- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Ажал алдындағы арман...
Ажал алдындағы арман
Ағылшындық «Лестер» футбол клубының аустралиялық жанкүйері Тони Скеффингтон сүйікті командасының чемпион атанғанын көріп барып, дүниеден озғанын тілеп жүр. Бұл тілегі – оның ажал алдындағы соңғы арманы екен...
Тони Скеффингтон бір жыл бұрын ауруханаға іші бүріп ауырып түскен. Аделаида қаласындағы аурухана қызметкерлері емдей келе, науқасқа соқырішек обыры деген диагноз қойған. Ал бұл дерттен айығу - ілуде бір де кездеспейді екен. Дәрігерлер Тониге бір айға жетпей қаза табатыны туралы айтқан.
Ағылшындық «Лестер» клубының да өткен жылы чемпион атануы 3 000 коэфициентке бағаланған еді. Тіпті, одан да жоғары болатын. Қазір Клаудио Раньери жаттықтыратын клуб чемпиондық атаққа таласып келеді.
Тони Скеффингтон ағылшын премьер-лигасы аяқталғанша, тірі болуын тілеп жүр екен. Қазіргі таңда оған түрлі оталар жасалып, дәрі-дәрмектің арқасында көрер таңды көзбен атырып келеді. Бірнеше күн бұрын оған ең ауыр ота жасалып, үйіне шығарылған. Ал жағдайы қиындай түскен. Дәрігерлер ағылшын премьер-лигасы аяқталғанша (бір айдан асық уақыт) тірі болса, нағыз таңғажайып болар еді деп топшылап отыр...
Тони Скеффингтон «Лестерге» тегін жанкүйер болып жүрген жоқ. Оның тегі ирланд болып келеді. Әкесі Скеффингтон дәл осы Лестерширде тұрған. Отбасын сонда құрған. Ал Тони болса тарихи туған жері жайлы түрлі аңыздар мен естеліктерді есітіп ғана өскен. Сондықтан да «Лестерге» жанкүйер болып келеді екен.
- Мұнда соккер (футбол) аса танымал емес. Мектепте футбол ойнағанды ұнататынмын. Көршім ағылшындық «Мидлсбро» клубының жанкүйері болатын. Ол Ұлыбританиядан сүйікті командасының түрлі сувенирлерін алдыратын. Маған да бірде «Лестер» клубынан сый жасаған. Іштей «түлкілерге» тілектес болып жүретінмін, - деген Тони бір сұқбатында.
Ауруханада Тони «Лестер» клубы ойнайтын күні оның 10-нөмірлі жейдесін киіп жүреді. Сүйікті командасы жеңіске жетсе, оны күні бойы шешпейді екен. Егер тең ойнаса, команданың түзде киетін жейдесіне ауыстырады. Ал «Лестер» жеңілсе, командасының өткен маусымда киген жейдесін киеді екен. Тағы бір қызығы, Тонидың гардеробы ағылшындық клубтың жейделеріне толы. Оның ішінде өзі арнайы жасатқан «Мен Аустралияда өмір сүргенмен, жүрегім мен жаным «Лестерге» берілген» деп жазылған жейдесі ерекше мәнге ие. Сондай-ақ, ол «Лестер» клубының жасыл құрлықтағы фан-клубын құрушылардың бірі де. Әрине, достары арасында.
- Біздің қалада «Челси», «МЮ» мен «Манчестер Сити» жанкүйерлері көп. Олар маған басында күлетін. Ал қазір бәрі өзгерді, - дейді Тони.
Тони Скеффингтон «Лестердің» чемпион атануы мүмкін екен маусым басында-ақ болжаған.
- Маусым басында әйеліме «Лестердің» чемпион атанатынын айтып, бәс тігуін өтіндім. 2 доллар қойсаң жетеді дедім. Ал ол болса 20 доллар қойыпты. Коэффициент 3000-ға тең болатын. Жақында букмекерлік орталық хабарласып, маусым соңына дейін күттірмей, 35 000 доллар беретінін айтты. Мен келіспеп едім, бірақ үйдегілер соны қанағат деп алды. Бірақ, маған ақшаның керегі не? Ал ақша оларға керек, - дейді Тони.
Тони Скеффингтон «Лестер» клубының ойынын өмірінде өз көзімен барып көрмеген. Барғысы келгенмен, қаражаты болмаған. Жақында ағылшындық клубтың әлеуметтік желідегі форумында Тониға көмек көрсететін жанкүйерлер табылып, оның жолы мен билетінің барлығы ұсынылған. Алайда Тонидың денсаулығы күрт нашарлап, дәрігерлер алыс жол жүруіне шектеу қойған.
Әйгілі шотланд жаттықтырушысы Билл Шенкли:« Футбол – бұл өлім мен өмірдің сұрағы емес, бұл одан да маңыздырақ!» - дейді. Бұл айтылған сөз Тони Скеффингтон үшін жай сөз ғана емес. Оның 16 000 шақырымдағы сүйікті командасы гол соққан сайын, ол да арманы мен ажалына бір қадам жақындап келеді...
О. Сансызбай