«Барселона» ойыншылары футболдан өзге қандай кәсіппен айналысады?

«Барселона» ойыншылары футболдан өзге қандай кәсіппен айналысады?

Бұл күндері каталондық «Барселонаны» білмейтін спортсүйер қауым кемде-кем. Тіпті, жоқтың қасы. Көптеген кәсіпқой футболшылардың спорттық мансабындағы шарықтау шегі осы клуб атымен сәйкес келеді. Футбол ұжымы ойыншыларына аз да қаржы төлемейтіні анық. Десе де көптеген теңбіл доп шеберлерінің футболдан өзге екінші кәсіптері барын бірі білсе, бірі білмей жатады. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға «Барселона» ойыншыларының футболдан кейін тұрған қызығушылықтары мен кәсіптері туралы баяндайтын боламыз.

Лионель Месси

Аргентиналық шабуылшы Испания елінде және туған қаласы Росариода жылжымайтын мүлікке қаржы бөлумен келеді. Футболшының «Limecu 2010 SA» және «El Rincon de Rosario SL»  компаниялары жұмысын жоғары қарқынмен жүргізуде. 2009 жылы Росарио қаласының орталығында 125 метрлік 40 қабатты зәулім ғимарат салған. 7 жыл бұрын негізі қаланған «Limecu 2010 SA» жыл сайын компанияның пайда қорын молайтып отыр. Сондай-ақ, Месси Парана өзені жағасында бой көтеретін тұрғын үй кешеніне үлкен көлемде қаржы бөлген. Қазір нысанда жұмыс қызу жүріп жатыр, алғашқы тұрғын үйлер осы жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. 60 кеме аялдайтын айлағы, бірнеше футбол алаңы, хауыз, теннис корттары бар тұрғын үй кешені үшін компания 20 миллион евроға шығындалып отыр. Бірақ, кейіннен кәсіптің алға басарына күмән жоқ.

Сондай-ақ, Лионель Мессидің «Leo» маркасымен шығатын шарабы да бір табыс көзіне жатады. Аталған ірі жобалармен қатар, футболшы демеушілік ететін келісім-шарттардан шамамен жылына 20 миллион евродай қаржы тауып отыр.

Неймар

18 жасынан Неймар әкесінің басқаруындағы «NR Sports» компаниясының басты «беткеұстары». Компания спортшыға тиесілі есім мен суреттердің құқығын қорғаумен айналысады. Сонымен қатар, компания қызметін тұтынушылар қатарында серфингші Марино Вернек, бразилиялық әнші Алешандре Пирес және тағы басқа жергілікті танымал тұлғалар бар. Дәл осы «NR Sports» өткен жылдың жазында «Playboy» журналымен соттасқан болатын. Оның себебі журнал футболшының жеке өміріне қатысты жалған ақпарат таратуында. Еске салар болсақ, журналдың маусым айындағы нөмірінде «Неймардың көңілін аулаған қара торы қыз» деген тақырыппен модель Патрисия Жорданның суреті жарық көрген болатын. Сот шешімімен Бразилияда осы журналдың маусым айындағы шыққан нөмірлерін сатылымнан алып тастау талап етіліп, орындалған-ды.

Андрес Иньеста

Туған қаласы Фуэнтальбильяда Иньестаның әкесі кішігірім жер телімін сатып алып, жүзім егіп бастаған шаруашылығы қазір футболшының қарапайым шарап өнеркәсібімен жалғасын тапқан. Уақыт өте келе жер көлемі 120 гектарға дейін кеңейіп, өнеркәсіптегі қызметкерлер саны 20-ға жетті.

2013 жылы Иньеста шарап өнеркәсібімен қатар, зәйтүн май (Corazon Loco Oil маркасы) өндірісін, сондай-ақ «Maresyterey SL» компаниясын басқару қызметтерін де өз қолына алған.

Жерар Пике

Бойшаң қорғаушы өз назарын жастарға бұрды. 2011 жылдың қараша айында «Kerad Games» компаниясының негізін қалаған. Қазіргі таңда компанияның қаржы айналымы шамамен 2 миллион евроны құрайды. 30 қызметкері бар компания бейнеойындар әзірлеумен айналысады, соның ішінде «Golden Manager» ойыны да бар. Пике компанияның 80 пайыз акциясына ие, ал қалған пайыздық көрсеткіштері достары мен туыстарына тиесілі.

Сондай-ақ, футболшы сиыр етінен бургер жасайтын «Bas Alimentaria» компаниясының 27 пайыз акциясына ие. Аталған жобалармен қатар, каталондық қорғаушы SICAV компаниясымен жылжымайтын мүлік нарығына да араласады.

Даниэл Алвес

Бұл футболшының Барселонада 5 компаниясы бар. Қазіргі таңда барлығын футболшының бұрынғы әйелі басқаруда. Ал Алвестың өзі қазір жаңа бастамасына назарын көбірек бөлуде. Өткен жылы бизнес-леди Тереза Марти және бас аспаз Жоао Алькантарамен бірігіп бразилия тағамдары мейрамханасын ашқан болатын. Сондай-ақ, мейрамханада дәмді және пайдалы ас әзірлеу бойынша семинарлар жүргізеді.

Иван Ракитич

Хорватиялық ойыншы өзінің жеке жобасын «Севильяда» ойнап жүргенінде-ақ бастаған. 2013 жылы Андалусияда кафе-мейрамханасын ашқан. Сол мекемеде оның жұбайы, әпкесі мен ағасы жұмыс істеген. О баста жұмысы алға баспаған. Себебі, мейрамхана «Бетис» стадионының жанында орналасқандықтан, жанкүйерлер көп бара бермейді екен. Футболшы кейіннен қаланың орталығына өз кәсібін көшіріпті. Десе де Иван Ракитичтың «Барселонаға» ауысуы және «Бетис» жанкүйерлерімен қайта туындаған жанжалдың салдарынан футболшы өз кәсібін уақытша тоқтатып тұр екен.

Иә, үлкен спортта бақ сынап жүрген спортшылар бір ғана бағытпен жұмыс жасап жүрмегені белгілі. Кейбіреулері қосымша кәсіппен қатар, қайырымдылық іс-шараларымен де айналысып жүр. Алдағы уақытта «Барселона» ойыншыларының клубтан жылына қанша қаржы табатыны туралы айтатын боламыз. 

О. Сансызбай