Моуринью Матаны неге сатты?

Моуринью Матаны неге сатты?

Мауринью мен Мата арасын қандай мысықтың кесіп өткені белгісіз, бірақ, бір білетініміз, ағылшын баспасөз құралдары Жозе Лондонға ат басын бұрады деген күннен бастап, Матаның бас бапкермен мінез тұрғысында біте қайнасып кете алмайтындығын жаза бастап еді. Дегенмен, кез келген кәсіби маманның мінезге емес, бірінші кезекте білікке, шеберлікке қарайтынын ескеріп, назар аударуға тұрарлық бірнеше себептерді ұсына кетсек дейміз...

Испан футболынан төбе шашы ағарып, шаршап келген бас бапкер мадридтік «Реалдан» түпкілікті ат-тонын ала қашқысы келді ме екен?! Матаның бұрынырақта мадридтік «Реалдың» мектебінде тәлім алғанын ескерсек, бір долбарға мұның өзі де жарап қалар...

Мүмкін, бұрынғы аудармашы (Жозені айтып отырмыз) бұрынғы журналистің кейбір сарындағы сөздерін жақтырмады ма екен?! 

Бургостан шыққан балақай...

Бургос атты шағын қаланың ең жас тұрғыны 12 жасында «Реал Овьедо» футбол мектебінің табалдырығын аттайды. Арада үш жыл өткенде Испаниядағы ең таңдаулы мектептердің біріне шақырту алады - «Реал Мадрид».

2006 жылы ол мадридтік "Реалдың" спорттық мектебін тәмамдап шығады. Сол уақытта "Реалдың" екінші командасынан ұсыныс келіп түседі. Футболшы бұл ұсыныспен келісе кетеді - бір маусымда қырыққа жуық ойынға қатысып, онға жуық гол соғады.

Маусым аяқталысымен Хуанды Испаниядағы ең таңдаулы ұжымдардың бірі - «Валенсия» клубы шақыртады. Сол уақыттарда мадридтіктерді жаттықтыратын Рональд Куман Ангулоны қосалқы құрамда қалдырып, орнын басқан Висентенің жиі жарақат алып қалуы салдарынан Хуанға сенім арта бастайды. 

2010 жылдың жазында «Валенсия» өзінің  екі бірдей үздік ойыншысы - Давид Сильва мен Давид Вильяны сатады. Көз ұзамай көшбасшылық Хуан Матаның қолына көшеді. 

2011 жылы лондондық "Челсимен" келісімге отырады...

Жозенің чемпион командалары

- "Шабуыл өтіндегі жартылай қорғаушыға қорғаныстың не қажеті бар?", - деп сұрарсыз, әрине. Бірақ, мұның жауабын беретін біз емес. Португалдық жас маманның футболдағы бүкіл мансап жолы, қиыр-шиыры, күллі жеңісінің құпиясы осы қорғаныспен тікелей байланысты.

Қорғанысты басты орынға қоятын, сосын барып қана шабуылға мән беретін білікті бапкер ойыншының біруақытта қорғаныста да, шабуылда да өнер көрсетуін қалайды. Ол үшін, тіпті, шабуылшы болсын, қорғанысқа қол ұшын бере білуі тиіс. Әрине, Матаның соғатын добы мен асыратын пасын есепке ала отырып, көз жұма қарауға болатын еді, бірақ, ұжымдық ойында бүге-шүгесіне дейін қаралатын детальдар бар. Онсыз да "ақсүйектер" сапында ауыр қозғалатын ардагер диспетчер Лэмпардтың жүруі бұған көп мүмкіндік бере бермейтін еді.

Моур - тәртіптің құлы. Және бет-бедел дегенді мойындамайтын жан. Жақсы ойнаған күнде жақсы қорғана алмасаң, жақсы ойыншы бола тұра, орныңды қосалқы құрамнан сайлайды. Әрине, егер Роналду секілді мерген болып жатсаңыз, көз жұма қарар, бірақ көп жағдайда "бармақ басты, көз қыстыға" салмайды...

Ал Мата шабуылда еркін көсіліп, тапқырлық танытып жатқанмен, қорғаныста сауатты ойын өрнегімен әркез көзге түсе бермейтін. Қарсыласқа да аяушылығы басым болатын... Міне, Виллиан мен өзге де ойыншыларды есепке ала отырып, Жозе өз таңдауын жасады деуге болады.

Матаның тағы бір кемшілігі, оң аяқпен доп тебе алмауы. Дәл қазіргі таңда әлемдегі ең мықты ойыншылардың көбісі сол аяқпен де, оң аяқпен де жақсы ойнайтындар. Ал испан жартылай қорғаушысы доп оң аяққа келгенде көбіне ақсап жатады. Көп мачтарда қарасаңыз, оң аяқтан сол аяққа допты түсіру үшін көп уақыт жұмсайды.

Жозенің командасы

Жозе таланттың тасасынан туыстықты да іздейді. Оның дәлелі ретінде Чех, Терри, Дрогба, Милито, Снейдер, Майкон мен Комьбяссо секілді аяулы нөкерлерінің ұзын санын келтіре кетуге болар. Ең бастысы, португалдық маман әр уақытта сенім артуға тұратын, бас-басына қазаншының еркін сұрамайтын, ойлағанын жүзеге асыруда қол ұшын беретін футболшыларды жоғары бағалайды.

Шағын денелі, ылдым-жылдым жігіттер Пеп Гвардиолаға ұнайтын шығар. Ал Маур атлеттік сом денелі, әбден шыныққан, ет-жеңді жігіттерден жасақтағанды жөн көреді. Лэмпард, Дзанетти, Хедира, Алонсо секілді ойыншылардың португалдықтың тактикалық схемасына дөп келуі де содан болар.

Маур команданы бір адамның төңірегінде құрып, шоғырландырғысы келмейді. Озилді қосалқы құрамда қалдырып, орнына Ди Марияны шығаруы, басқа да ауыстырып отырулар... үнемі ол өз ұстанымын Мадрид төрінде де қалыс қалдырған емес.

Жозе жеке ойыншының индивидуальдық мүмкіндігіне бағынышсыз, өзара ауызбіршіліктегі бір ортақ ұжым құрғысы келеді. Ол үшін жастар жағы мен қарт ойыншыларды (жасы келгендер) араластыра отырып, жастардың жеке шеберлігіне тәжірибелікті қосқысы келеді..

Ал Мата өзіне толығымен сенім артылып, өзін басты орынға қойған кезде ғана барлық қырынан көрініп, жарқырап ойнай алатын орындаушылар қатарынан. Қолына жеке биліктің қонуы оны мықтай түскенмен, жеме-жемге келгенде қарсыласты мықты етпесіне кім кепіл дерсіз?! Мәселен, Яя Туре секілді жан алғышпен бетпе-бет кездесуде басты ойыншы құрықталып жатса, Жозе қандай күй кешер екен...

Бір уақыттарда Лэмпард пен Баллактың басын қосқан бапкер Матаны өз қажетіне жарата алмайтынын жай ғана білді, түсінді. Жарақтанып алған және жаңа сатып алынған нөкерлер тұрғанда (Виллиан мен Андрені қалап алдырды), жақсы бір ойыншыны сатып жіберуі әбден орынды.

Мата Англияда өткізген осы уақыт ішінде қарсыластар қақпасына 227 мәрте (момент) сәтті-сәтсіз мүмкіндіктерді қарастырып көрген. Бұл көрсеткіш тұрғысынан тек үзеңгілес досы Давид Сильва ғана теңеседі.

Мата «Челсидің» жейдесінде 6943 минут алаңда болған. Бұл мәліметтер, өз кезегінде, испандық жартылай қорғаушыға гол соғу үшін және нәтижелі пас беру үшін қанша уақыттың кететіндігін көрсетеді:

Премьер-Лигада әрбір 30,6 минутта бір мүмкіндік (момент) жасап тұрса, нәтижелі пас жасау үшін  257 минутты қажет қылған. Әрбір 385 минут сайын доп соғып, әрбір 267 минут сайын 100 пайыздық мүмкіндіктерді қарастырған.

Кросс (допты өткір шабуыл өтіне алып шығу) - Мата 533 мәрте жасаған екен, және оның 131 сәтті аяқталған екен. Премьер-Лигадағы ойыншылар арасында 25 пайыздық бұл көрсеткіш өте жоғары саналады.

Матаның МЮ-ге үйренісуі

Манчестер жұртшылығы ойыншыға 8-нөмірлі жейдені табыс етті. Қысылтаяң шақта келгені үшін 7-нөмірді беруге де болар еді, бірақ, өзге бір сыйлы жанның иелігінде болған соң...

Бірқатар қиындықтар туындауы да мүмкін. Соның бірі - Матаның "қызыл сойқандар" сапында еркін суреткер бола алмайтындығы. Мойес те қысылтаяң шақта бұған тәуекел қыла қоймас. Бір жағынан, чемпиондық рух жетіспейтін Валенсия мен Янг, тау  бұлағындай болмысы бөлек ойыншылар Руни мен ван Перси, футболға жаңа тыныс алып келген, аяқ алыстары бөтен Янузай мен Уэлбек – Матаның ауысып келуімен Мойестің ойын жүйесіне басқа қырынан қарауға итермелеуі мүмкін. Қазір қолданылып жүрген  4-2-3-1 жүйесі де Матаға қол болмақ. 

Ендігі таңда Мата Рунидің орнын басып, таза шабуыл өтіне шығуы мүмкін. Рунидің ерте кезден өз орны шабуылда. Сэр Алекстің тұсында міндеті өзгеріп кетті демесеңіз, ойыншының жүріс-тұрысы сол баяғы күйінде қалып келеді. Тек, Мата секілді пас беруде бір кем танылатын (пас берудегі осалдық) шығар...

Алыстағыны көзі шалған көреген бапкер Матаның ендігі аяқ алысы Руни мен ван Персимен тығыз байланысты болатынын күні бұрын бағамдаса керек. Мата Лондоннан кетпей тұрып, Жозенің екі жолы дұрыс шешім шығаруын сұрапты...

Бір жақсы жаңалық, Матаның  команда ойынына үйренісуі (адаптация) көп уақыт ала қоймайды. "Челси"  жейдесін киген алғашқы күннен бастап «ақсүйектердің» ойынына бірден үйренісіп кете алып еді.

Дрогба мен Роббенің жолын оңғарып жатса,  мотивацияны қажет етпейтін  жартылай қорғаушы «Манчестерді» төрге сүйрейді деген ниеттеміз. Мессидің құрдасына сәттілік!

АПЛ-да өткізген 142 кездесуде 100 жеңіс! Жозенің көрсеткіші. Ұзақ жылдар бойы бір клубты жаттықтырып келе жатқан АПЛ-дың ақсақалдары Фергюсон мен Венгер де мұндайды жасай алмапты. Ең қызығы сол, Жозе өзінің ең мықты ойыншыларының бірін сату арқылы (жазғы трансферде сатуына да болар еді, негізі) «қызыл сойқандар» қосынын күшейтіп отыр. Бұл өз кезегінде Жозенің біріншілікте жеңіске жетуіне жол ашуы мүмкін. Өзіңіз-ақ алып қараңыз, «Манчестер» алдағы турларда «Ливерпуль, "Арсенал", "Ман Сити" секілді грандтармен кездесу өткізеді екен. Ал Жозеге басты қарсылас саналатын осы бір алпауыттар ұпайдан айырылып жатса, чемпиондық тәж Лондонға қайта оралуы бек мүмкін.

Жозе үнемі қыршаңқылығымен, адамдарға негатив сыйлаумен ерекшеленіп жүретін жан. Бірақ, бұл жолы бүкіл Англияны, жалпы футбол әлемін дүр сілкінтіп отыр. Жақсылығымен! Қантар айында 45 миллионға бір ойыншысын сату арқылы, жұртшылықты күні бұрын қызу тартысқа дайындап қойды. Жалпы, жұртқа керектіні Жозе жазбай таниды десек, қателеспейміз. 

Жозенің «корольдік клубтың» бойтұмарын қосалқы құрамда қалдыруы біздерді бір шулатқан болса, әлемнің ең үздік жартылай қорғаушысын қосалқы құрамда қалдырып келуі екі шулатып еді. «Челси» жанкүйерлері, оның ішінде Аркадий (Роман Абрамовичтің баласы) Матаны «ақсүйектер» сапынан кеткенін қаламапты. "Ақсүйектер" ендігі сұрақтың жауабын Мадридтен іздейтін болар, «корольдік клубтың» ішінде сақтаулы жатқан бір сырды ашуға тырысып көретін шығар...

«Алтын допқа» үміткер Азар тұрғанда, шабуылға ұрымтал шығатын Оскар жүргенде, тыңбай еңбек етуден таңбайтын Виллан мен «Бенфикадан» Матич сатып алынғанда, Жозеге Матаны сатудан басқа амал қалмаған шығар. Бастысы, «Челсиге» - ақша, Маурға - тактика, "Манчестерге" – шебер бұйырды.

 

«Челси» жейдесіндегі алғашқы ойын. 

«Манчестер Юнайтедке» соққан голдар.

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: soccer.ru; eurosport.ru; sports.ru

Л. Лига