«Еуразия барысы» Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып өткізіледі

«Еуразия барысы» Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып өткізіледі
Фото: massaget.kz

Қазақ күресінен «Еуразия барысы» додасы биыл үшінші рет ұйымдастырылады. 9 қазан күні Тараз топырағында байрағын желбірететін жарыс Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналып өткізілмек.

Үшінші «Еуразия барысы» халықаралық турниріне Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Польша, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары қатысады. Командалық түрде өтетін белдесулерде балуандар 7 салмақ дәрежесі бойынша (55, 66, 74, 82, 90, 100, +100 кг) боз кілемге шығады.

2013 жылғы «Еуразия барысында» қазақ балуандары финалда моңғолдарды жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Ал өткен жылы қазақтың қайталанбас тұлғасы Балуан Шолақтың (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) 150 жылдық мерейтойына арналып өткізілген додада моңғол балуандары финалда Қазақстан құрамасын жеңіп, бір жыл бұрын кеткен есесін қайтарды. Биыл да «Еуразия барысының» басты фавориттері ретінде моңғолдар мен қазақтарды айтуға болады.

Қазақ күресінен өтетін турнир жыл сайын қанатын кеңге жайып келеді. Қатысуға емеурін танытып отырған құрамалар да жетерлік. Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры 18,8 миллион теңгені құрап отыр.

«Еуразия барысы» ІІІ халықаралық турнирін «ТRT AVAZ» (Түркия), «Боец» (Ресей) арналары тікелей эфирде әлемнің 120-дан астам елдерінде таратады. Қазақстандықтар доданы «KazSport» және «Қазақстан» арналары арқылы тамашалай алады. 

О. Сансызбай