Mozilla жаңа интернет-дүкен ашты

Mozilla жаңа интернет-дүкен ашты

Mozilla компаниясы Android-қа арналған интернет-дүкен ашты. Бұл туралы ұжым басшылығы компанияның ресми блогында хабарлады. Дүкен Firefox Marketplace деген атқа ие болды.

Дүкен қазір бета режимінде жұмыс істеп тұр. Мұнда әзірге түрлі категорияларға бөлінген онға жуық тегін таратылатын бағдарламалар орналастырылған. Басшылықтың айтуынша, 2013 жылы сайттың толық нұсқасы іске қосылатын болады. Бұл нұсқада интернет қосымшаларды сатып алу мүмкіндігі қосылмақ.

Firefox Marketplace-тегі бағдарламалардың барлығы уеб-қосымшалар болып табылады. Бұл тұрғыда дүкен Chrome браузерінің құрамына кіретін Chrome Web Store-ға ұқсас. Қос сервистің жалғыз айырмашылығы мынада. Firefox Marketplace Android платформасында жұмыс істейтін мобильді құрылғыларға арналған қосымшаларды ұсынса, Chrome Web Store компьютерлерге арналған бағдарламаларға арналған.

Firefox Marketplace соңғы Firefox мобильді браузерінің құрамына енген. Интернет-дүкенді қолданып көргісі келгендер Mozilla-ның сайтынан Firefox браузерін жүктеп алуы керек. Содан соң "Опции" мәзіріндегі "Приложения" (Apps) пунктін таңдап, белгі қою керек. Бұл қызметтерді қолдану үшін 2.2 және одан кейінгі нұсқадағы Android платформасымен жұмыс істейтін құрылғы қажет болады.

Айта кетелік, Mozilla бұдан басқа компьютерлерге арналған уеб-қосымшалар сататын интернет-дүкенге иелік етеді. Компания сонымен қатар, мобильді құрылғыларға арналған Firefox OS деп аталатын операциялық жүйе жасауда. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, аталған платформадағы алғашқы аппараттар 2013 жылы жарыққа шыға бастайды.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: zdnet.com