Геннадий Головкин Алматыдағы бокс кешіне келмейді

О Сансызбай Корреспондент
Геннадий Головкин Алматыдағы бокс кешіне келмейді
Фото ©️ tengrinews.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBA, IBF IBO және WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына отандасымыз Геннадий Головкин Алматыдағы бокс кешіне келмейді. Бұл туралы боксшының менеджеріне сілтеме жасап vesti.kz сайты хабарлады.

БӨЛІСУ

- Головкиннің Алматыдағы бокс кешіне келуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл о бастан оның жоспарына кірмеген, - дейді Олег Герман.

Оның айтуынша, Геннадий Головкиннің командасы Алматыға келу туралы ақпарат таратпаған. Қазіргі таңда боксшы отбасымен АҚШ-та демалысын өткізуде.

Алматыдағы бокс кешін ұйымдастырушы «Tiger Promoution» компаниясының промоутері Рустам Абдусаламов боксшының бұл кешке келуге ауызша келісім бергенін айтты.

- Біз Геннадий Головкинге Алматыдағы бокс кешінің құрметті қонағы болуға шақырту жібердік. Осы кештегі басты жекпе-жекке шығатын бірінші ауыр салмақта IBO тұжырымы бойынша құрлықтық чемпиондық атаққа ие, «Global Boxing Council» нұсқасы бойынша әлем чемпионы Иса Ақбербаевпен телефон арқылы сөйлескенде, GGG келетінін айтты, - деді Рустам Абдусаламов.

Айта кетейік, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніндегі үлкен бокс кеші 24 қыркүйек күні өтеді. Бұл шара Қазақстан Республикасының 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерекесіне арналып отыр. Бокс кешінің басты жекпе-жегі бірінші ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Иса Ақбербаев пен неміс Майк Курцвейл арасында өтеді.