Жылқы жануары жайлы үздік фильмдер

Жылқы жануары жайлы үздік фильмдер

Шығыс күнтізбесі бойынша 2014 жыл Жылқы жылы саналады. Жылқы малының қазақ халқы үшін орны бөлек. Саусаң қымыз, жесең ет, мінсең көлік болған қасиетті жануар жеті қазынаның біріне саналады. Әдетте қазақ халқын жылқы мінезді деп жатамыз. Жылқы – текті, қасиетті мал. Шөпті таңдап жейді, судың тұнығын, тазасын ішеді. Жылқы туралы көп нәрсе айтуға болады. Бүгін сіздерге жаңа жылқы жылына орай жылқы жануарына қатысты 8 үздік фильм ұсынамыз.

«Мисти» (1961)

Вирджиния атты шағын қалада жергілікті тұрғындар әр жыл сайын жылқы сату көрмесін ұйымдастырады. Марин және оның інісі Пол Фантазия атты мініс бие мен оның Мисти атты құлынына қол жеткізгісі келеді. Бірақ бұл жылқылардан дәмелі адамдар көп еді. Жас балалардың арманының орындалуы үшін жергілікті қайырымды адамдар жәрдем етеді. 

Шыққан жылы: 1961

Елі: АҚШ

Жанры: отбасылық, драма

Рөлдерде ойнаған: Пэм Смит, Дэвид Лэдд, Энн Сеймур

Ұзақтығы: 91 мин

"Аңыз" ("Миф", 1985)

Қиял-ғажайып ертегісіндей қызыққа толы бұл кино талайдың қызығушылығын тудырды. Режисер Ридли Скот ертегіге толы әлемнің қай жерде жыл он екі ай жаз орнағанын, қай жерде жабайы тіршілік өмір сүретінін тамаша көрсете білген. Ғажайып мекенді әппақ қардай мүйізді екі жылқы күзетеді. Бір күндері Джек есімді «орман тұрғыны» Лили ханшайымға бұл кереметті көрсетпекші болады. Ханшайым болса мүйізді жылқылардың сұлулығына деген қызығушылығын жеңе алмай, сыртынан сұқтанған зұлымдыққа мүмкіндік жасап береді. Бұл туралы білген Зұлымдық билеушісі әдемі әлемді мәңгілік қара түнекке айналдыруды көздейді. Басты рөлді бүгінде 28 жасқа толған жас Том Круз сомдайды. Фильм «Оскар» сыйлығының «Үздік бояу» аталымын жеңіп алған.

Шыққан жылы: 1985, 28 тамыз

Режисер: Ридли Скотт

Елі: АҚШ, Ұлыбритания

Жанры: шытырман оқиғалы, мелодрама, фантастикалық

Рөлдерде ойнаған: Том Круз, Миа Сара, Тим Карри, Дэвид Беннент

 

«Көрікті Қара» (1994)

Көрікті Қараның (Черный Красавец) тарихы туралы 1877 жылы ағылшын романшысы Анна Сьюэлл жазған. Бұл кітап әлі күнге дейін жануарлар жайында жазылған әлемдегі ең тамаша романдардың бірі саналады. Басты кейіпкер - Көрікті Қара лақап атымен танымал тамаша жылқы. Фильмде жылқының өмір тарихы, қайғысы-мұңы, қуанышы, мейірімді иесінен басқа қатігез қожайынға берілуі айтылады. Көрікті Қараны Джо есімді ескі досы сатып алап, қуанышқа орай соңы жақсылықпен аяқталады. Бұл Кэролайн Томпсонның алғашқы фильмі болса, Анна Сьюэллдың экранизацияланған бесінші романы.

Шыққан жылы: 1994

Режисер: Кэролайн Томпсон

Елі: АҚШ, Ұлыбритания

Жанры: шытырман оқиғалы, драма, отбасылық

Рөлдерде ойнаған: Шон Бин, Дэвид Тьюлис, Джим Картер,Питер Дэвисон, Алан Армстронг, Джон МакИнери, Элинор Брон , Питер Кук, Эдриан Росс

Кинокомпания: Warner Bros. Pictures Co.

Музыка: Дэнни Элфмен, Марко Маринанджели

Ұзақтығы: 88 минут

 

«Фаворит» (2003)

Фильмнің желісі америкалық жазушы Лаура Хилленбрандтың ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан хабар беретін кітабынан алынған. Ұлы депрессияның қызған шағы. Адамдардың бірі уақытын жұмыс іздеуге жұмсаса, біреулері жергілікті ипподромға қарай бағыт алады. Сондай сәттердің бірінде алаңнан жаңа жылқы пайда болады. Түсі қара, кішкентай, мығым келген, шамасы бәйгеге арналғандай болса керек. Оның шабандозы – бокстан чемпион атанған, көзі көрмейтін Ред Поллард (Тоби Магуайр) болса, бапкері – «Қауіпті тарпаң» аталған цирк палуаны. Бір кездерде ешкім күтпеген жағдай орын алады: жартылай соқыр шабандоз мінген, ешкім елемеген көріксіз жылқы барлық кедергілерден асып өтіп «1938 жылдың үздік жылқысы» атағын жеңіп алады.

Жанры: Спорт, Драма

Шыққан жылы: 2003

Елі: АҚШ

Режиссер: Гэри Росс

Рөлдерде ойнаған: Тоби Магуайр, Дэвид МакКалло,  Джефф Бриджес, Пол Винсент О`Коннор, Крис Купер, Майкл Инсайн

Ұзақтығы: 140 мин

 

«Арманшыл» (2005)

Фильм өмірде болған оқиғаның желісі бойынша түсірілген. Әкесі мен қызы – біртұтас жандар бір шаңырақтың астында ғұмыр кешеді. Олардың бір біріне деген сезімі тереңде жатса да көп жағдайда түсінісе алмай қалатын. Кішкентай Кейл әкесінен сүйікті атын емдеуді өтінген кезден бастап бәрі өзгереді. Әке мен қыздың арасындағы жаңа өмір, шынайы достық, берік махаббат сол сәттен бастау алады. 

Жылы: 2005

Елі: АҚШ

Режиссер: Джон Гэйтинс

Сценарий: Джон Гэйтинс

Продюсер: Брайан Роббинс, Майкл Толлин, Ашок Амритрадж

Композитор: Джон Дебни

Суретші: Брент Томас, Скотт Плоше, Джуди Л. Рускин

Жанры: драма, отбасылық, спорт

Ұзақтығы: 106 минут

«Винкиге арналған кішкене ат» (2005)

Винки есімді кішкентай қыз Қытайдан Нидерландыға көшіп келеді. Жат өлкеге бірден сіңісіп кету қиындық тудырады. Қуанышқа орай көмекке жаңа досы - әдемі ақ ат келеді. Ақ ат кішкентай қызға көп қайғыра бермеуді, ештеңеге қарамай өмір қиындықтарына қарсы күресуді үйретеді. Бұл фильм мейірімге, сүйіспеншілікке толы. Фильм егер біз шынымен де қаласақ армандар орындалатынын дәлелдеуге тырысады.

Шыққан жылы: 2005

Жанры: отбасылық фильм

Елі: Нидерланды

Режиссер: Миша Камп

Рөлдерде ойнаған: Ян Деклейр, Эбби Там, Хан Йи, Мамун Эльйонусси, Аарон Ван, Салли Хармсен, Лорентц Тойфер, Бетти Шуурман

Ұзақтығы: 1:30

«Флика» (2006)

Фильм америкалық жазушы Мэри О'Хараның «Менің досым Филка» атты романының негізінде түсірілген. Фильмде жабайы жылқымен дос болған қыз туралы көрсетіледі.

16 жастағы Кейти мен 2 жасар жабайы жылқы жапан далада жолығады. Кейтиде жабайы жылқыны ерттеп мінуге деген құмарлық пайда болады. Бірақ Кейтидің әкесі жаңа қызығушылығына қарсы шығады. Ол қызының еркіндікке деген аңсарын бірден түсіне алмайды. Фильмнің негізгі өзегі – таңғажайып табиғат пейзажы мен шебер түсірілім.

Елі: АҚШ, Ұлыбритания

Шыққан жыл: 2006

Режиссер: Майкл Майер

Сценарий: Мэри О’Хара,Марк Розенталь, Лоуренс Коннер

Жанры: отбасылық, драма, шытырман оқиғалы.

Ұзақтығы: 95 мин

(жалғасы бар)

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: tele.ru

Ш. Талап