Ақ Универсиадаға апарар жол

Ақ Универсиадаға апарар жол
Фото: Мұрат БЕЛГІБАЕВ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа кезекті жолдауында 2020 жылға дейін  тұрғындардың 30 астам пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы ерекше айтқаны есімізде. Осы орайда дүбірімен дүйім жұртты ұйытып келе жатқан 28-ші Бүкіләлемдік Студенттер арасындағы Ақ Универисада-2017 ойындары қалың бұқараның назарын өзіне  аударып қана қоймай, спортқа көңіл бөліп белсене айналысуға зор мүмкіндік туғызғалы отыр. Жүзден аса ұлт-пен ұлыстар тұратын Алматы қаласының тұрғындары үшін аталмыш аламан жарыс тарихи спорттық мереке болады деп күтілуде.

Оңтүстік астанамызда осындай қысқы спорты түрлерінен өтетін аламан сайыстар алғаш рет өтіп отырған жоқ. Алматы қаласында 2011 жылы 7-ші қысқы Азия ойындары болып өткені әлі есімізде болар. Ол Азияда ойындары да қаламыздың инфрақұрылымына айтарлықтай үлес қосқан болатын.

Міне, енді кезекті келе жатқан Бүкіләлемдік 28-ші Ақ Универсиада-2017 қаламызда бірталай спорт сарайларының бой көтеруіне себеп болып отыр. Алматыда әлемдік стандартқа  сай салынып қолданысқа беріліп отырған хан сарайындай «Halyk Arena»  мен  «Аimaty Arena»  спорт орындары осы универсиадаға ғана емес, келешекте жалпы қала тұрғындарының спорттың қалаған түрлерімен айналысуына қызмет ететін болады.

Айталық «Аlmaty Arena» 12 мың адамға орын есептелген болса, «Halyk Arena» 3 мың адамдық орын  бар, ал, атлетикалық ауыл 5 мың адамдық орынға есігін айқара ашып отыр.

Бірақ сол соғылған зәулім спорт кешендері ішін спортқұмар халыққа толтыру үшін бағаны аспандатпай қалта көтеретіндей  етіп қойса, нұр үстіне нұр болмақ еді.

Сонымен қатар, қысқы Универсиаданың  тарихында  тұңғыш рет біздең елде, көрікті қаламыз Алматыдағы Алатау ауданында байрақты жарысқа арналып, арнайы Атлетикалық ауыл бой көтердң. Мұндай құрылыс орны бұрын соңды болмаған еді.

Универсиаданың өзінің қайрат беретін қанатты сөзі, ерекшеленетін белгісі, айрықша тұмары болуы шартты. Елімізді тұңғыш рет өткелі отырған 28-ші Универсиаданың негізі жарқын символдары ол «Қанатыңды кең серме»-деген жастарымызды жігерлендіретін сөз тіркесі болса, биікке ұмтылуды көксеген «U» әрпі болып танылған. Сонымен бірге елімізге танымал тұлғалардың алып жүретін алауы мен қанатын жайған жас Сұңқар құстың суреті белгіленген. Универсиада-2017 бойтұмары, классикалық стильдегі металл қорытпасы арқылы жиектері ұлттық ою-өрнектермен айшықталған алтын, күміс, қола жүлделер марапаттайтын салтанатты сәтін күтіп тұрғандай.

Шетелдік спортшылар мен делегация, қонақтардың елімізге ұшып келуіне орай аймақтық және халықаралық  ұшу жолына  «Эйр Астана» АҚ біршама жеңілдіктер жасап, Универсиаданың басты серіктестіктерінің біріне айналып отыр. «Эйр Астана» АҚ  сонымен қатар эстафеталық алаудың Қазақстанды аралап өтуіне де барынша мүмкіндіктерін жасамақшы. Бұл да бір қуанарлық жәй. Өйткені Отанымызда осындай әлемдік деңгейде өткелі отырған жарыс барысында  тырп етпей, тыныш жатып алмай, еліміздің маңдайалды салаларының жомарттық жасап жатқандығын ерекше елеп ескерген орынды.

Айтпақшы алауды үздік студенттер алып жүретіні белгілі болғандықтан қазіргі таңда еліміздегі жоғары оқу орындарыда конкурстық байқау бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар демекші, ортасынан озып шыққан студенттерді іріктеу жұмыстары белсене жүріп жатыр. Бұл да бір салтанатты шараға деген жақсы бір көзқарасты білдірсе керек. Бір мысал, Италияның Торино қаласында кезекті Универсиада өткеннен кейін бір жылдан соң, абитуриенттердің оқуға тусуге деген құлшынысы он есе артқан екен. Сондықтан да айтулы Универсиада барысында алау көтерген студенттерді көрген алматылық жастардың білімге, оқуға деген құштарлығына жақсара түсеріне сөз жоқ.

Әрбір қаладан 60-қа жуық адам Унивесиада алауын алып жүру мәртебесіне ие болатын болса, Алматы қаласы осы құрметке  100 адам  бөлене алады деп жоспарлаған  екен.

Хош, сонымен көптен күткен ұлы думанның да басталар күніне бар-жоғы екі айдың көлеміндей уақыт қалды. Тойдың болғанынан боладысы қызық – демекші,  қаңтардың 29 мен ақпанның 8 жұлдызы аралығында өткелі отырған бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада ел спортының тарихына жаңа есімдерді тіркетіп, әсерлі естеліктерімен көпшіліктің есінде ұмытылмастай болып қалатынында күмән жоқ. Жан алысып жан беріскелі отырған байрақты бәсекеге 2 мыңға таяу спортышлар келіп қатысып, әр елдің үкілеп қосқан саңылақтары спорттың 12 түрінен күштерін сынамақ.

Универсиада барысында 3 мыңға тарта шетелдік және өзіміздің елдің еріктілері ат салысуға білектерін сыбанып әзір тұр. Сонымен қатар, аталмыш доданы 30 мыңнан астап қазақстандық және шетелдік туристер келіп тамашалайды деп күтілуде.

Сайыстар өтетін жерлер телекөрсетілімдер арқылы әлемнің 80 мемлекетіне таралып, 1 миллиардтан астам көрермен халық тамашалайтын болады.

Міне, осындай ауқымы кең бүкіләлемдік жарыстың қазақ жерінде өткізіліп отыруының өзі еліміз үшін үлкен мәртебе болып отыр.

Универсиада Оңтүстік астанамызда өтетін болды деген сәттен бастап, қыстық спорт түрлерінен өтетін аламан жарысқа еліміз болып жұмыла жұмыс жасап келді.

Ақбасты Алатаудың ақ бауырында  орын тепкен сүйікті қаламыз Алматы халқы бүкіләлемдік 28-ші студенттер универсиадасын асыға күтуде. Спорт нысандары тас-түйін дайын. Ел намысын қорғайтын спортшыларымыз да ерекше әзірлікте. Ия, әлемнің әр түкпірінен келгелі отырған мыңдаған қонақтарды жайлы жерге жайғастырып, қазақы қонақжайлығымызды таныта отырып, олардың қауіпсіздігін қадағалау да оңай шару емес. Осы бағытта бүкіләлемдік 28-ші студенттер Универсиада дирекциясы жан-жақты дайындалуда.

Қазіргі таңда допинг дауы әлемдік ақпараттар ағымдарының баса назарында тұрғандығы белгілі. Оған дәлел, ауыр атлетикадан айды аспанға шығарып, әлемдік рекордтар жасаған Олимпиада чемпиондары атанған жұлдыздарымыздың допинг дауына ілігіп, бар медаль, атақтарынан жұрдай болып тақырға отырып қалуы. Сондықтан да осы қоғамда ушығып тұрған уытты мәселені де ерекше назарда ұстауды жөн көрген Унивирсиада-2017 дирекциясы FISU медициналық комитетімен бірігіп, бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада жарыстарына қатысты жаңадан допинг-бақылау жұмысын жасап шығарған екен. Сонымен бірге спортшыларды сынақтан өткізуде жоспарда қатаң қаралған. Допинг-бақылу жүйесі бүкіләлемдік допингке қарсы кодекс пен халықаралық сынақтан өткізу стандартына сай жасалып отыр.

Спортшылар үшін жарақат алып қалмаудың өзі бір жеңіс болып саналады. Бетін ары қылсын, бәсеке барысында ауыр жарақат алып қалған спортшыларға жедел жәрдем көрсету ол қалалық медицианалық орталықтарының жауапкершілігне жүктелген. Сондықтан жарыс кезінде Алматы қаласының 8 стационарлық орталықтары көмекке тартылып, 30 медициналық жедел жәрдем бригадалары қамтылған.

Мұның өзі спортшыларымыз бен келген қонақтардың аман саулығы айрықша назарда дегенді білдіреді. Ал, Универсиадаға қатысып ел намысын қорғағалы отырған 227 спортшының 121 ұл, 106 қыз бала екендігін айта кеткеніміз жөн болар. Студент жастарымыз еліміздің көк байрағын көктен желбіретіп табысты өнер көрсетуді мақсат етуде. Қазақстанның намысы үшін сынға түскелі отырған спортшыларымыздың ішінде Денис Тен, Юлия Галышева, Роман Керч, Айдар Бекжанов, Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша секілді алтыннан үміткер маңдайалды алыптарымыз бар.

Қаңтардың 25-29 аралығында Алматы мен Астанадан өзге Қазақстанның әр облысының орталығында алау оты жағылады.

Жарыстың ашылуын білдіретін алау оты 2017 жылдың 25  қаңтарында Астанадағы Назарбаев атындағы университеттің қабырғасында тұталып, ақпанның 29 жұлдызында эстафеталық алаудың жабылу салтанаты Алматыда өтеді. Эстафеталық алауды елімізге танымал қоғам, мәдениет, спорт саласындағы белгілі тұлғалар және студенттер алып жүретін болады.

Жалпы еліміз егемендік алғалы бері қазақстандық спортшылар бүкіләлемдік студенттер арасында өтетін Универсиадаға 12 рет қатысып, 44 медаль жеңіп алған екен. Оның 18-і алтын, 13-і күміс, 13-і қола.

Ал, Қазақстанның Универсиада тарихындағы ең жарқын жеңісі 2015 жылы Словакия мен Испанияда өткен жарыс болып есептелінеді. Сол сында саңлақтарымыз  шаңғы жарысы, биатлон, фристайл секілді спорт түрлерінен 5 алтын және өзге түрлерден 6 күміс жүлдені ел қоржынына түсіріп, Қазақстан командасы FISU ресми емес есебі бойынша үшінші орынды иеленген болатын.

Ал енді қазақ жерінде тұңғыш алауы жағылатын аламан жарыста 0азақстандық спортшылардың командалық үздік үштікке таласудың талабы қаншалықты екендігін алдағы бәсекеде көре жатармыз. Ал, әзірге 28-ші рет өткелі отырған бүкіләлемдік Универсиада -2017 жарысына дайындық жоғары деңгейде жасалынып жатыр деп  толықтай айтуға болады.

Уақыт өзі  сыншы, әрі емші-десек,  көтпен күткен ұлы мереке халықтың есінде ұмытылмастай әсерде қалар деген ойымыз бар.

Авторы: Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

О. Сансызбай