Samsung Galaxy S5 Neo сатылымға шықты

Samsung Galaxy S5 Neo сатылымға шықты
Фото: articles.latimes.com

Samsung компанияcы әдеттегідей таныстыру рәсімін өткізбестен жаңа өнімін нарыққа шығарды. Нақтылап өтсек, Оңтүстік Корея басылымдары Galaxy S5 Neo смартфонының сатылымға шыққанын ресми түрде хабарлады.

Салмағы 145 грамм болатын гаджет әзірге белгіленген елдерде ғана сатылымға қойылған. Оңтүстік Кореядан басқа, Голландияда (Еуропа) жаңа аппаратты небәрі 470 еуроға сатып алуға болады.

Техникалық мүмкіндігіне келер болсақ, өнім Android 5.1.1 Lollipop оперативті жүйесімен жабдықталған. Одан бөлек 5,1-дюймді Super AMOLED дисплейі 432 PPI деңгейіндегі тығыздыққа ие. Ал гаджеттің негізі 1,6 ГГц жиілікте жұмыс істейтін 8 ядролы Exynos 7580 процессорынан құралған. Сонымен қатар, оперативті жады – 2 ГБ, ал қосалқысы 16 ГБ көлемге ие. GPS, Bluetooth, NFC және Wi-Fi модульдерімен қатар, смартфонның алдыңғы камерасының сапасы -  5 МП.

Samsung аппараты алтын, күміс және қара түсті типтерде сатылымға шыққан. Смартфонның енді қай елдерде сатылымға шығатыны белгісіз. 

Ж. Өрісбай