2017 жылдың ең үздік голы

2017 жылдың ең үздік голы
Фото: Twitter

Халықаралық футбол қауымдастықтары Одағы (ФИФА) 2017 жылдың ең үздік, ең әдемі голына берілетін Ференц Пушкаш сыйлығын табыстады. Биыл бұл марапатқа "Арсенал" футбол клубының шабуылшысы Оливье Жиру ие болды.

Шабуылшы жанкүйерлер жадында жүрген тамаша голды осы жылдың 1 қаңтары күні "Кристал Пэлас" командасының қақпасына соққан болатын.

"Арсенал" футболшысы үздік голға таласта Колумбияның жасөспірім қыздар құрамасының ойыншысы Дейн Кастельянос және "Барока" командасының (ОАР) қақпашысы Оскарине Масулукені басып озды. Жанкүйерлер Жирудың голына көп дауыс берген.

Естеріңізге сала кететін болсақ, бұл сыйлық 2009 жылдан бері беріліп келеді. Танымал сыйлықтың атауы 1950 жылдары Венгрия ұлттық құрамасының капитаны болған Ференц Пушкаш құрметіне берілген.

Ө. Сансызбай