Қазақстандық кәсіпқой боксшы бір айда екі жекпе-жек өткізбек

Қазақстандық кәсіпқой боксшы бір айда екі жекпе-жек өткізбек
Фото: vk.com

Кәсіпқой боксқа ауысқан отандасымыз Айдос Ербосынұлы бір айда екі жекпе-жек өткізбек. Қазан айының басында қазақстандық боксшы үлкен рингтегі алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастаған еді.

Айдос Ербосынұлы «Astana Arlans» клубы сапында 75 келіге дейінгі салмақта бақ сынады. Бокстан спорт шебері. Тамыз айында «Fight Promotions» промоутерлік компаниясы келісімшартқа қол қойып, кәсіпқой боксқа ауысты. 2 қазан күні Украинада беларусь боксшысы Андрей Долгожиевке қарсы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, спорттық мансабын сәтті бастады. Бірінші раундтан бастап қарсыласын қыспаққа алған қазақстандық боксшы қарсыласын адым аштыртпады. Нәтижесінде төреші жекпе-жекті тоқтатып, Айдосты жеңімпаз ретінде таныған.

Қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегін 31 қазан күні өткізбек. Айдостың келесі қарсыласы – украиналық Денис Поднебесный. Жекпе-жек Украинаның Кривой Рог қаласында өтеді. Денис те кәсіпқой боксқа жаңа қадам жасаған боксшылардың бірі. Айдосқа қарсы үлкен рингтегі бірінші кездесуіне шығады. Оған дейін украиналық боксшы ережесіз жекпе-жекпен шұғылданып, халықаралық жарыстарға қатысып келген.

Айта кетейік, Айдос Ербосынұлының жекпе-жектерін ұйымдастыратын «Fight Promotions» промоутерлік компаниясы кәсіпқой бокстағы беделді ұйымдардың бірі. Бүгінде бұл компания келісімшарты бойынша қазақстандық тағы бір боксшы Дәурен Елеусінов та кәсіпқой бокс аренасында бақ сынап жүр. Сондай-ақ,«Astana Arlans» клубының намысын қорғап кеткен украиналық Сергей Деревянченко да «Fight Promotions» жетекшілігімен шаршы алаңға шығып жүр. 

О. Сансызбай