Универсиада – 2017. Айзаның айрықша өнері қазақ жанкүйерлерін қуантты (видео)

Универсиада – 2017. Айзаның айрықша өнері қазақ жанкүйерлерін қуантты (видео)
Фото: скриншот

Бүгін Универсиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасындағы жарыс аяқталды. Еркін бағдарлама бойынша мұз айдынға шыққан отандасымыз Айза Мамбекованың өнері жарысқа жиналған жанкүйерлерді айрықша қуантты.

Кеше өткен қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша 16-орынға ие болған отандасымыз бүгін жаттығуларын сәтті орындап шықты. «Көроғлы» күйіне дайындаған өнері көптің көңілінен шықты. Төрешілер де қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының өнеріне жоғары баға берді. Ал Айзаның өзі ойын соңынан көрсеткен өнеріне көңілі толатынын жеткізді.

Қос жаттығу қорытындысы бойынша Айза Мамбекова жүлделі орыннан көріне алмады. 131.94 ұпаймен 13-орынға ие болды. Отандасымыздың ірі жетістіктері әлі алда деп білеміз.  

Сондай-ақ жарыс жолына еліміздің атынан Жансая Адыханова мен Вероника Шелебеева да шыққан болатын. Олар соңғы екі орынды (22-23) өзара бөлісті.

Мәнерлеп сырғанаудан ресейлік спортшы Елена Родионова жеңімпаз атанды. Ол қос бағдарлама бойынша 196.61 ұпай жинады. Күміс медаль Нитая Ринге (187.18 ұпай) бұйырса, қоланы да жапон мәнерлеп сырғанаушысы Хинано Исовэ (174.27 ұпай) иеленді.  

О. Сансызбай