Седовтың бұл қай сасқаны?

Седовтың бұл қай сасқаны?
Фото: vesti.kz

Ауыр атлетикадан Талдықорғанда өтіп жатқан ел чемпионатында жанкүйерлер күтпеген оқиға орын алды. 94 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын қазақстандық ауыр атлет Владимир Седов жарыс кезінде жұрт алдына шығып, оғаш мінез танытты.

Владимир Седовтың бұл қылығы жиналған жұртшылықты таңдандырды. Жарыс алаңына ресейлік ауыр атлет Александр Ивановтың суреті салынған жейдені киіп шығып, шеше сала жанкүйерлерге лақтырған. Лақтырған бойда «Міне, нағыз чемпион!» - деп те айқайлаған. Ал спортшының не үшін мұндай мінез танытқаны әзірге жұмбақ.

Дегенмен жақында Илья Ильиннің допинг қолданғаны туралы ақпар тараған болатын. Бұл ақпаратқа қатысты ХОК ресми мәлімдеме жасап, спортшылардың есімін атаған жоқ. Ал Седов сол бір дауыл алдындағы тыныштықты бұзғандай. Енді бір қызығы, спортшының жейдесіндегі спортшы 2012 жылғы Олимпиадада Илья Ильинге қарсылас атанып, күміс медаль иеленген.

Владимир Седовтың бұл қылығын жанкүйерлер сан қырынан талқылауда. Бірінің пікірі «атың шықпаса жер өрте дегенге саяды» десе, енді бірі Илья Ильинге ашық қарсылығы ғой деп жазуда. Не де болса әліптің артын бағайық. Седовтың бұл қай сасқаны екен?...

О. Сансызбай