«Күзгі вальс» халықаралық би турнирінің жеңімпаздары анықталды

«Күзгі вальс» халықаралық би турнирінің жеңімпаздары анықталды

Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген 800-ден астам жұп спорт биінен «Күзгі вальс» халықаралық турнирінің жеңімпаздарын Алматы паркетінде анықтады.

Еуропалық және латынамерикалық билер бағдарламасы бойынша, ел чемпионаты мен жасөспірімдер арасында әлем біріншілігіне іріктеу жарысы қатар өтті. Ақпан айының 9-жұлдызында Италияда жалауын көтеретін әлем додасына екі алматылық жұп аттанатын болды. Олар: Дінмұхамед Қуаныш пен Софья Кишенко, Якоб Шахов пен Дарья Джангарашовалар.

Ересектер арасында бас жүлдені Азия чемпионатының қола жүлдегері, Өзбекстан елінің өкілі Максим Сүлейманов пен Алена Сентябрева жеңіп алды.

"Қазақстанға осындай ірі жарыстарға жиі келуге тырысамыз. Бірінші кезекте бұл тәжірибе алмасу үшін керек. Өйткені, жергілікті спортшылардың шеберліктері жоғары", - дейді халықаралық турнирдің жеңімпазы Максим Сүлейманов.

Ересектер арасында бағын сынаған жерлестеріміз Влад Кравченко мен Айгерім Тоқтарова, Максим Антипин мен Вероника Поповалар екінші және үшінші орындардан көрінді.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: frsk.kz

Ю. НИКУЛЛИН