Робототехнология жануарлар әлеміне енді #2

Робототехнология жануарлар әлеміне енді #2

Басы 

Робототехнологияның дамуын көздеген Festo компаниясы ғаламды өз мүмкіндіктерімен таңғалдырып келеді. Компания Германияда өтетін Hannover Messe ғылыми технологиялар көрмесіне үш туындысын әзірлеген: робот-құмырсқалар, құбылғы (хамелеон) тілінің механизмі бойынша роботталған жүйе, және де таңғажайып робот-көбелек. 

Festo компаниясының робот-көбелектері Табиғат Ананың көбелегі тәрізді нәзік. eMotion Butterflies деген атауға ие көбелекті BionicOpter инелігінің негізіне қарап отырып жасаған. Робот-көбелектер бірге және бөлек ұшып жүре береді. Жолындағы кедергілерден де еш қиындықсыз өте алады. Бұл қозғалыстардың бәрі ішінде орнатылған арнайы навигациялық GPS-есептеуіштер мен инфрақызыл камераның көмегімен жүзеге асырылып отырады. «Робот-көбелектердің әрқайсысында инфрақызыл қондырғылар орнатылған. Ол орталық компьютермен ақпарат алмасу үшін керек»,- дейді инженерлер. Мысалы, робот-көбелек бір нүктені нысанаға алса, бұл ақпарат компьютерге жолданады. Ал компьютер көбелектің бұл нүктеге бару-бармауын реттеп отырады.

Табиғатта кездесетін көбелектің барлық болмыс-бітіміне ие болмаса да (гүлден шырын алу, көбею, т.б.), сырт тұлғасын дәл бейнелеп, өзгелерімен қарым-қатынасқа түсе алады. Олардың әрқайсысының ұзындығы 50 сантиметр,  ал салмағы бар-жоғы 32 грамм. Қанаттарын қағу жиілігі, жылдамдығы да шынайы көбелектер тәрізді. Олар қанатын 1Гц-тан 2 Гц-ке дейінгі жиілікпен қағады. Бұндай жиілікпен көбелек секундына 2,5 метр ұша алады. Оның тек 4 минут қана ұша алады. 4 минуттан соң, 15 минут қуатын толтырады.

 Сурет: fr.canoe.ca
Е. Жұмабайұлы