М.Ю. Лермонтов атындағы орыс драма театры

М.Ю. Лермонтов атындағы орыс драма театры

Орыс драма театры 1933 жылы Алматы қаласында құрылды. Жаңа театрдың алғашқы режиссері Юрий Людвигович Рутковский болды. Театр ашу оңай дүние емес. Сондықтан да театрды құруға Ю. Рутковскиймен бірге Е. Кручинина, З. Морская, С. Ассуиров, М.Бранд сияқты ынталы азаматтар ат салысты. Алғашқы жылдары қойылымдар өте көп болды. Жылына жеті-сегіз премьера өтетін. Авторлардың ішінде драмматургиялық классиктер Гоголь, Фонвизин, Островский, Чехов, Горький, сондай-ақ, шетелдік Шекспир, Гольдони, Шиллер, Мольер мен кеңес драматургтары Погодин, Катаев, Арбузов болды. Қойылымдардың режиссерлері Л. Варпаховский, М. Гольдблат, Г. Товстоногов, Б. Бибиков, О. Пыжова, А. Ридаль болды. Кейін театр режиссурасы Я. Штейн, А. Соломарский, М. Сулимов, С. Казимировский, А. Мадиевский еңбектерімен толықты. 

 Театр ашылғалы бері сахнада тек қызықты әрі мағыналы қойылымдар көрсетілді. Барлық уақытта адамның болмысы жайлы қойылымдар сұранысқа ие болды. Драматургиялық шығармаларды таңдаған кезде басты назар адам болмысын тану, оның мінезін зерттеу мен бар қырынан көрсете білуге аударылды. Өз кезегінде бұл өзекті әлеуметтік мәселелерді қалыптастыруға жол ашты. Адам және қоғам соңғы он жылдағы қойылымдардың басты тақырыбы болды. Бұл ұстаным мына қойылымдарда айқын бейнеленді: Ф. Абрамов «Две зимы и три лета», А. Вампилов  «Свидание в предместье», «Прошлым летом в Чулимске», «Утиная охота», Д. Вассерман «Человек из Ламанчи», В. Розов «Гнездо глухаря» және «Кабанчик», В. Шукшин «Энергичные люди», В. Арро «Пять романсов в старом доме», П. Шеффер «Амадей», А. Галин «Ретро», Н. Лесков «Расточитель», Ф. Абрамов «Дом», Ю. Домбровский «Факультет ненужных вещей» т.б.


Орыс театрының қазақ классикалық драматургиясына деген қызығушылығы өте жоғары болды. Театр сахнасында М. Әуезов «Қобыланды», «Түнгі сарын», Ғ.Мүсірепов «Махаббат дастаны» қойылды. Сондай-ақ, қойылымдарға қазақ театрларының актерлері қатысты. КСРО Халық әртісі Х.Бөкеева «Иван Грозный» қойылымында Мария Темрюковнаны, А. Жолымбетов патша баласын, КСРО Халық әртісі Ш.Айманов «Глубокие корни» қойылымында Бретті, КСРО Халық әртісі Н.Жантөрин Ғ. Мүсірепов «Порт-Артур» қойылымында Звонаревті ойнады. Бұл жұмыстар үздік қойылымдардағы біртума ойын болды.

1964 жылы М.Ю. Лермонтовтың 150 жылдық меретойына орай театрға ақын есімі берілді. Біраз жылдан соң театрда К. Паустовскийдің «Поручик Лермонтов» пьесасы сахналанды. Лермонтов бейнесін ҚР еңбек сіңірген әртісі Г.Балаев сомдады. Алматының тұрғылықты халқы үшін «Лермонтовтықтар» сөзі таңсық емес.  КСРО Халық әртістері В. Харламов пен Е. Диордиев, Қазақ КСР Халық әртістері Л. Кюн мен Л. Майзель, еңбек сіңірген әртіс М. Азовский, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты П. Дубовцев, А. Медведев, Г. Самойлин, Н. Зеленов және т.б. сахна саңлақтарының есімдері өнерсүйер қауымның есінде қалғаны сөзсіз. Бұл әртістер өнерде өз таңбасын қалдырып, театрдың мақтанышына айналды. Театр өз әртістерімен танымал. Бұл күнде көрермендер  театрдағы  ҚР Халық әртістері Л. Нэльская, Ю. Померанцев, Г. Бойченко, РФ Мемлекеттік сыйлығының иегері М. Толоконников, еңбек сіңірген әртістері Г. Балаев, Н. Долматова, Н. Жмеренецкая, А. Зубов, М. Токарев, Т. Банченко, Ю. Капустин, В. Манихин, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты  М. Ганцева сынды әртістердің қатысуымен өтетін бар қойылымдарды көруге келеді. Театр тарихында ойып тұрып орын алатын ҚР Халық әртісі Л. Темкиннің еңбегі жайлы айтпай кетуге болмайды. 

1969 жылдан бастап 1974 жылға дейін театрды Қазақ КСР Халық әртісі Мар Сулимов басқарды. Оның басқарумен көптеген қойылымдар өмірге келді. Ф. Абрамовтың "Две зимы и три лета" қойылымында режиссер және қоюшы-суреткер болды. 1973 жылы Е.Черняктің пьесасы «Василиса Прекрасная» көрермендерге жол тартты. Бұл қойылым әлі күнге дейін үлкен сұранысқа ие. ҚР Халық әртісі Л. Нэльская Ханум бейнесін сомдаған А. Цагарелидің "Тифлисская свадьба" комедиясы халықтың қошеметіне ең көп бөленген қойылым.

1974 жылы театр Мәскеу қаласына гастрольдік сапарға барғаннан кейін оған «академиялық» деген атақ беріледі.  Бұл атақ жылдар бойы істелген шығармашылық жұмыстың жемісі болатын.

1983 жылы театр ұжымы Ұлттар Достығы орденімен марапатталған. Бұл марапат орыс театрының Қазақ еліндегі  дәрежесі мен еңбегінің белгісі болды.

1983 жылдан бері ҚР Халық әртісі  Рубен Андриасян театрдың көркемдік жетекшісі болып табылады.


Өткен ғасырдың 90-жылдары ескі идеология құлдырап, жаңа негіздің қаланбаған кезінде театр бірқатар қиындықтарға тап болды. Бірақ, театр өз жұмысын жалғастырып, классикалық шығармаларды бейнеледі. Қиын уақыт кезінде сахнада М.Булгаковтің "Собачье сердце" және "Полоумный Журдені", Шолом-Алейхем шығармасының желісімен "Поминальная молитва", А. Чеховтің "Три сестры" және "Дядя Ванясы", А. Островскийдің "Таланты и поклонникиі", В. Шекспирдің "Мера за меру" және "Гамлеті", В. Гюгонің "Собор парижской Богоматериі", А. Камюдің "Калигуласы" қойылды.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев ел мәдениетіне үлкен үлесін қосқан театр жұмысын жоғары бағалап, 2000 жылдың наурыз айында театр ұжымын ерен еңбегі үшін Мәдениет Комитетінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

Форумда талқылау

Фотосуреттер www.tl.kz ғаламтор беттерінен алынған

Ғ. Ұзақ