- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Илья Ильин: Ағылшын...
Илья Ильин: Ағылшын тілін үйреніп жүрмін
Ауыр атлетикадан Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында 105 келіге дейінгі салмақта топ жарған отандасымыз жарыс соңынан тілшілер мен жанкүйерлер сұрақтарына жауап берді.
- Серпе көтеруде 242 келіні көтере алмай қаламын-ау деп сескенген жоқсың ба?
- Мен жаттығу кезінде 245 келіні көтеріп жүргенмін. Әлем рекордын орнатар әрі шешуші сәтте сескенген жоқпын. Ия, екінші мүмкіндігімді пайдалана алмадым. Онда өзім қателік жіберіп қойдым. 242 келіні де бағындыру – жоғарғы жетістік. Мұнымен тоқтап қалмайтыным анық.
- Бүгінгі жеңісіңді қалай атап өтесің?
- Қызылордадан көптеген достарым келді. Аға мен жарым да бар. Көптен бері көріспеген спорттағы достарым да осында. Мен ән айтқанды жақсы көремін. Бәлкім, караокеге барармыз. Қонақтарға қазақы қонақжайлылығымызды танытамыз деген ойдамын.
- Жеңісіңді кімге арнайсың?
- Қазақстан халқы мен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына арнаймын. Бірінші болып телефон арқылы құттықтады. Қолдау білдірген Президентімізге алғыс білдіремін. Президенттің «Нұрлы жол» бағдарламасы – жеңіске апарар жол!
- Алға қандай жоспарлар қойып отырсың?
- Өзіме біраз демалыс жариялаймын. Үйреніп жүрген ағылшын тілін Лондонға барып дамытып келу жоспарымда бар. Сосын барып Бразилия жерінде өтетін Олимпиадаға дайындығымды бастайтын боламын, - деді Илья.
Баспасөз мәслихатында жүлдегерлер бір-бірімен тығыз байланыста, әрі бір-бірінің қыр-сырын жақсы білетінін де жасырмады. Ильяның өнеріне қол соққан өзбек Руслан Нуридинов жерлесімізді машинаға теңеді.
Айта кетейік, Илья Ильин – төрт дүркін әлем чемпионы атанды. 2007, 2008 және 2011 жылдары әлем чемпионатының шыңын бағындырса, Пекин мен Лондонда өткен Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тақты.
Алатау бөктерінде өтіп жатқан дода бүгін мәресіне жетеді. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын (Зульфия Чиншанло, Жасұлан Қыдырбаев және Илья Ильин), 2 күміс (Жазира Жаппарқұл, Владимир Седов) жүлде бар. Бұл нәтижемен жерлестеріміз алғашқы үштікті қорытындылап отыр.
Сурет: massaget.kz
О. Сансызбай