- Негізгі бет
- Маккала
- Қазақ-өзбек боксының кезекті...
Қазақ-өзбек боксының кезекті текетіресі
27 ақпан күні «Astana Arlans» бокс клубы бүкіләлемдік бокс сериясының жаңа маусымындағы екінші кездесуін өткізеді. Отандастарымыздың бұл жолғы қарсыласы – Өзбекстанның «Uzbek Tigers» клубы.
Қазақ-өзбек боксшылары арасындағы жекпе-жектер қашан да тартысты өткен. Ежелден төсекте – басы, төскейде малы қосылып жатқан, тете өскен екі бала секілді көрші екі елдің арасында спортта үлкен бәсекелестік бар. Сол бәсекенің бірі – WSB сериясындағы кезекті кездесуде жалғаспақ.
Өзбекстандық клуб WSB жобасына алғаш рет қатысып отыр. Олар топтағы бірінші жекпе-жегін түзде «Puerto Rico Hurricanes» клубына қарсы өткізіп, 5:0 есебімен жеңді. Ал «Astana Arlans» Қарағандыда Әзірбайжанның «Baku Fires» клубын 4:1 есебімен жеңген болатын.
Қос клуб арасындағы жекпе-жектер 49, 56, 64, 75 және 91 келіге дейінгі салмақта өтеді. Бірінші кездесулерінде де осы салмақ дәрежесінде боксшылар шаршы алаңға шыққан болатын.
49 келіге дейінгі салмақта «Astana Arlans» сапынан Теміртас Жүсіпов шаршы алаңға шығады. Ол әзірбайжандық клубқа қарсы да өнер көрсеткен еді. Ал өзбекстандық клуб сапынан Теміртасқа Хасанбой Дусматов қарсылас атанып отыр. Ол да жаңа маусымдағы екінші жекпе-жегін өткізеді. Негізінде Хасанбой өзбектердің тәжірибелі боксшыларының бірі. Қазақ боксы жанкүйерлері үшін де таныс есім. Осыған дейін Біржан Жақыповпен үш рет кездескен. Екеуінде Біржан жеңсе, біреуінде Хасанбой басым түскен. Сондай-ақ өзбекстандық боксшы 2014 жылы Президент кубогында Ержан Жомартты ұтқан болатын.
56 келіге дейінгі салмақта Мейірболат Тоитов ел намысын қорғайды. Оның қарсыласы – Абдулай Шарахматов. Отандасымыз жаңа маусымда екінші рет шаршы алаңға шыққалы отыр. Клубтың бірінші кездесуіндегі жекпе-жегінде әзірбайжандық Яраш Магомедовты ұтқан еді. Ал Абдулай бірінші жекпе-жегінде пуэрто-рикалық Ролон Вареланы 3:0 (49:6, 48:47, 48:47) есебімен жеңген болатын. Мейірболат қарсыласына қарағанда тәжірибелі боксшы. Намысты қолдан бермейді деген сенімдеміз.
64 келіге дейінгі салмақта Асхат Уәлиханов Фазлиддин Мелибоевпен қолғап түйістіреді. Екі боксшы да жаңа маусымдағы екінші жекпе-жегіне шыққалы отыр. Десе де Асхат VI маусымдағы бірінші жекпе-жегін жеңіліспен бастаған болатын. Ал Фазлидин Пуэрто-Рикада Мартинес Моралесті айқын басымдықпен жеңген. 19 жастағы боксшыға өзбек жаттықтырушылары үлкен сенім артып отыр.
75 келіге дейінгі салмақта Мейірім Нұрсұлтанов пен Хуршидбек Норматов жұдырықтасады. Мейірім жаңа маусымдағы бірінші жекпе-жегінде әзірбайжандық Бадри Хардзианиді жеңсе, 23 жастағы Хуршидбек WSB жобасында алғаш рет бағын сынайды. Өзбек боксшысы осыған дейін халықаралық турнирлерде қазақстандық боксшылармен бірнеше рет кездескен. 2014 жылғы ел президенті кубогында Сапарбай Айдаровты жеңген болатын.
91 келіге дейінгі салмақта ел намысын Мұхамеджан Еркін қорғайды. Оның қарсыласы – Мырзабек Хасанов. Өзбекстандық боксшы клубтың бірінші кездесуінде пуэрто-рикалық Хосе Росадоны нокаутпен ұтқан. Ауыр салмақтағы екі боксшының текетіресі тартысты болары анық.
«Astana Arlans» пен «Uzbek Tigers» арасындағы жекпе-жек 27 ақпан күні Ташкент қаласында өтеді. Астана уақытымен сағат 20:00-ге жоспарланған.
Керек дерек:
«Uzbek Tigers» клубы сапында 60 келіге дейінгі салмақта этникалық қазақ Елнұр Әбдірайымов өнер көрсетеді. Ол 2014 жылы Катарда өткен әлем чемпионатында Олимпиада жолдамасын иеленген.
Теміртас Жүсіпов (49 келі)
Қазақстанның 2 дүркін чемпионы (2013, 2014)
2013 жылғы Азия чемпионы
WSB жобасының чемпионы (2015)
Мейірболат Тоитов (56 келі)
Халықаралық турнирлердің жеңімпазы
WSB жобасының 2 дүркін жеңімпазы (2013, 2015)
Асқат Уалиханов (64 келі)
ҚР Президенті кубогының жүлдегері
Студенттер арасында Қазақстан чемпионы
WSB жобасының чемпионы (2015)
Мейірім Нұрсұлтанов (75 келі)
Жастар арасында Азия чемпионы (2010)
Қазақстан чемпионы (2014)
Халықаралық жарыстардың жеңімпазы
WSB жобасының чемпионы (2015)
Мұхамеджан Еркін (91 келі)
Минскіде өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы (2015)
Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (2014)
WSB жобасының чемпионы (2015)