Жазира Жаппарқұлдың жеңген ақшасы сіңілісінің еміне жұмсалмақ

Жазира Жаппарқұлдың жеңген ақшасы сіңілісінің еміне жұмсалмақ
Фото: tengrinews.kz

Ауыр атлетикодан Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл, өзіне тиесілі қаржының барлығын сіңілісінің еміне жұмсамақ. 11 жастағы Альфия есімді ару церебралды сал ауруымен ауырады екен.

Рио төрінде күміс медальді иемденген арудың жақындарымен телефон арқылы тілдескен сәті осыдан біраз күн бұрын ғаламтор бетіне шыққан болады. Сол кезде, толқып тұрған спортшының "сен үшін алдым ғой", деп ағынан жарылып сөйлеп тұрған сәті таспаға басылып қалған екен. Аталған бейнероликке спортшының өзі былай деп жауап берді: "Менің сіңілім церебралды сал ауруымен ауырады. Мен оның сауығып кеткенін қалаймын және сол үшін аянбай тер төгіп жүрмін. Сіңілімді емдету үшін қомақты қаражат керек. Енді менің еншімдегі ақшаның барлығы Альфияның еміне жұмсалады. Ал, мойнымдағы медальді және Риодағы жеңісімді еліме арнаймын".    

Естеріңізге сала кетсек, Жазира Жаппарқұл 11-ші тамыз күні ауыр атлетикодан 69 келіге дейінгі салмақта күміс медальді иемденген. Қытай елінің спортшысынан айласын асыра алмаған себебі, Жазира жарақатына байланысты екен. Бұл туралы журналистер қауымына өзі айтып берді.    

B. ZHAQSYMBET