- Негізгі бет
- Маккала
- Бокстан әлем чемпионатында...
Бокстан әлем чемпионатында кімдерге үміт артамыз?
5-15 қазан аралығында Катар астанасы Дохада бокстан әлем чемпионаты өтеді. Төрткүл дүниенің кіл мықты былғары қолғап шеберлері жиналатын додада еліміздің намысын 8 боксшы қорғайды.
Халықаралық әуесқой бокс федерациясы әлем чемпионатына қатысатын боксшылардың тізімін бекітті. Азия чемпионатында сәтті өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы сапынан тізімге 8 боксшы енген. Дохадағы додада 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынатын болады.
Әлем чемпионатына қатысушылар тізімінде 49 келіге дейінгі салмақта қазақстандық боксшы жоқ. Десек те бұл салмақта Қазақстан құрамасының қоржынында Рио жолдамасы бар. АРВ жобасы аясында Біржан Жақыпов Бразилиядағы Олаимпиадаға қатысуға мүмкіндік алғаны туралы осыған дейін хабарлаған болатынбыз.
52 келіге дейінгі салмақта Олжас Сәттібаев шаршы алаңға шығады. Жақында ғана Таиландта өткен Азия чемпионатында қазақстандық боксшы қарсылас шыдатпай, жеңімпаз атанған болатын. Олжас қазір нағыз бабында деп айтуға келеді. Естеріңізде болса 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында бұл салмақ дәрежесінде Ілияс Сүлейменов ел намысын қорғаған еді. Ол ширек финалда британдық боксшы Эндрю Селбиден жеңіліп, жүлделі орыннан көріне алмаған-ды.
56 келіге дейінгі салмақта Доха шаршы алаңына Қайрат Ералиев шығады. Отандасымыз Таиландтағы Азия чемпионатында қола жүлде иеленді. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында да Қайрат жартылай финалда әзірбайжандық Джабид Чалабиевке жеңіліп, қола жүлдені місе тұтқан болатын.
60 келіге дейінгі салмақта халықаралық додаларда Закир Сафиуллин сәтті өнер көрсетіп жүр. Жақында Таиландта өткен Азия чемпионатына да қатысты. Финалда моңғол Дорьнямбуу Отгондалайды ширақ қимылы мен жойқын соққыларының нәтижесінде жеңгендей көрінген. Бірақ төрешілер Закирдің қарсыласын жеңімпаз ретінде танып, отандасымыз күмісті қанағат тұтты.
Бұл салмақта Қазақстан құрамасы Рио Олимпиадасының жолдамасын иеленіп үлгерді. АРВ жобасы аясында жұдырықтасқан Берік Әбдірахманов маусымның бірінші кезеңінде жеңімпаз атанып, жолдамаға ие болды.
Дохаға Қазақстан құрамасын бастап баратын боксшылардың бірі – Данияр Елеусінов. Олимпиадада қазақ боксшылары «меншіктеп» алған салмақ дәрежесінде отандасымыз жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдеміз. Данияр жақында ғана екі дүркін Азия чемпионы атанған да болатын.
75 келіге дейінгі салмақта Жәнібек Әлімханұлы өз атағын қорғайды. 2013 жылғы әлем чемпионатының финалында ирландиялық джейсон Куиглиді жеңген отандасымыз бұл жолы да жоғары дайындықпен бара жатыр. Тек жақында өткен Азия чемпионатында ғана Жәнібектің жолы болған жоқ. Сол олқылықтың орнын отандасымыз әлем чемпионатында толтырады деген сенімдеміз.
Әділбек Ниязымбетов осыған дейін екі рет әлем чемпионатының финалына шықты. Екі ретте де кубалық Хулио де ла Крусқа есе жіберді. 2013 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында да күміс алды. Десе де жақында Таиландтағы додада чемпион атанды. Отандасымыздың қарсыласы атанған өзбек Эльшод Расулов жарақатына байланысты шешуші жекпе-жекке шыққан жоқ.
91 келіге дейінгі салмақта Мырзағали Айтжанов Василий Левитке үміт артып отыр. «Astana Arlans» боксшысы жақында ғана Азия чемпионатында топ жарды. Ал бастысы – қазақстандық боксшының еншісінде Олимпиада жолдамасы бар. Василий бұл жолдамаға WSB жобасындағы жеңісті жекпе-жектерінің нәтижесінде ие болған еді.
2013 жылғы әлем чемпионатында бұл салмақта ел намысын Антон Пинчук қорғаған болатын. Ол өзбек Рустам Тулагановқа ұтылып жүлделі орыннан көріне алмаған-ды. Ал сол өзбек боксшысын Василий Левит Таиландтағы Азия чемпионатының финалында ұтты.
91 келіден жоғары салмақта Доха шаршы алаңында Иван Дычко ел намысын қорғайды. Отандасымызда әлем чемпионатының күміс те, қола да жүлдесі бар. Жетіспей тұрғаны – алтын ғана.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының бокстан барлық әлем чемпионаттарындағы жүлделерінің саны - 32. Оның оны алтын, сегізі күміс, он төртеуі қола. Әзірге Куба, Ресей, бұрынғы КСРО, АҚШ елдерінен кейін бесінші орында келеміз. Дохадағы додада бұл нәтижеміз жаңара түседі деген сенімдеміз. Ел намысын қорғайтын күрзі жұдырықты оғландарға тек жеңіс тілейміз!
О. Сансызбай