жағдайда да жақсы әдет екенін сіз бен біз біліп отырмыз.

Кешіккен соң бос орынға отыру керек


Иә, біз адам болғандықтан да, кинотеатрға бірде ерте, ал бірде кеш келіп жатамыз. Жолдағы кептеліс, суырылмаған үтік үшін орта жолда қайтып келу, автобуста ұйықтап қалу сияқты талайлаған себептер сізді діттеген жеріңізге кешігіп баруыңызға мәжбүрлейді. Бірақ кешігіп келген әрқайсымыз да өз орнымызды талап етуімізге құқымыз бар деп ойлаймыз. Бірақ олай емес. Кешіккен адамның шындығы ешкімге де керек емес. Кинотеатрдың заңдылығы бойынша, қандай орын болмасын, экран көрерменге толықтай көрінеді. Сол себепті, мәдениетті адам ешқашан да орынға таласпайды... және кешікпейді.

Ұялы телефонды өшіріңіз


Кинотеатр ішінде телефоныңызды өшіріңіз деп жазбас та едік. Бірақ біздің (сіздің де шығар) тәжірибеміз бойынша, әрбір сеанста телефоны шырылдай қалатын бір адам табылады. Сондықтан телефонды сөндіріңіз деген сөзді тура мағынасында түсінгеніңіз абзал. Кинотеатрда сәл ғана қимыл адам көңілін бөле алады. Ал сіздің телефон қоңырауыңыз немесе телефон дисплейін қараңғы залда жарқырата ұстауыңыз жан-жағыңыздағылардың мазасын алады, онымен қоймай, жүйкесін де жұқартуы мүмкін. Ең ұзақ делінген фильм екі сағаттан аспайды. Және осы екі сағат делінген уақыттың өзінде әрқайсымыз да ұялы телефонсыз отыра аламыз. Оған мүмкіндігіміз бар.

Ауызды жабыңыз


Фильм кезінде әлсіз сюжетті талқылау, бас кейіпкердің ісін сипаттау сияқты іс-қимылыңыз тек ақылсыздығыңызды ғана көрсетпек. Ал егер осы тақырыптарда әңгімені жаныңызда отырған адамға айтып жатсаңыз одан бетер көргенсіз бола түспексіз.

Тазалық сақтаңыз


Қоғамдық орын болғандықтан айтылмауы да тиіс мәселені көтеруге мәжбүрміз. Фильм үстінде жуынбаған адамның 4D-эффектісі ешкімге де таңғажайып әсер сыйламайтыны белгілі. Жеке адам тазалығы тақырыбындағы бұл мәселе шешілетін күн болса, шіркін...

Орындықты теппеңіз


Алдағы орындықты тек орталық жүйке жүйесі зақымданған немесе бала кезінен гипербелсенділік әдеті қалмаған адамдарда ғана бар. Тіпті өзінің аяғы әлдекімнің отырған орындығын теуіп жатқанын да байқамайтындар болады. Егер дәрігердің арнайы анықтамасы болмаса, сіздің мұндай көргенсіздік көрсетуге құқыңыз жоқ. Тек тебу ғана емес, жаныңыздағы немесе алдыңыздағы қатардағы орындар бос болса, ол жерге аяғыңызды көтеріп отыруға да болмайтынын ескеріңіз.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: lookatme.ru

A. Mustafina