Virgin Galactic – ғарышқа туристерді тасымалдайтын кеме

Virgin Galactic – ғарышқа туристерді тасымалдайтын кеме
Фото: vk.com

Ричард Бренсонның Virgin Galactic кемесінде профессор Стивен Хокингке арнайы орын дайындалған. Ал, аталмыш кеме жай ғана саяхат жасауға емес, нағыз ғарышқа аттануға арналған көлік болып шықты.

Хокинг бұл жаңалықпен Good Morning Britain бағдарламасында бөліскен еді: «Ричард Бренсон маған Virgin Galactic кемесінен орын ұсынды, ал, мен сол сәтте келісімімді бердім».

Компания жақын арада ғарышқа саяхат жасайтын коммерциялық турлар ұсынбақ. Әзірге бұл туралы ешқандай нақты ақпарат жоқ.  

Ричард Бренсон өзін Хокинг дарынына табынушылар қатарына қосады. Ол 2015 жылы берген сұхбаттарының бірінде: «Профессор Хокинг мен ессіз сыйлайтын адамдар тізіміне енеді. Ол — нағыз данышпан, оның жұмыстары әлемнің кереметтерін көруге мүмкіндік берді. Осыған қарамастан, ғалым адам қалпын сақтап қалды. Хокинг – Virgin Galactic кемесіне тегін билет алған жалғыз жолаушы».

Иә, сіз де бұл жаңалықты естіп таң қалып отырған шығарсыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та жаңа ашылулар мен технологиялар адам өміріне өзгеріс енгізіп жатыр. Осыған орай, жаңа мамандық түрлері де күн өткен сайын артып келеді. Ғарыштық гид, биохакер, робоэтикалық адвокат — бұлар болашақта пайда болатын мамандықтардың бірнешеуі ғана.

Microsoft корпорациясы демеушілігімен The Future Laboratory ұйымы еңбек нарығының даму болжамын жасады. Олар 2025 жылға қарай беделді болатын 10 мамандық тізімін ұсынып отыр. Олар: виртуалды әлем дизайнері,робоэтикалық адвокат, сандық мәдениет шолушы, биохакер, адам денесінің дизайнері, интернет заттар администраторы, ғарыштық гид, тұлға кураторы, табиғи ортаны қайта жаңғыртушы инженерлер, тұрақты энергетика новаторы.

Ал, таңқалмай көріңіз.

Сізді білмеймін, бірақ мен The Future Laboratory ұйымы ұсынған еңбек нарығының даму болжамы қалжың болар деп үміттенемін. Әрине, үнемі жетіліп отырған дұрыс. Алайда, дәл осы мәселеге қатысты адам ретінде жүрегім дауламайды. Жоғарыда көрсетілген тізімдегі мамандықтар тек фантастикалық фильмдерде ғана кездесуі жалғаса берсін. Табиғат-Анадан алшақтамай, үйлесімділікті жоғалтпай, адами өмір сүруге не жетсін?!

А. Оралқызы