- Негізгі бет
- Маккала
- Алматы, әлде Пекин?!...
Алматы, әлде Пекин?!
Бүгін Малайзия астанасы Куала-Лумпурде 2022 жылғы қысқы Олимпиада өтетін ел белгілі болады. Дүниежүзілік доданы өткізуге Алматы мен Пекин қалалары талас жүргізіп отыр. ХОК қай қаланы таңдауы мүмкін? Осы төңірегінде қысқаша болжам жасап көрсек.
2022 жылғы ақ Олимпиаданы өткізуге Қазақстан мен Қытай ғана өтініш танытқан жоқ. Төрткүл дүниенің кіл мықты спортшылары бас қосатын жарысты Польша (Краков), Украина (Львов), Норвегия (Осло) мен Швеция (Стокгольм) да өз елінде өткізуге ниетті болды. Алайда аталған елдердің үміткер қалалары кейіннен өз кандидатураларын кері қайтарды. Швеция доданы өткізуден бас тартуының себебін қаржылық жағдаймен түсіндірсе, Украинадағы саяси тұрақсыздық үміткерлікке таласудың үмітін сөндірді. Ал Польша халқы болса, қысқы Олимпиаданы өткізуге түбегейлі қарсы болды. Осло Алматы мен Пекиннің жанында айқын фаворит болатын. Олай дейтініміз, Скандинавия түбегіндегі елде қысқы спорт түрі өте жоғары деңгейде дамыған. Ауа-райы қолайлы болатын. Алайда норвегтер доданы өткізуден бас тартты. «Қаржы жағынан қалта көтермейді» - деп құтылды. Нәтижесінде ХОК таңдауы Алматы мен Пекиннің біріне түсетін болды.
Қаржылық жағдай демекші, Олимпиада өткізу үшін қомақты қаржы керек. Мәселен, 2014 жылы Ресей Сочи Олимпиадасын өткізу үшін 50 миллиард доллар қаржы жұмсады. Нәтижесінде рекордтық көрсеткішті тіркеді. Осыған дейін мұндай көлемдегі қаржы Олимпиада ойындарында жұмсалып көрмеген болатын. Қазақстан 50 миллиард доллар жұмсамайтыны анық. Себебі, Алматыдағы құрылыс жұмыстары «нөлден» басталмайды. 2011 жылы өткен қысқы Азиада мен 2017 жылы өтетін қысқы Универсиадаға арналған кешендер мен спорт орталықтары Олимпиадаға жарайтыны анық. Ал қытайлар болса, 2022 жылғы Олимпиада өз елінде өтсе, барлығын «нөлден» бастап, мега-қала салуға дайындалып жатыр.
Бұл таласта «аспан асты елінің» фаворит екені айтылып та, жазылып та жүр. Десе де Алматының да мүмкіншіліктері жоқ емес. Пекиннің қысқы Олимпиаданы өткізудегі басты қиындықтарының бірі – табиғи қардың аз түсуі. Яғни, Пекин – оңтүстікте орналасқан қала. Тіпті, қыстыгүні мұнда қар сирек жауады, оған қоса қысқы спорт түрлеріне арналған жабық стадиондар жоққа тән. Мұны ескерген ХОК комиссиясы осыған дейін Пекин қаласының табиғи жағдайы талапқа сай келмейтіндігі жайлы анықтаған да болатын. «Таулы аймақтарда қары аз, ал жасанды ақ ұлпа шығаруға су қоры жеткіліксіз» - деп те айтқан. Бұл тұрғыдан Алматының мүмкіндігі жоғары.
Екіншіден, қос қаланың географиялық жағдайын да ескеруге болады. Олимпиада өтетін елді ауыстырып отыру – ХОК ережелеріндегі басты қағидалардың бірі. Мәселен, 2012 жылғы жазғы Олимпиада Лондонда өтті, келесі 2016 жылғы Олимпиада Еуропа құрлығында өткізілмеуі керек. Осыған сай келесі жазғы Олимпиада Оңүстік Америка құрлығында, Бразилияда өтеді. Пекиннің аяғына тұсау болатын тұс та осы. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда ХОК-тың құрлықты ауыстырып отыру тәртібі бұзылатыны анық. Себебі келесі екі Олимпиада Азия құрлығында өтетіні шешіліп қойған. Ол 2018 жылы Оңтүстік Кореяда жалауы желбірейтін қысқы Олимпиада мен 2020 жылы Жапонияда өтетін жазғы Олимпиада. Осыған байланысты да Норвегия астанасы Осло фаворит саналған еді. Алайда норвегтер бас тартқаннан кейін Олимпиада үшінші рет қатарынан Азия құрлығында – Қазақстанда не Қытайда өтпек.
Ақ Олимпиада Пекинде өтетін болса, Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) құрлық ауыстырып отыру қағидасы ғана емес, аймақтық қағидасы да бұзылғалы отыр. Үш Олимпиада қатарынан бір аймақта, Шығыс Азия елдері – Оңтүстік Корея, Жапония, Қытайда өтеді. Сондықтан ХОК ойындар өтетін құрлықты, аймақты өзгертіп отыру қағидасын сәл де болса сақтауды ойласа, 2022 жылғы Олимпиада ойындарының астанасы ретінде Алматыны таңдауы бек мүмкін.
Алматы 2011 жылы Азиаданы ойдағыдай өткізіп, қысқы ойындарды ұйымдастыруда көзге түсті. 2017 жылы қысқы Универсиаданы өткізу арқылы тағы тәжірибе жинайтыны анық. ХОК мұны да ескерері анық. Ал Пекин болса, жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын қабылдаған әлемдегі тұңғыш қала ретінде тарихқа енгісі келеді.
Алматыны Олимпиаданы өткізудегі тағы бір басымдығы – жарыс өтетін орындардың жақын орналасуы. Арақашықтықтары 30 шақырымды құраса, Пекинде 7 есе үлкен. Сондықтан да ақ Олимпиада Алматыда өтер болса, жарыс өтетін орындары жақын орналасқан тарихтағы алғашқы дода болады.
Пекиннің де Алматыдан басым түсетін тұстары жоқ емес, баршылық. Мысалы, «аспан асты елінің» астанасы әлемдегі дамыған танымал қалалардың бірі. Жылына миллиондаған турист барады. Қонақүйлер де жеткілікті деңгейде қамтылған. Сондай-ақ, тасымалдауға арналған қоғамдық көлік қатынасы жоғары деңгейде. Мұның барлығы – Пекиннің басымдығы.
Қош, сонымен қаржы мәселесіне қайта оралайық. Кеше ғана «Алматы-2022» Олимпиадасы ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Андрей Крюков ресейлік басылымға берген сұхбатында осы тақырып төңірегінде айта кетті. Олимпиада ойындарын өткізу үшін 4,5 миллиард доллар көлемінде қаржы жұмсалады. Ал ойындардан түсетін қаржы көлемі 3 миллиард долларды құрамақ.
- Олимпиада бюджеті алғашында 5 миллиард доллар деп жоспарладық. Кейін Халықаралық Олимпиада комитетінің сұрауы бойынша бюджетті 500 миллион долларға қысқарттық. Қазір Алматы-2022 жобасының бюджеті 4,5 миллиард долларды құрайды. Бұл бюджет қалады. Бірақ біз 1,7 миллиард доллар жұмсаймыз. Олимпиададан 3 миллиард доллар пайда түседі деп жоспарланған. Олимпиада – шығын ғана емес, пайда әкелетін шара, - деді Андрей Крюков.
Бүгінде Алматыда мұз сарайы, спорт сарайы, халықаралық шаңғы трамплиндер кешені, «Ақ бұлақ» шаңғы жарысы мен биатлон бойынша олимпиада орталығы, «Медеу» мұз айдыны, фристайл, бобслей секілді жарыстарды өткізетін «Табаған», «Көкжайлау» кешендері бар. Бірақ 2022 жылға қарай бұл объектілер тағы да күрделі жұмыстарды қажет ететіні анық.
Ал қала әкімі Ахметхан Есімов болса, Алматыда Олимпиада өткізудің маңызы туралы о бастан айтып келеді. Таңдау алдындағы баспасөз мәслихатында да Алматының доданы өткізуге дайын екенін алға тартты.
- Егер біздің Олимпиада өткізуге берген алғашқы өтінішімізді еске алатын болсақ, осы мерзім аралығында қаланың экономикасы екі есе артты, инфрақұрылым жақсарып, спорт және мәдениет нысандары жетілдірілді. Бүгінде Алматы еліміздің экономикалық орталығы болып табылады және республикалық бюджеттің басым бөлігін жасақтайды, қаланың ЖІӨ көлемі дағдарысқа қарамастан кейбір көршілеріміздікінен асып жығылады. (...)", - деп жауап берді Есімов.
Алматы қаласы 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге алғаш болып ресми өтініш жасаған қала (2013 жылдың тамыз айының ортасында). Егер Алматы қаласының өтініші мақұлданса, Қазақстан мемлекеті посткеңестік елдер арасынан ең алғаш боп Олимпиада ойындарын өткізген елге айналады (Бұл тізімге 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізген Ресейді қоспағанда).
Айта кетейік, 2022 жылғы қысқы Олимпиада өтетін ел ертең белгілі болады. Куала-Лумпурдегі ХОК комиссиясының 127-ші отырысын 700-ге жуық журналист бақылайды. Оның 64-і – қазақстандық тілшілер. Ал жалпы қорытынды ертең түстен кейін белгілі болады. Шараны әлемнің 110 елінің көрермендері тамашалайтын болады. Ал қорытындысын ХОК президенті Томас Бахтың өзі жариялайды.
Алматы, әлде Пекин?!
О. Сансызбай