"Арсенал" ғажайып жасауы мүмкін бе?

"Арсенал" ғажайып жасауы мүмкін бе?

Чемпиондар Лигасының кешегі күні көрсеткендей, өмірде ғажайып күтпеген жерден орын алып жатады. Алайда, мұндай оқиғаның дәл осы мюнхендік «Бавария» мен лондондық «Арсенал» арасындағы қарымта ойында орын алуы екіталай. Естеріңізге сала кетсек, бірінші кездесуді мюнхендіктер сырт алаңда ойнап, 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.  

Арсен Венгердің өз командасына деген үлкен сенімділігіне қарамастан, «Арсеналдың» Чемпиондар Лигасының 1/8 финалы аясында өтетін «Баварияға» қарсы қарымта ойында қиын жағдайдан құтылып шыға алатынына көбі сенбейді. «Канонирлердің» ғажайып жасау мүмкіндігі қаншалықты жоғары?

Алғашқы кездесуде 3:1 есебімен болған жеңіліс «Арсеналдың» ширек финалға өтуі үшін Мюнхенде кем дегенде үш рет гол соғуы қажет.

Мәселе тек қана «Арсеналдың» қазіргі жағдайында емес, 2013 жылы барлық кездесулерін жеңген «Баварияның» керемет формада болуында. Бұған қоса, Юпп Хайнкес шәкірттері Чемпиондар Лигасы аясында өз алаңында ойнаған соңғы 10 кездесуде де жеңімпазы атана білді – «Интерден» жеңілгелі бері шамамен екі жыл уақыт өтті.

Алдағы ойынға «Бавария» біршама әлсіз құраммен шығады. Бастиан Швайнштайгер мен Джером Боатенг ойынға қатыса алмайды, алайда, олардың орнын Луис Густаво мен Даниэль Ван Бюйтен алмастыруға дайын. Жарақатына байланысты Франк Рибери алаңға шықпайды. Сонымен қатар, Арьен Роббиннің де ойынға қатысып-қатыспауы үлкен сұрақ. 

Командасының мүмкіндігіне байланысты бірқатар оптимистік сұхбат берген «Арсеналдың» бас бапкері Арсен Венгер өз сөзін іспен дәлелдей алатыны өте күмәнді - «канонирлер» күштерін Премьер-Лигаға сақтап қалады деп күтілуде.

Daily Mail ақпаратына сенер болсақ, «Альянс-Аренада» өтетін матчта Венгер Санти Касорла мен Тео Уолкоттқа демалыс береді. Сонымен бірге, Джек Уилшир, Бакари Санья, Лукас Подольски және де Войцех Шесны секілді ойыншылардың Лондонда қалып қойғаны белгілі. 

Чемпиондар Лигасының 1/8 финалы. Қарымта ойын 

"Бавария" (Германия) - "Арсенал" (Англия). Алғашқы кездесу - 3:1
Мюнхен.
"Альянс-Арена" стадионы.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: film6.ru

Ж. FM