Рио олимпиадасында өзге елдің намысын қорғайтын қандастарымыз

Рио олимпиадасында өзге елдің намысын қорғайтын қандастарымыз
Фото: secundatv.ro, new.baistars.kz

Шетелде тұратын үш қандасымыз Рио Олимпиадасына жолдама алған, тағы бір спортшы әлі жолдамалар үшін таласта бақ сынап жатыр. Қазір сол жолдама алған үш спортшының екеуі Рио Олимпиадасына баратыны белгілі.

Олардың бірі Қытайда туып-өскен қандасымыз Ерланбек Кәтейұлы. Ол биыл наурыз айының ортасында Астанада өткен күрестен Рио Олимпиадасына Азия елдері арасындағы іріктеу жарысында жолдама ұтып алды.

Ерланбек Кәтейұлы Қытайдың Алтай аймағына қарасты Қызылтас қалашығында дүниеге келген. Ол 2010 жылы Қытай біріншілігінде 65 келі салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанып, осы елдің ұлттық құрамасына алынған.

 

Ерланбек Кәтейұлы әлемдік жарыстарда Қазақстан балуандарымен бірнеше рет кездескен. Ол 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында қола медаль иеленген.

Осы жарыстың бірінші айналымында ол қазақстандық Дәурен Жұмағазиевті жеңіп, ширек финалда үндістандық, Лондон олимпиадасы қола жүлдегері Йогешвар Дуттан жеңіліп қалған. Ал қолаға таласта солтүстік кореялық Кан Чин Хукты жеңді. Бұл Ерланбек Кәтейұлының халықаралық жарыстағы алғашқы медалі еді.

Естеріңізге сала кетейік, Ерланбек қытайдағы қазақтар арасынан Олимпиадаға бара жатқан үшінші қандасымыз. Оған дейін грек-рим күресінен Әлнұр Төргеұлы, бокстан Қанат Ислам Олимпиадада қытай атынан өнер көрсеткен болатын.

Өзге ел атынан Риоға баратын екінші қандасымыз - Өзбекстан құрамасында жасындай жарқырап жүрген Ермұрат Тасмұратов.

 

Ермұрат бауырымыз Моңғолия астанасы Ұланбатырда өткен күрес түрлерінен Рио Олимпиадасына іріктеу бәсекесінде жолдаманы қанжығасына байлады.  Бұл оның екінші қатысқалы отырған Олимпиадасы. Ол осыдан төрт жыл бұрын Лондон Олимпиадасына қатысқан. Алайда, жеңіс тұғырына жете алмады.

Елмұрат Тасмұратов грек-рим күресінен Азияның үш дүркін чемпионы, сондай-ақ, әлем біріншілігінің екі мәрте жүлдегері.

Ол Бекзат Саттарханов атындағы спорт интернатының түлегі. Ұлттық құрамаға қабылдана алмағандықтан, Өзбекстан атынан шығып жүр. Ол 2010 жылы Өзбекстан азаматтығын алған. Биыл Риода өзбек елі қазақ баласынан үлкен үміт күтіп отыр.

Ал Риоға жолдама жеңіп алып, өкінішке қарай Олимпиадаға жолы болмаған тағы бір қандасымыз бар. Ол да Өзбекстан елінде бокстан сол елдің намысын қорғап жүр. Оның есімі - Елнұр Әбдірайымов.

 

Ол 2015 жылы қазан айында Катар астанасы Дохада өткен бокстан әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасына қола жүлде сыйлап қана қоймай, Рио Олимпиадасына жолдама жеңіп алған болатын.

1994 жылы Ташкент облысына қарасты Бостандық ауданында дүниеге келген. Кейбір деректерге сүйенсек, әкесі Нұрғали бокстан жаттықтырушы болып қызмет етеді.

Елнұр қазір 60 келі салмақ дәрежесінде  өнер көрсетіп жүр. Осы әлем біріншілігіне дейін бірнеше халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанған.

Алайда осы 60 келі салмақ дәрежесінде өзбекстанның тағы бір боксшысы Хуршид Тожибаев APB жобасы аясында Олимпиада жолдамасына қол жеткізеді. Сонымен жергілікті бапкерлер кеңесі ақылдаса келе, Елнұрды қалдырып, Тожибаевты Олимпиадаға апаратын болып шешеді. Осылайша қандасымыз жолдама жеңіп алғанымен, Олимпиадаға бара алмайтын болды.

Ал жолдамаға таласып жатқан төртінші қандасымыз құрлықтың арғы бетінде жүр. Ол осыдан екі жыл бұрын Бразилияға кеткен қазақстандық балуан - Марат Гарипов

 

Бұл балуанымыздың қазір Бразилия құрамасымен бірге ел ішіндегі Сан-Паулу, Рио-де-Жанейрода өтетін бірнеше іріктеуге қатысып жатқаны туралы ақпарат алдық. Демек, ол жақта іріктеу жарыстары әлі өтіп жатыр деген сөз. Егер осы сындардан сүрінбей өтсе, бұл бауырымызды да Риода бозкілем төрінен көріп қалуымыз ғажап емес. Жуықта Бразилия күрес федерациясы Марат Гариповтың оcы елдің төлқұжатын алғанын растаған болатын.

Міне, біздің қазақ спортшылары бірі шетелде туып, сол елдің намысын қорғап жүрсе, бірі өз елінде туып, өзге елдің атынан сынға түсіп жүр. Бұл бауырларымызға қайда жүрсе де, сәттілік болсын деп тілейміз!

Дереккөз: inform.kz

Е. Жұмабайұлы