Демалысқа сөмкені әзірлейміз

Демалысқа сөмкені әзірлейміз
Фото: luxfon.com

Жаз келе жатыр. Демек, демалыс маусымы да басталады. Алыс жолға сапарға шығатын жандар билеттерін алып, 92 жазғы көңіл-күйдің алғашқы парақтарын дайындап жүрген болар. Алдын ала билет алу туралы өткен жазбамызда кеңес берген болатынбыз. Бұл жолы сөмкелерді жинауға мынадай кеңес береміз.

1. Тізім. Өзіңізбен бірге ала кететін заттардың тізімін жазып алыңыз. Ең әуелі баратын жердің ауа райына, табиғи климатына көңіл бөліңіз. Кейін заттарды тізім бойынша жинасаңыз болады. Ешнәрсе ұмытпау үшін, алған нәрселеріңізді тізімнен сызып отырасыз.

2. Киім. Жаздық киімдерді сұрыптап, қайсысын қай уақытта киетініңізді біліп алған жөн. Мысалы, «сауық кештерге көп бармаймын, сондықтан бір көйлек не жейде жетеді» деп ойлап алыңыз. Жағажайға жиі баратын болсаңыз, 2-3 суға жүзетін киімдеріңізді ұмытпаңыз. Бір спорттық киім ала шыққаныңыз да артық болмайды.

3. Аяқ киім. Көп аяқ киімнің қажеті жоқ. Кроссовка, жағажайға киетін ыңғайлы аяқ киім және жейде не көйлекпен киюге болатын аяқ киім алсаңыз болғаны. Аяқ киімдеріңіз ыстық күндері аяғыңызға зақым келтірмейтін болсын.

4. Гигиеналық заттар. Жеке бас гигиенасына арналған заттардың тізіміне сабын, сусабын, тіс пастасы мен тіс щеткасы, күннен қорғайтын крем, жәндіктерден қорғайтын спрей секілді маңызды бөлшектерді енгізуді ұмытып кетпеңіз. Ерлер қырынуға арналған «көмекшілерін», ал нәзікжандылар боянатын заттарын ұмыт қалдырмасы анық.

5. Жылы киімдер. Ыстық жерге бара жатсаңыз да, жылы кардиган ала шығыңыз. Түнгі ауа салқын болса, жаңбыр жауа қалса, керек болары сөзсіз. Қолшатырды да шабаданыңызға салыңыз.

6. Дәрі-дәрмек. Үйден жыраққа шыққанда, сөмкеңізге дәрі-дәрмектер салып қойыңыз. Стерильді дәке, йод, пластырь, қызу түсіретін, бас ауруы, тыныштандырғыш, асқазан ауруының дәрілерін және медициналық бетпердені ұмытпау керек.

7. Сөмкені жинау. Бағалы әрі сыну қаупі бар заттарды киімдермен орап, сөмкенің не шабаданның түбіне салған дұрыс. Аяқ киімдерді де сөмкенің түбіне салыңыз, ал киімдерді орама секілді етіп орап салған ыңғайлы. 

Г. Берік