Денис Тен күзде екі ірі «Гран-При» турниріне қатысады

Денис Тен күзде екі ірі «Гран-При» турниріне қатысады
Фото: vk.com

Мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2015 жылы Сеулде өткен «төрт құрлық чемпионатының» жеңімпазы, Шанхайдағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Денис Тен күзде екі ірі «Гран-При» турниріне қатысуды жоспарлап отыр.

Халықаралық сырғанау спорты одағының (ISU) ресми сайтында күздегі «Гран-При» турниріне қатысатын спортшылар белгілі болды. Қазақстандық Денис Тен «Skate America» және «Trophée Bompard» турнирлеріне қатысуға өтініш беріпті.

«Skate America» «Гран-При» додасы 23-25 қазан аралығында АҚШ-тың Милуоки қаласында өтеді. Жарысқа Брендан Керри (Австралия), Хан Ян (Қытай), Флоран Амодио (Франция), Такахито Мура (Жапония) және Сема Уно (Жапония) сынды спортшылар қатысуға өтініш берген. Ал Бордодағы (Франция) «Trophée Bompard» «Гран-При» турнирі қарашаның 13-15 аралығында өтеді. Бұл жарысқа Денистен өзге Патрик Чан (Канада), Дайсуке Мураками (Жапония), Сема Уно (Жапония), Максим Ковтун (Ресей) және Флоран Амодио (Франция) қатысады деп жоспарланған.

Айта кетейік, Денис Тен 20-21 маусым күндері Алматыда «Денис және достары: Сәлем Алматы» деген атпен мұзды шоу бағдарламасын өткізеді. Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніндегі мұз айдында қазақстандықтар Олимпиада чемпиондары ресейлік Максим Траньков және Татьяна Волосожар, Олимпиада жүлдегері Джоани Рошетт, әлем чемпионы Стефан Ламбьель өнерін тамашалай алады. Сонымен қатар, Эладж Балде, Мари Пьер Лерай, Александр Любченко және Жан Дени-Санши де өз өнерлерін ортаға салады. Ал қытайлық Олимпиада чемпиондары Цин Панг, Цзян Тонг және әлем чемпионатының жүлдегерлері Джереми Эббот, Майя және Алекс Шибутани, Елена Радионова мен Су Ен Пак бұл жобаға алғаш рет қатысқалы отыр.

О. Сансызбай