Рыпакова жеңістерімен қуантуын тоқтатар емес

Рыпакова жеңістерімен қуантуын тоқтатар емес

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қазақстандық жанкүйерлерді жеңістерімен қуантуын толастатар емес. Жеңіл атлет қыз Лозаннада өткен "Бриллиант лигасының" 11 сатысында үш қарғып секіруден жеңіске жетті.

27 жастағы спортшы өзіне тиесілі 6 мүмкіндіктің үшеуін ғана пайдаланып, 14,45, 14,68 және 14,56 метр нәтиже көрсетті. Отандасымыздың бәсекелестері 14,45 метрден де әрі секіре алмады. Тек украиндық Ольга Саладуха ғана 14,42 метр нәтиже көрсетіп, Рыпаковадан кейінгі орынға жайғасты. Үшінші орында 14,39 метр нәтиже көрсеткен Татьяна Лебедева.

"Бриллиант лигасы" жеңіл атлетикадан жыл сайын өткізіліп жүрген коммерциялық сайыстардың сериясы. Бәсекенің ұйымдастырушысы Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы. Спортшылар бағдарламаның әрбір түрінен 7 рет сайысқа түседі. Осылайша әр кездесу сайын ұпай жинайды. Финалда жиналған ұпайлар екі еселенеді. Сайыстың финалы Цюрихте немесе Брюссельде өткізіліп жүр.

Айта кетелік, Лондонда өткен Олимпиадалық ойындарда Рыпакова 14,98 метр нәтиже көрсетіп, алтын медальға ие болды. Өскемендік спортшының үш қарғып секірудегі ең жоғарғы нәтижесі 15,25 метр. Бұл көрсеткішке жеңіл атлет 2010 жылдың 4 қыркүйегінде Хорватияда жеткен болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: thenews.kz