Үстел теннисі – пайдасы мол дара спорт

Үстел теннисі – пайдасы мол дара спорт
Фото: Досан Қаумен

«Астана» ұлттық сурет галереясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мәдениет саласы қызметкерлері арасында үстел теннисінен турнир өтті. Турнирге «Астана» Ұлттық сурет галереясы, ҚР Ұлттық музейі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты және Бейбітшілік және келісім сарайының қызметкерлері қатысты.

Турнирдің негізгі мақсаты – қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, үстел теннисі сынды қарапайым әрі денсаулыққа аса пайдалы спорт түрін кеңінен тарату. Үстел теннисін қалың көпшілік арасында таратып, оның бұқаралық сипат алуына ерекше мән берген жөн бе деп ойлаймыз. Себебі бұл спорт түрінің пайдасы шаш етектен. Оларға бөлек тоқталсақ:

1 сурет «Астана» ұлттық сурет галереясында өткен үстел теннисі турнирінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі. Суретте солдан оңға қарай: Ерлан Асқарбеков - 1 орын иегері («Астана» ұлттық сурет галереясы), Азамат Галеев ­- 2 орын иегері (ҚР Ұлттық музейі)  Хасенов Сырым - 3  орын иегері (ҚР Ұлттық музейі) және «Астана» ұлттық галереясы директоры – Асылхан Садуов.

1. Үстел теннисін ойнау қол-көз координациясын жақсартады, ақыл-ойды сергітеді, концентрация мен тактикалық стратегияны дамытады. Бұл дегеніміз күні бойы компьютер алдында отыратын кеңсе қызметкерлері үшін таптырмас спорт деген сөз. Мәселен, компьютер алдында көп отыратын адамдар көзге арналған гимнастика жасауды әдетке айналдырғаны абзал. Ал үстел теннисін ойнағанда шапшаң қозғалған допты көру үшін көз қарашықтары еріксіз қозғалатыны айтпаса да түсінікті. Ал мұнымыз, өз кезегінде, көздеріміз үшін  керемет гимнастика.    

2. Ойлау шапшаңдығын арттырады. Үстел теннисін «high-speed chess» – «аса шапшаң шахмат»  деп бекерден бекер атамаса керек. Бұл спортта допты неғұрлым қатты жылдамдықпен соғу, айналдыра шиіру, үстелге дәл түсіру және қарсыластың соққысына шапшаң бейімделіп, шебер қайтара білу  төтенше маңызды. Бұның бәрі тез ойлау мен тез шешім қабылдауды қажет етеді. 

3. Рефлекстерді дамытады, яғни дене қозғалысы шапшаңдығын арттырады.  Себебі ойынның сипаты шапшаң ырғақты, қысқа қашықтықты болғандықтан ірі әрі ұсақ бұлшық еттердің қозғалысы жақсарады.

4. Буындарға аса пайдалы. Тізеңіз ауырады ма, арқаңыз тырыса ма, жауырыныңыз сыздай ма?  Онда үстел теннисін ойнаңыз. Ол Сіздің денеңізді лезде сергітіп, буындырыңызға аса ауыртпалық түсірместен-ақ, оларды шыңдай түседі.  

5. Калорияларды жағып, сымдай тартылып жүрудің керемет жолы. Салмағы 69 килограмды құрайтын адам 1 сағат теннис ойнаса, 272 калорияны оңай жағып жібереді екен.

6. Мидың саулығын сақтайды. Альцгеймер Уикли (Alzheimer’s Weekly) ақпараты бойынша үстел теннисін ойнағаннан мотор дағдылары мен сана сергектігінің шыңдалуы анық байқалған. Жапонияда өткізілген клиникалық  зерттеулер нәтижесіне сәйкес үстел теннисін ойнау миға қан ағымын айтарлықтай арттырады екен, тіпті алжудан да сақтауы ықтимал екен.   

7. Мидың түрлі бөліктерінің жұмысын ынталандырады. Қарсыластың соққысын қайтарғанда, ойыншы ми қабығының префронтальды (маңдайға үсті) бөлігін қолданады екен, өз кезегінде, мидың бұл бөлігі стратегиялық жоспарлауға жауапты. Ойынның физикалық белсенділікті қажет ететін ширақ қозғалыстары мидың гиппотоламус деп аталатын бөлігін ынталандырады екен, мидың бұл бөлігі ұзақ мерзімді фактілер мен оқиғаларды қалыптастыруға және сақтауға жауапты.  

8. Ұжым бірлігін арттырады. Әсіресе бұл қызметкерлері бірін-бірі тани бермейтін үлкен мекеме ұжымдарына оңтайлы болмақ. Жұмыс барысында ортақ істес болмағандықтан, әншейінде кездескенде тек амандасумен шектелетін қызметкерлер үзілісте үстел теннисін ойнау барысында ортақ қызығушылықтары пайда болып, шүйіркелесіп жатады. Оның үстіне үстел теннисі жас және жыныс ерекшеліктеріне келгенде аса демократиялық спорт. Яғни оны жас та, кәрі де, ер де, әйел де бір-бірімен ойнай береді.

Бұл керемет спорт түрінің жоғарыда тізбектелген пайдалы жақтарымен қоса бұл спорт сондай-ақ әр адам өзінің ғұмырыңның аяғына дейін шұғылдана алады, қыста да, жазда да, ғимарат ішінде кез келген ауа райы жағдайларында ойнаға болады, жарақат ықтималдылығы жоққа тақау спорт екендігін айтсақ, үстел теннисінің маңызы одан сайын арта түсетіні сөзсіз.

Біздің ойымызша, осындай пайдасы мол спорт түрін неге бұқаралық спортқа айналдырмасқа? Солай жасаудың жолдарын неге қарастырмасқа?

«Астана» ұлттық сурет галереясы директорының міндетін атқарушы Асылхан Садуов жоғарыда аталған үстел теннисінен өткен турнирін қорытындылағандағы сөйлеген сөзінде: «Бұл турнирді ұйымдастырғандағы басты мақсатымыз жеңімпазды анықтау емес, осы керемет спорт түрін неғұрлым кеңінен насихаттау, тарату», – деп атап өткен болатын.

Шын мәнінде де, үстел теннисі кеңінен насихаттауға лайықты спорт түрі.  Ол үшін үстел теннисін ойнауға қызығатындар санын арттырып, теннис үстелдерін көптеп орналастыру керек. Ол аса қиынға соқпас. Себебі, үстел теннисінің ережелері аса күрделі емес, үйренуге оңай, интернетте үйренем деушілерге арналған бейне материалдар көптеп саналады. Бұл ойын үлкен аумақ пен қымбат жабдықтарды қажет етпейді, пин-понг үстелі аса қымбат тұрмайды. Нарықтағы бағасы 41 000 теңгеден басталады. Теннис үстелдерін мектептерде, институттарда, үзіліс кезінде қызметкерлердің шаршауын басу мүмкіндігін беру үшін түрлі ұйымдар мен мекемелердің холлдарында орналастыруға болады.

Әрбір мекеме немесе ұйым басшылығы қызметкерлерінің денсаулығы мен ақыл-ой сергектігіне көңіл бөлгені абзал. Себебі, жаны мен тәні, ақыл-ойы сергек қызметкерлер өз қызметін жемістірек атқаратыны сөзсіз. Осы тұста қызметкерлердің үстел теннисін ойнауы еңбек өнімділігі мен еңбек тәртібіне кері тигізеді деген ой туындауы мүмкін. Алайда, технология саласында өздерінің инновацияларымен әлемге танылып жатқан стартап компаниялар өздерінің кеңселерінде теннис үстелін орнатуы біраз жайтты аңғартса керек. Мәслен, Гугл компаниясының кейбір кеңселерінде пинг-понг үстелі бар екен. Бұл ойынды жұмыс уақытынан тыс кездерде, мәселен түскі үзілісте, кешке жұмыстан кейін ойнауға болады.

Теннис үстелдері көптеп орнатылып, аталған спорттың пайдасы кеңінен насихатталып, ойыншылар саны артса, үстел теннисі бұқаралық спорт болар еді деген үміт бар.

Бұл спорт түрі бұқаралық сипат алса, ұтарымыз көп. Себебі үстел теннисі – олимпиадалық спорт түрі. Ал кез келген елдің белгілі бір спорт түрінде табысқа жетуі үшін, ол спортты өз елінде бұқаралық сипат алуына назар аударғаны жөн. 

Оған дәлел – Қытай елі. Бұл елде еңбектеген баладан еңкиген қартқа дейін үстел теннисін ойнайды десек артық айтқандық болмас. Үстел кеңінен тарағандықтан осы спорт түріндегі Қытай атлеттері әлемде жеке дара үстемдік етуде. Соңғы үстел теннисінен ерлер арасында өткен 8 әлем чемпионатында 40 алтын медаль додаға салынып, олардың үшеуін ғана қытайлықтар ұтпаған, қалған алтын медальдардың бәрін аспан асты елінің атлеттері қанжығалаған. 1988-2012 жж. аралығында өткізілген олимпиада ойындарында 28 алтын медалі ойнатылып, оның 24 қытайлықтар еншілеген.

Қазақстанның бұл спорт түріндегі жағдайы көңіл көншітерлік емес. Үстел теннисінен Қазақстанның нөмір бірінші спортшысы Рио олимпиадасына қатысып, аталмыш доданың І раундында жарыстан шығып қалған Кирилл Герасименко әлемдік рейтингте 137 орында. Ал елдер арасындағы әлемдік рейтингте Қазақстан 49 орында тұр.  

Бұл жағдайды үстел теннисін Қазақстанда үлкен де, кіші де, жас та, кәрі де ойнайтын бұқаралық спорт түрі деңгейіне көтеру арқылы түзеуге болады. Салауатты өмір салтын басымдықтарының бірі етіп белгілеген еліміз үшін бұл мақсат орындалады деп сенім білдіреміз.

«Астана» ұлттық сурет галереясы өз кезегінде үстел теннисін өз қызметкері арасында кеңінен тарату ісін, сондай-ақ турнир ұйымдастыру бастамасын әлі де жалғастырмақ. Кім біледі осы сынды әуесқойлар арасында өткізілген турнирлерден әлемдік рейтингте Қазақстанды өрге сүйрейтін үстел теннисі шеберлері шықпаса да, сондай шеберлердің ата-аналары шығып қалар...

 Мақала авторы: Досан Қаумен

"Астана" ұлттық сурет галереясы

Өнер тарихы бойынша

ғылыми-шығармашылық

лабораторияның басшысы

Ө. Сансызбай