"Он и она" – көрермен көзімен...

"Он и она" – көрермен көзімен...

Қазан айының оныншы жұлдызында киносүйер көрерменге жол тартқан "Он и она" фильмін кинотеатрдан іздеп барып көрмегендер арамызда бар болса да, оның жарнамасын, түсірліп жатқандығын естіп-білмегендер жоқ болар. Ал біз сол екі топтың қатарында да болып көрдік, яғни, "Ол оның өмірін өзгертеді" деп айғайлаған жарнаманы қарап жүріп фильмді арнайы іздеп, қалалық кинотеатрлардың біріне бас сұқтық.

Әбден сіңіп кеткен әдетіміз бар. Отандық кез келген туындыны шыға салысымен жан-жақтан сынап-мінеп, жер-жебіріне жетіп, аяқтың астына бірақ тастаймыз. Алайда, бұл жолы кинодан кемшілік іздейік, сынайық деп емес, демалуға, отандық туындыны қолдауға бардық.

Тамаша фильм! Жалындаған жастық шақ. Махаббат. Сезім. Жанұя. Алматы. Алатаудың әсем табиғаты. Бәрі де бір-бірімен үйлесім тапқан. Тұнып тұрған романтика! Комедия элементтерімен ұштастырылған фильм күлкіге қарық қылды. "Шіркін-ай, дүниеде ару Алматының ақ жауынына жетер не бар екен? Әсіресе, қолшатырдың астында бірге жүрер сүйіктің болса ғой...". Фильм барысында осындай ойға еріксіз келесіз.

Фильмнің сапасы да, таңдалған актерлер де көңілден шықты. Оңтүстік кореялық дыбыс жазу компаниясының да, М. Лермонтов атындағы драма театр актрисасы Ольга Ландинаның да еңбектері ақталды. Басты рөлдерді сомдаған жас актерлер Жандос Айбасов пен Динара Бақтыбаева Жанна Қуанышева, Бақытжан Әлпейісов, Азат Сейтметов сынды қазақ киносының майталмандары мен әнші Айжан Нұрмағамбетованың шеберліктерінен қалыс қалған жоқ.

Жігіт – Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде 4 курс студенті, әдебиетті сүйеді, бос уақытында сценарий жазумен айналысқанды ұнатады және болашағына сенеді. Бала кезінде астраном болсам деп армандағынымен, ата-анасының қалауымен экономист мамандығын таңдаған. У-шуды, көңілді кештерді, ішкіш қыздарды жақтырта бермейтін, жалғыздықты құп көретін жігіт алдағы өзгерістерден мүлде бейхабар. Ата-анасы – инженер, сүп-сүйкімді қарындасы да бар. Әйелінен қорқатын әкесі футбол көруді, газет оқуды және ішуді құп көреді. Әйелінен тығылып жүріп ішімдікке құмары қанатын отағасының әрекеттері күлкілі болғандығымен, бүгінгі заманның ащы шындығы.

Бозбала қарапайым күндердің бірінде Алматыдағы метродан араққа тойып алып ес-түссіз күйінде пойыз астына түсіп кете жаздаған бойжеткенді көріп, құтқарып қалады. Барлығы да осы сәттен басталды. Әдемі, қолаңшашты, бірбеткей, дөрекі қыз жігіттің жүрегін оп-оңай жаулап алады. Ештеңеден қорықпайтын, бір сәтте бәрін де қопарып жіберуге бар арудың ішкі жан дүниесіне үңілсеңіз мейірім ұшқындарын байқай аласыз. Бос уақытында жетімдер үйіндегі балаларға кітап оқитын қыздың әрекеті еріксіз сүйсінтеді.

Сюжеттер аз болды ма, әйтеуір қыз бен жігіттің сезімдері ашылмай қалды, бәрі де тез болып кеткендей. Тіпті сезімнің қалай пайда болғанын білмей қалдық. Күндердің күнінде қыз ештеңе айтпастан жоқ болып кетеді де, сонда жігіт он жыл бірге жүргендей қызға хат жазады. Араларында махаббат бар екендігін сонда ғана түсіндік. 

Хатты алған қыз жігітті Панфилов саябағына шақырып, шетелге оқуға кететіндігін айтып, қолына сәлемдеме ұстатады да, өзі кеткеннен кейін ғана ашатындығына уәде бергізеді. Ештеңені түсінбеген жігіт өмірін гүлдендірген кемпірқосағын қимастан қалып қойды.

Қыздың аманатының орындалу сәттері – фильмнің ең романтикалық тұсы. Қыз шарты бойынша жігіт әр жексенбі сайын тапсырмаларды орындап тұруы керек. Өзім оған "сезімдер жексенбісі" деп ат қойдым. 

Бірінші жексенбі. Монами кафесіндегі сценарий жазуға арналған орыннан Алатаудың керемет көрінісін байқайсыз. Жігіт кейіннен осы жерде бала кезден бергі арманына жетіп, ірі компаниялардың бірімен келісімшартқа отырады.

Екінші жексенбі. "Кітаптар қалашығы" ("Книжный город"). Қыз берген бағыт бойынша тапқан кітабын жетімдер үйінде оқып жүріп, жақсылық жасаудың не екендігін түсінеді, ағылшын тілін үйреніп алады.

Үшінші жексенбі. 247-80-11 нөміріне қоңырау шалу. Қыз жігітке телескоп сыйға тартып кетеді. Оны қариядан барып алаы. Жігіт енді бала кездегі армандарын ақиқатқа айналдырып, аспан әлемін, жұлдыздарды зерттей бастайды.

Төртінші жексенбі. Хат. Қызбен қоштасқан Панфилов саябағындағы орындықтардың бірінде соңғы тапсырманы – хатты оқиды. Қыз өзінің ауыр науқас екендігін, шетелге өте қиын ота жасатуға кеткендігін мойындайды. О баста жай ғана уақытты өлтіру үшін пайдаланғандығымен уақыт өте келе қатты бауыр басып қалғандығын жазған екен.

Жігіт қатты қиналады. Ол енді осы оқиға туралы вконтакте желісінде парақша ашып сезімдері туралы жаза бастайды. Оқырмандары да көбейе түседі. Тіпті, өзінің бастарынан өткен оқиғалар хақында жазған сценариі үлкен компанияның көңілінен шығып, келісімшартқа қол жеткізеді. Бәрінің де сұрайтыны біреу – "оқиғаның соңы қалай аяқталады?" Сіздің де білгіңіз келе ме, ендеше кинотеатрға қарай асығыңыз.

Айтпақшы, фильмнің "Он и она" деп атаулының да өз себептері бар. Фильмде ешбір кейіпкердің есімі аталмайды. Қыздың да, жігіттің де, екінші жоспардағы қаһармандардың да есімдері белгісіз. Бұл да фильмнің бір ерекшелігі деп айтар едік.

Сондай-ақ, "Он и она" мелодрамасында өзімізге бұрыннан таныс "Спешите любить" және "P.S. I Love You", "Сладкий ноябрь" фильмдеріндегі бірнеше сюжеттердің (қыздың тастап кеткен аманаты, телескоп, қыздың жігітті өзгертуі, қыздың өз айтқанымен жүретін бірбеткейлігі т.б) қайталанатыны көзге оғаш көрінді. Бұл туралы сценарий авторы және режиссер Сәкен Жолдасов білмей ме, әлде...

Сол баяғы Шымкент туралы стереотиптер: шымкенттіктерге тән боқауыз сөздер, шымкенттік "Opel" автокөлігі, көлік құжатын сатып алу мәселесі қалыс қалған жоқ. Ішімдікке, маскүнемдікке де көп орын бөлінген. Және әйел мәртебесінің жоғарылығы бірден байқалады. Қыздың да, жігттің де әкелері әйелдерінен өлердей қорқады, мұнан басқа, басты рөлдегі жігіттің қыздан төмен көрінетіні тағы бар.

Фильмде жігіт бөлмесінде ілінген суреттердегі кейіпкерлердің сөйлеп кетуі көрерменді өзіне жақын тартты. Біз өзіміздің сүйікті актерлеріміз Асылхан Төлепов пен Әнуар Нұрпейісовты көріп көзайым болып қалдық. Жаңа ғасырда әлеуметтік желілердің кең етек алуына қарамастан жастардың хат арқылы тілдесіп, сезімдерін хатқа түсіретіндігі де риза етті. Саундтрек ретінде алынған қазақша әндер мен кейіпкерлердің бірнеше диалогтарда қазақ тілінде тіл қатып жатуы да мақтауға тұрарлық

Фильмнің толық мазмұнын айтып жатпауымыздың себебі – сізге "Он и она" мелодрамасын көріңіз деп кеңес бергеніміз деп біліңіз.

Автор: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com