- Негізгі бет
- Маккала
- 2016 жылғы қазақ...
2016 жылғы қазақ спортындағы тұңғыш тарихи жетістіктер
Мешін жылы – қазақ спорты үшін сәтсіз өтті деп айта алмаймыз. Тарихи жеңістер мен жаңарған рекордтардың да куәгері болдық. Ел үміт күткен спортшылардың да жеңіс тұғырынан көріне алмаған сәттері болды. Әрине, спорттың аты – спорт. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Есесіне ойда-жоқта жарқ етіп шығып, тосын сый жасаған спортшылар да жоқ емес, баршылық. Ендеше 2016 жылғы ел спортында тұңғыш рет тарихи жетістік саналған елеулі оқиғаларға тоқтала кетейік.
Дмитрий Баландин – су спортынан тұңғыш Олимпиада чемпионы!
2016 жылғы қазақ спортындағы ауыз толтырып айтарлық жетістіктердің бірі – Дмитрий Баландиннің Олимпиада чемпионы атануы. 21 жастағы қазақстандық 200 метрге брасс әдісімен жүзуде алдына жан салмады. 2:07.46 минут нәтижесімен Олимпиада алтынын жеңіп алды. Суда жүзу спорты бойынша тәуелсіз Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.
Риодағы жетістігі үшін Дмитрий Баландин екінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Өзі білім алатын қара шаңырақ ҚазҰУ-да спортшының атындағы жүзу бассейні ашылды.
Данияр 69 келіде қазақ боксшылары мықты екенін тағы бір дәлелдеді
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиада ойындарына тұңғыш рет толық құрамда қатысты. 69 келіде Данияр Елеусінов Олимпиада чемпионы атанды. Бұл салмақта қазақ боксшылары Олимпиада ойындарында өз еселерін жіберген емес. Бұл жетістікті Риода да қайталады.
Қазақ боксшыларының Риодағы жетістігі Даниярдың чемпион атануымен ғана есте қалған жоқ. Қайрат Ералиевтің Мұхаммед Әлидің стилінде жұдырықтасуы, Василий Левиттің алтынға бергісіз күмісі де көптің көңілінде қалды.
Ауыр атлет Ниджат Рахимов Риода әлем рекордын жаңартты
Қазақстан құрамасының қоржынына алғаш болып алтын медаль салған Ниджат Рахимов чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты. 77 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған спортшы серпе көтеруде 214 келіні басынан асырды. Бұл рекордтық көрсеткіш болатын. Ал тарихи жеңісінен кейінгі Ниджаттың биі әлем жанкүйерлерінің есінен әлі шыға қойған жоқ.
Олимпиада ойындарында тұңғыш рет қазақ қызы жүлдегер атанды
Олимпиада ойындарында тұңғыш рет қазақ қызы Жазира Жаппарқұл жүлдегер атанды. Ол 69 келіге дейінгі салмақта күміс медальды қанағат тұтты. Кейіннен бұл жолды боксшы қыз Дариға Шәкімова мен балуан Эльмира Сыздықова жалғады.
Қазақстан Олимпиада тарихындағы жүлделер саны бойынша тарихи көрсеткішке қол жеткізді
Қазақстан құрамасы жүлделер саны бойынша Олимпиададағы көрсеткішін жаңартты. Риода жалпы саны 17 медаль жеңіп алды. Отандастарымыз төртжылдықтың басты додасына 1996 жылдан бері қатысып келеді. Сол жылы Атлантада өткен Олимпиадада 11 медаль (3 алтын, 4 күміс және 4 қола) иеленді. 2000 жылы Сиднейде - 7 медаль (3 алтын, 4 күміс), 2004 жылы Афиныда - 8 медаль (1 алтын, 4 күміс, 3 қола), 2008 жылы Бейжіңде - 13 медаль (2 алтын, 4 күміс, 7 қола) жеңіп алған болатын. Ал 2012 жылы Лондонда өткен төртжылдықтың додасы қазақ спорты үшін табысты болған еді. Мұнда қазақстандық спортшылар 13 медаль (7 алтын, 1 күміс, 5 қола) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 12-орынға тұрақтаған-ды.
Риода Қазақстаннан Ниджат Рахымов, Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин алтын алса, Жазира Жаппарқұл, Елдос Сметов, Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Гюзель Манюрова күміс медальға қол жеткізді. Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Ольга Рыпакова, Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, Иван Дычко мен Дариға Шәкімова қола жүлдеге қол жеткізді.
Паралимпиада ойындарындағы тұңғыш алтын медаль
Жазғы Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы тұңғыш рет алтын медальға ие болды. 100 метрге еркін әдіспен жүзуде Зульфия Ғабидуллина жеңімпаз атанды. Жеңімпаз атанып қана қоймай, Паралимпиада рекордын жаңартты.
Үш Олимпиадада жүлде алған тұңғыш қазақ спортшысы
Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден 2012 жылы Лондонда Олимпиада чемпионы, Риода қола жүлдегер атанған еді. Бейжің Олимпиадасында қола жүлдегер атанған грек спортшысы Хрисопия Деветцидің допинг қолданғаны анықталып, қазақстандық спортшы ресми түрде қола жүлдеге ие болды.
Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатында қола жүлдегер атанды!
Қазақстан құрамасы 2-13 ақпан аралығында Сербия астанасы Белградта өткен Еуропа чемпионатында айды аспанға шығарды. Тұңғыш рет қатысқан Қазақстан құрамасы топта екінші орын алып, плей-офф кезеңіне шықты. Ширек финалда фаворит саналған Италия құрамасын 5:2 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Ал жартылай финалда чемпион атанған Испания құрамасы 5:3 есебімен айласын асырып кетті. Нәтижесінде қола жүлдеге таласқан Қазақстан құрамасы Сербияны 5:2 есебімен сан соқтырып, жүлдегер атанды. Бұл – қазақ футзалы тарихындағы тұңғыш тарихи жетістіктердің бірі.
Футзалдан Қазақстан құрамасы Колумбияда өткен әлем чемпионатында да сәтті өнер көрсетті. Топтан екінші орынмен шыққанмен, 1/8 финалда кезекті рет Испания құрамасына жол беріп алды.
2016 жылы қазақстандық автошабандоздар тарихи жеңісіне қол жеткізді
2016 жылғы «Africa Eco Race» халықаралық ралли жарысы қазақстандық экипаждардың тарихи жеңісімен аяқталды. Қанат Шағыров пен Виталий Евтехов жеңіс тұғырынан көрінді. Олар жол талғамайтын және жүк көліктері арасындағы сынның жалпы қорытындысы бойынша қарсыластарынан 25 минутқа озып шықты.
Геннадий Головкин «WBC» чемпиондық белбеуін алды
Геннадий Головкин 2016 жылы 2 кездесу ғана өткізді. Сәуір айында америкалық Доминик Уэйдті жеңсе, қыркүйекте ұлыбританиялық Келл Брукты бесінші раундта ұтып шықты. Ал мексикалық Сауль Альварес «WBC» чемпиондық белбеуін жекпе-жексіз берді.
Геннадий Головкин Гиннестің рекордтар кітабына да енді. Орта салмақта осы уақытқа дейін өткізген жекпе-жектеріндегі нокауттарының пайыз көрсеткіші бойынша алда келеді. Жекпе-жектеріндегі нокауттар санын пайызға шаққанда 91,67-ге тең.
Қазақстандық боксшы 36 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 33 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Геннадий Головкинге Гиннес рекордтар кітабының сертификаты Голливудта өткен «WBC» 54-ші конвенциясында табысталды. Сонымен қатар, осы шарада қазақстандық боксшының Келл Брукпен өткізген жекпе-жегі «Жыл оқиғасы» деп бағаланды.
«Астана» футбол клубы еурокубокта өз алаңында жеңілмей келеді
«Астана» футбол клубы еурокубокта өз алаңында өткізген ойындарында жеңілмей келеді. Елордалық ұжымның жеңіліссіз ойындар сериясы 12-ге дейін созылды. Соңғы рет 2014 жылы Испанияның «Вильярреал» клубына ұтылған еді.
Станимир Стойлов шәкірттері Еуропа лигасының топтық кезеңінде жеңіске жеткен алғашқы команда. 2013 жылы қарағандылық «Шахтер» бірінші болып топтық кезеңге шыққанмен, жеңіске жете алмаған еді.
Ұлттық құрама ФИФА рейтингіндегі ең жоғарғы көрсеткішіне қол жеткізді
Ұлттық құрама 2016 жылы ФИФА рейтингінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Шілдеде 2001 жылдан бері алғаш рет жүздікке кірсе, қыркүйек айында 83-орынға дейін жоғарылап, жеке рекордын жаңартты. Ал соңғы жаңартылған рейтинг қорытындысы бойынша жылды алғашқы жүздікте қорытындылады.
Галбадрах Отгонцэцэгтің Қазақстанда бағы жанды
Қазақстанға келген легионер спортшылардың арасында ең көп жетістікке жеткен спортшылардың бірі – моңғол қызы Галбадрах Отгонцэцэг. Осыған дейін Қазақстанның атынан халықаралық жарысқа қатыса бастаған спортшылар Галбадрах секілді ірі жетістіктерге жете қойған жоқ. Ал дзюдошы қыз 2016 жылдың өзінде талай ірі додаларда жеңіс тұғырынан көрініп үлгерді.
Галбадрах Отгонцэцэг үшін соңғы рет Абу-Дабиде өткен «Grand Slam» турнирі Қазақстан құрама сапындағы (2016 жыл) 10-ыншы халықаралық жарысы болды. Ол осыған дейін қатысқан барлық турнирлерде жеңіс тұғырынан көрініп, осы күнге дейін 10 жарыста – 5 алтын, 2 күмс, 3 қола медаль иеленген. Атап айтар болса, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия чемпионы, 2 дүркін Халықаралық Гран При және 2 дүркін «Grand Slam» турнирлерінің жеңімпазы. Сондай-ақ, Ұлан-Батор мен Дюссельдорфта өткен «Grand Prix» турнирлерінде күміс медаль иеленсе, Баку мен Тиблисидегі халықаралық турнирлерде қолаға қол жеткізген болатын.
Қазақ шорт-трегіндегі тарихи жеңіс
Қазақ шорт-трекшісі Абзал Әжіғалиев АҚШ-тың Солт-Лэйк Сити қаласында өткен әлем кубогының екінші кезеңінде 500 метрге жүгіруде жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл - Қазақстанның шорт-трек спортынан әлемдік сында иеленген алғашқы алтыны болды.
Міне, осылайша қазақ спортының 2016 жылғы жетістіктерін саралап шықтық. Алда келе жатқан 2017 жылдан да толағай табыстар мен жарқын жеңістер күтеміз. Халықаралық ареналарда еліміздің көк байрағы биіктен көрініп, Әнұранымыз шырқала берсін. Жеңісті күндеріміз көп болсын!
О. Сансызбай