Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы жайлы не білеміз?

Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы жайлы не білеміз?
Фото: massaget.kz, boxing.com

Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген отандасымыз Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 2015 жылдың 17 қазанында Нью-Йоркте өткізетін болды. Отандасымызбен жұдырықтасқалы отырған канадалық боксшы Давид Лемье де осал қарсылас саналып отырған жоқ.

Давид Лемье 1988 жылы Канаданың Монреаль қаласында дүниеге келген. Осыған дейін кәсіпқой бокстағы 34 жекпе-жегінің 33-ін туған қаласында өткізген. IBF (Дүниежүзілік бокс федерациясы) тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуге ие. Ол бұл атағын отандасымызға қарсы бірінші рет қорғайды. Чемпиондық атақты соңғы рет француз Хассан Н'Дам Н'Жикамға қарсы жекпе-жекте жеңіп алған болатын.

Канадалық боксшының анасы – армян, ал әкесі – канадалық (квебек – жергілікті этнос) екен. Десе де боксшы туған әкесінің тәрбиесінде өспеген. Өгей әкесінің (армян) қолында жетілген. Бокспен 10 жасынан бастап шұғылдана бастаған. Әуесқой бокста үш рет Канада чемпионы атанған. Кейіннен боксшының бапкері Руси Анбер (бұрынғы бапкері) Давидке Олимпиадаға қатысу жоспарын бұзады деген оймен, кәсіпқой боксқа ауысуына септігін тигізген.

Давид Лемье кәсіпқой бокстағы бірінші жекпе-жегін 2007 жылдың 14 сәуірінде өткізген. Аса танымал емес мексикалық боксшы Хосе Канделарио Торресті еш қиналмай жеңген. Кейіннен боксшының жеңісті жекпе-жектері жалғасып, Канадада аса танымалдылыққа ие болған. 25 жекпе-жегінде мерейі үстем Давид Лемье 2011 жылы мексикалық Марко Антонио Рубиоға есе жіберді. Техникалық нокаутпен жеңіліс тапқан канадалық боксшының жігері жасып қалған жоқ. Араға 8 ай сала Гайти  елінің былғары қолғап шебері Жоашен Альсинге қарсы жекпе-жек өткізді. Бірақ, бұл жолы да Давидтің жолы болған жоқ. Төрешілер шешімімен канадалық боксшы мансабындағы екінші жеңілісінің ащы дәмін татты. «WBC International» чемпиондық атағынан айырылды.

2012 жылы кәсіпқой бокстағы жолын жалғаған Давид Лемье мексикалық Хаудель Сепетаны жеңіп, жеңісінің санын арттыра түсті. 2011 жылғы екі жеңілісінен кейін жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Негізінен Давид Лемье жекпе-жектерінің көбін (16 кездесу) мексикалық боксшыларға қарсы өткізген. Бұл тұрғыдан алғанда, Головкин де мексикалық стильде тамаша жұдырықтасуды біледі, ал Лемье де бұл стильдегі боксшыларды жеңіп көрген.

Канадалық боксшы Геннадий Головкинмен нағыз тартысқа толы жекпе-жек өткіземін деп сеніп отыр. Ал GGG промоутері Том Леффлер болса, бұл кездесу 12 раундқа созылмайды деп топшылауда. Бұл кездесудің басты жаңалығы – НВО арнасынан PPV («Pay Per View» («төле де, көр» ауд.) форматында көрсетілетіндігі. Ақылы түрде таралатын бокс жекпе-жегіне отандасымыз алғаш рет шыққалы отыр.

Мен бұл кездесудің ұйымдастырылғанына өте қуаныштымын. Жекпе-жекті әлем жұртшылығы көреді. Соңғы 5 жылдағы ең үздік бокс жекпе-жегі болады деп сенемін. Шынын айтсам, мен кіммен шаршы алаңға шықсам да бәрібір. Головкин орта салмақтағы үздік боксшылардың бірі. Мен де оның деңгейінде жұдырықтаса аламын. Жеңіл жекпе-жекті қаламаймын. 17 қазанда нағыз шоу болады. Мен тарихта атымды қалдырғым келеді, - деді Давид Лемье. Ал Қазақстанға отбасымен оралған Геннадий Головкин бұл кездесу туралы ойын әлі айта қойған жоқ.

Айта кетейік, Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін мамыр айында кіші Вилли Монроға қарсы өткізіп, 6 раундта жеңген болатын. Қазіргі таңда отандасымыз 33 кездесуінің 30-ын нокаутпен жеңіп, орта салмақта үздік боксшылардың бірі атанып отыр. Ал Давид Лемье болса осыған дейін 36 кездесу өткізіп, 34-інде жеңген. 31 кездесуін мезгілінен бұрын аяқтаған. Қос боксшы арасындағы жекпе-жек 17 қазан күні Нью-Йорктағы «Madison Square Garden» кешенінде өтеді.

О. Сансызбай