Эльмира Сыздықова Ресейдегі халықаралық турнирде қола жүлдегер атанды

О Сансызбай Корреспондент
Эльмира Сыздықова Ресейдегі халықаралық турнирде қола жүлдегер атанды
Фото ©️ @Евгения Шихалеева

Красноярскіде (Ресей) еркін күрес пен әйелдер күресінен "Ярыгин кубогы" халықаралық турнирі аяқталды. Қазақстандық балуан қыз, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова үшінші орыннан көрінді.

БӨЛІСУ

Гран-При санатындағы рейтингтік турнирде қазақстандық балуандар да бақ сынады. Еркін күрестен Асхат Слямханов (-70 кг) пен Абзал Өкенов (-50 кг) жүлделі орынға ілікпеді. Асхат 5-орын алса, Абзал 10-орыннан көрінді.

Қыздар арасында 76 кг-ға дейінгі салмақта боз кілемге шыққан Эльмира Сыздықова алғашқы белдесуінде моңғол қызы Загардулам Найгалсуренді (4:1) жеңді. Алайда одан кейінгі кездесуінде жапон Хироэ Судзукиге жол беріп алды. Күншығыс елінен келген спортшы финалға дейін жетіп, Эльмираға қола медальға таласуға мүмкіндік туды.

Қазақстандық балуан қыз үшінші орын үшін өткен белдесуде өзбек Шахрибону Эллиеваны 12:2 есебімен айқын жеңіп, жүлделі орынға ілікті.

"Ярыгин кубогы" турнирінде жүлде алған балуандар рейтингтік ұпайларға да ие болады. Жеңімпазға - 8 ұпай, екінші орын иегеріне 6 ұпай беріледі. Қола жүлдегерлер 4 ұпайдан еншілейді.  

Айта кетейік, еркін күрестен екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған кеңестік балуан Иван Ярыгинді еске алуға арналған турнир биыл 30-шы рет ұйымдастырылды. Халықаралық турнирге 17 елден келген 190-ға жуық балуан қатысты.