Азия чемпионатына баратын боксшыларымыз белгілі болды

О Сансызбай Корреспондент
Азия чемпионатына баратын боксшыларымыз белгілі болды
Фото ©️ confederation.kz

25 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Таиланд елінің астанасы Бангкокта бокстан Азия чемпионаты өтеді. Бүгін ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов дүбірлі додаға баратын боксшылардың тізімін жариялады.

БӨЛІСУ

«Astana Arlans» клубының WSB жобасындағы жеңісінен кейін Қазақстан құрамасының сапындағы боксшылар екі рет ірі оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Бірі – Түркия жерінде өтсе, екінші ретте Алматыдағы AIBA академиясында жиылды. Ал Бангкокқа Қазақстан құрамасы 24 тамыз күні аттанатын болады.

Азия чемпионатына 49 келіге дейінгі салмақта Теміртас Жүсіпов, 52 келіге дейін Олжас Сәттібаев, 56 келіде Қайрат Ералиев, 60 келіде Закир Сафиуллин, 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Самат Башенов барады. Бұдан бөлек, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов (69 кг) пен Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) да Бангкокта бақ сынайтын болады. Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов (81 кг), Рио жолдамасын иеленіп үлгерген Василий Левит (91 кг) және Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко (+91 кг) да Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.

Айта кетейік, бүгінде бокстан Қазақстан құрамасының қоржынында Рио Олимпиадасының 3 жолдамасы бар. АРВ жобасы аясында Берік Әбдірахманов пен Біржан Жақыпов, WSB жобасы негізінде Василий Левит жолдама жеңіп алған болатын.