Футбол – ежелгі түркілер ойыны

Футбол – ежелгі түркілер ойыны
Фото: baq.kz

Футбол түркі халқында ежелден келе жатқан ойын. Бұл туралы түрік-оғыз тайпаларының шежіресі – «Қорқыт ата" кітабында баяндалған, дейді BAQ.kz.

Кейбір зерттеушілердің еңбегіне сүйенсек, ерте орта ғасырда өмір сүрген көптеген түрік тарихшылары өз шығармаларында доппен ойналатын ұжымдық ойын туралы сан мәрте жазған. Олар оны «тепик» немесе «тепюк», яғни аяқпен тебу деп атаған.

Ашып айтсақ, бұл жайында ұлы түрік тарихшысы, түркітанудың негізін қалаған Махмұд Қашғари «Divânu Lügati`t-Türk» («Түрік тілінің сөздігі») атты құнды еңбегінде жазған. «Тепик» ойынының ережесі қазіргі футболдың қағидаларынан аса ерекшелене қоймаған. Тарихшының жазуы бойынша, ойыншыларға допты қолмен ұстауға тыйым салынған. Ережені бұзғандарға ескерту жасалған және ойыншылар допты ойын алаңынан шығармауға тырысқан.

«Тарих-и-Тимур» еңбегінде түркілер тепик ойынын Әмір Темір кезінде де ойнағаны туралы баяндалған. Ол замандарда доп қозының терісінен жасалып, іші ауаға толтырылған екен.

Орта Азия түріктерінде де қос команда арасында ойналатын ерекше ойын болғаны белгілі. Команданың құрамына ерлермен қоса әйелдер де кірген. Олар допты аяқпен және баспен ұрып, қарсыласының қақпасына кіргізуге ұмтылған.

Одан бөлек, ежелгі түркілер қазіргі поло ойынын да ойнаған. Оны шөген деп атаған. Сонымен қатар көкпар да ежелгі көшпенділерден бүгінге жеткен ойын. Шахмат, тоғызқұмалақ, хан дойбысы, коньки (мәнерлеп сырғанау) т.б. үзілмей бүгінгі заманға жалғасып келе жатқан түркілік ойындар олимпиадалық ойындар қатарына кірген.

А. Оралқызы