Қазақстандық спортшы әлем чемпионы атанды

Қазақстандық спортшы әлем чемпионы атанды

Қазақстандық спортшы Анастасия Швабауэр кір көтеруден әлем чемпионы атанды.

Лимада болған жастар арасындағы чемпионатта 75 келі салмақта бақ сынаған отандасымыз жалпы 224 келі кірді көтеріп, чемпион атанды. Анастасия АҚШ-тың спортшы қызын 10 келі салмақ айырмашылығы бойынша ұтып кеткен. Бұл туралы Vesti.kz сайты хабарлап отыр. Күміс медаль АҚШ-тың еншісінде кетсе, қола жүлдеге Канададан келген Иоани Филиатро лайық болды.

Бұл 19 жастағы қазақстандық спортшы үшін жастар арасындағы чемпионаттың ең үлкен жеңісі болып отыр. 2010 жылы Швабауэр 6-шы орынға тұрақтаған еді. Сонымен қатар, оның еншісінде юниорлар арасындағы 2010 және 2012 жылдарда өткен азия біріншіліктерінде алған бір қола және бір күміс жүлдесі бар.

Ал өткен жылы ол ересектер арасындағы Азия біріншілігінде төртінші сатыға тұрақтаған.

Ал кеше ғана, Жазира Жапарқұл Қазақстан қоржынына күміс медаль салған еді.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: vesti.kz

А. Құлтай