Чемпиондар лигасы. Фавориттер жарысты аяқтай ма?

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасы. Фавориттер жарысты аяқтай ма?

Бүгін футболдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы кезекті қарымта кездесулер өтеді. «Монако» өз алаңында Лондонның «Арсеналын» қабылдаса, леверкузендік «Байер» мадридтік «Атлетикода» қонақта болады.

БӨЛІСУ

«Арсенал» абыроймен жарысты аяқтағысы келеді

Бірінші ойында «канонирлер» ойда-жоқта өз алаңында 1:3 есебімен ұтылып қалды. Қанша шабуылдар ұйымдастырағанымен жолы болмады. Есесіне, «Монаконың» жолы болды. Өздеріне берілген үш мүмкіндікті де пайдалана білді. Нәтижесінде фаворит саналған «Арсеналдың» айы оңынан тумады.

Лондондық клуб бүгін түнде сол есесін қайтаруға тырысары анық. Ол үшін Арсен Венгер шәкірттеріне үш гол соғу керек. Бірақ, «Монако» өз қақпасына көп гол жібермейтін ұжымдардың қатарынан. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өз қақпаларына бар болғаны бір ғана гол өткізді. Клубтың ойын жүйесіндегі негізгі мақсат – өз қақпаларына гол жібермеу. Сәті түссе ғана шабуылға шығады. Бұл француздық клубтың өзіндік ойын жүйесі. Осы арқылы топтық кезеңнен шықты.

Лондондық клубтың жанкүйерлері «Монако» қарсылас атанғанда бір қуанды. Себебі, соңғы екі маусымда Арсен Венгер шәкірттері мюнхендік «Бавариямен» жолығып 1/8 финалдан аса алмаған болатын. Бәлкім, «канонирлер» жанкүйерлері қалпақпен қағып алады деп болжаса керек-ті.

Бүгін «Арсенал» ұтылмауы тиіс. Спорт сарапшыларының болжамын сараласақ, лондондық клуб жеңіске жеткенмен, ширек финалға шыға алмауы мүмкін. Сонымен бүгін түнгі 01:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Монако» жеңісіне – 3,24 коэффициент, тең ойынға – 3,44 коэффициент, «Арсенал» жеңісіне –2,31 коэффициент беріп отыр.

Арсен Венгер, «Арсенал» клубының бас бапкері:

- Біз жарысты аяқтасақ та, абыроймен аяқтармыз. Бірақ, ширек финалға шығу үшін барымызды саламыз. Өмірде кеткен қателікті түзете алмассың, бірақ футболда бәрін түзетуге болады.

Леонарду Жардим, «Монако» клубының бас бапкері:

- Біз нәтиже туралы ойламаймыз, тек футбол ойнаймыз. Бірінші ойында «Арсенал» бізді бағаламады деп қарамаймын. Біз Лондонда мықты ойнадық.

Айта кетейік, ағылшындық футбол ұжымдары бұл маусымдағы Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетіп келе жатқан жоқ. Жозе Моуринью жаттықтыратын «Челси» жарыстан шығып қалса, «Манчестер Ситиді» де «Барселонадан» басым түседі деп айту қиындау. «Ливерпуль» топтық кезеңнен аса алмай, Еуропа лигасының 1/16 финалында жарысты аяқтады.

«Атлетико» ширек финалға шығудан үмітін үзген жоқ

Өткен маусымда Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен мадридтік «Атлетико» бірінші ойында «Байерден» ұтылып қалды. Бірақ, бір доп айырмасы ғана. Бұл нәтиже леверкузендік клубты келесі кезеңге алып шығады деп айту қиындау. Десе де еурокубок жолындағы үш ойындада неміс ұжымы қарсыластарына есе жіберіп көрмеген.

«Атлетиконың» соңғы ойындары сәтті өтіп жүрген жоқ. «Байерден» жеңілгеннен кейінгі үш ойынын да тең аяқтады. Десе де өз алаңы «Висенте Кальдеронда» мадридтік клуб оңайлықпен есе жібере бермейді. Бүгін де алаң иелері фаворит саналуда. Букмекерлік орталықтар «Атлетико» жеңісіне – 1,79 коэффициент, тең ойынға – 3,65 коэффициент, «Байер» жеңісіне – 5,04 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 01:45-те басталады.

Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар. Ойынға италиялық төреші Никола Риццоли қазылық жасайды.

Сурет: AFP, plus.google.com

Оқи отырыңыз

Футболдағы ХХІ ғасырдың ең үздік покер орындаушылары (видео)

"Барселона" футболшыларының жалақылары қанша?

«Барселона» ойыншылары футболдан өзге қандай кәсіппен айналысады?

«Реалдың» Ди Марияны сатуының бір себебі айтылды