Хоккейден Қазақстан құрамасы Францияны ұтты

О Сансызбай Корреспондент
Хоккейден Қазақстан құрамасы Францияны ұтты
Фото ©️ vesti.kz

Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионаты алдындағы дайындығын шыңдау мақсатында Франциямен жолдастық кездесу өткізді. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен ойында 6:3 есебімен отандастарымыз жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

Андрей Назаров жаттықтыратын Қазақстан құрамасы сапынан Роман Старченко, Дастин Бойд, Найджел Доус, Брэндон Боченски, Максим Семенов пен Евгений Рымарев бір-бір шайбадан еншілеріне жазды. Ал француздар Қазақстан құрамасының қақпасына үш шайба соқты.

Қазақстан құрамасы Франциямен өтетін ойынға дейін екі жолдастық кездесу өткізген болатын. Будапештте мұз айдын иелері Венгрия құрамасын 3:2 есебімен ұтса, 1 мамыр күні Ресеймен ірі өткен жолдастық кездесуде ірі есеп айырмасымен есе жіберіп алған еді.

Айта кетейік, әлем чемпионаты 6-22 мамыр аралығында Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында өтеді. Отандастарымыз «А» тобында Ресей, Швеция, Чехия, Швейцария, Латвия, Норвегия және Дания құрамаларымен ойнайтын болады. Алғашқы ойынын 7 мамыр күні Швейцария құрамасына қарсы өткізеді. «А» тобындағы құрамалардың ойыны Мәскеуде өтеді. Қазақстан құрамасының ойындарын «KazSport» арнасы тікелей эфирде көрсететін болады.