- Негізгі бет
- Маккала
- «Астана» IFFHS рейтингінде...
«Астана» IFFHS рейтингінде «Миланды» қалай басып озды?
Жақында Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHS) 2014 жылғы әлемдік клубтардың рейтингін шығарды. Жаңарған рейтингте ел чемпионы атанған елордалық «Астана» 135-ші орынннан көрініп, әйгілі «Милан», «Лацио», «Галатасарай», «АЗ Алкмаар», «ЦСКА» және «Сантос» сынды клубтарды артта қалдырған. Бұл үшін қуаныштымыз да. Бірақ, рейтингтегі жағдай мәз болмаса да, әйгілі ұжымдарды «Астана» қалай басып озды деген ойға қаласың?
IFFHS жариялаған жаңарған рейтингте мадридтік «Реал» 381 ұпаймен көш бастады. Өткен жылы көш бастаған мюнхендік «Бавария» екінші сатыға сырғыған. Үштікті тағы бір мадридтік клуб «Атлетико» қорытындылап отыр.
Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясының (IFFHS) негізі 1984 жылы 27 наурызда Лейпцигте қаланған. Қазіргі таңда негізгі штаб-пәтері Германияның Бонн қаласында орналасқан. ФИФА бұл ұйымды әлем футболы «шежіресінің жинағы» ретінде бағалайды. Бұл жобаны дәрігер Альфредо Пеге ұйымдастырып қолға алған.
Альфредо Пеге – футбол тарихындағы жұмбақ тұлғалардың бірі. Ол тілшілер алдына шығып, бірде-бір рет сұқбат, немесе мәлімдеме жасамаған. Оны тілшілер «бұқаралық ақпарат құралдарынан қорқады» деп бағалайды.
Альфредо Пеге ұзақ жылдар бойы Лейпциг клиникасында дәрігер болған. Бос уақытында футбол ойындарының статистикасына мән беріп, жинақтап жүреді. Бірде оған статистикалық федерация құру туралы ой сап ете қалады. Нәтижесінде ол сол кездегі ФИФА бас хатшысы Хельмут Кегермен байланысқа шығып, өз ойын жүзеге асырған. Басында IFFHS басылым ретінде жарық көрген. Кейіннен Альфредо жылдың үздік қақпашысын, ойыншысын және төрешісін дауыс беру арқылы анықтау қажет екенін ойлайды. Оның жобасын дайындап шығып, жаңадан қызметке келген ФИФА бас хатшысы Йозеф Блаттерге ұсынған. Қазіргі ФИФА президенті бұл жобаны сол кезде мақұлдаған. Соңынан жыл сайын футболдағы үздіктерді анықтап тұру мүмкіндігіне де ие болған. Дәл осы жыл үздіктерін анықтау шарасынан кейін, Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясына неміс басылымдары үдере қарсы шықты. Қайдағы бір «елес» адамның жыл сайынғы қорытындылары қоғам алдында дау тудырды. Жергілікті басылымдар бұл федерация қорытындысын Пегенің жеке көзқарасынан құрылған рейтинг жүйесі ретінде бағалады. Бүгінге дейін кей неміс басылымдары IFFHS рейтингін жарияламайды да, мән де бермейді.
Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHS) ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы үздік бапкері ретінде Арсен Венгерді таныды. Ал «Арсенал» жаттықтырушысы 2000-2010 жылдар аралығында 2 чемпиондық атақ пен 3 рет Англия кубогын еншіледі. Ал сэр Алекс Фергюсонның жетістігі бұдан жоғары еді. Тіпті, лондондық клуб 10 жыл ішінде 773 ұпай жинаса, «Манчестер Юнайтед» барлығы 826 ұпай еншілеген. Осыдан кейін-ақ бұл федерацияға қарсы сын оқша борады. Үздік бапкерлікке дауыс берген жасырын комиссиясының да аты аталмай кетті. Бірақ, федерация әлі жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінде ұйымды БАӘ елінің өкілі Мұхаммад Бин Сакер Аль-Кассми басқарып отыр.
IFFHS рейтингі қалай есептеледі?
Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы клубтардың рейтингін 4 деңгейге бөліп қарастырады. Төртінші деңгейге әлемнің топ-клубтары енген. Олардың әр ресми кездесулеріне, өзге деңгей командаларынан жоғары ұпай беріледі. Толығырақ ресми сайтында жазылған ұпай беру ережесімен танысуға болады. Ал негізінен ең көп ұпайларды Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы сынды додаларда таратады.
2014 жылғы қорытынды бойынша, ел чемпионы атанған «Астана» 110 ұпаймен 135-ші орыннан көрінді. Қазақстандық клубты 2-ші деңгейлі командалар қатарына қосқан. Яғни, ішкі біріншіліктегі әр жеңісіне – 2 ұпайдан, тең ойынына – 1 ұпайдан берген. Ел кубогындағы ширек финалдан басталған әр жеңісіне – 5 ұпай, тең ойынына – 2,5 ұпайдан «сыйлаған». Ал Еуропа лигасындағы әр жеңісіне – 12 ұпай, тең ойынына – 6 ұпайдан табыстаған.
Айта кетейік, «Милан» төртінші деңгейлі ұжымдар санатына кіргенмен, өткен маусымдағы ішкі біріншіліктегі және кубок ойындары аясындағы сәтсіздіктеріне байланысты «Астанадан» төменгі сатыда орналасатыны сөзсіз. Себебі, IFFHS рейтингі ережесіне сәйкес италиялық клуб Станимир Стойлов шәкірттерінен аз ұпай жинаған.
2014 жылғы IFFHS рейтингінде «Ақтөбе» - 184-ші орынға, «Шахтер» - 191-ші, «Қайрат» - 223-ші сатыға жайғасқан.
Жаңарған рейтинг шыққалы бері кей клубтардың спорт сарапшылары разы емес екенін де жеткізді. Өйткені, ережеде жазылғанмен, ұпайдың кем саналғанын айтуда. Бірақ, осыған дейін, IFFHS өз тарапынан қателік кеткенін мойындап, рейтингтік жүйеге өзгерту енгізбеген. Осы уақытқа дейін, «қалай болса да біздікі дұрыс, қалғанын өздерің есептеп алыңдар» деген саясат ұстанып келеді.
Сурет: liter.kz, sports.ru
О. Сансызбай