Мадридтік "Реал" Қазақстанға келмек

Мадридтік "Реал" Қазақстанға келмек

Мадридтік "Реал" футбол клубы Қазақстанға келмек, деп хабарлайды Vesti.kz Қазақстан Республикасының спорт және дене шынықтыру Агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Атақты клубтың Қазақстанға келу мүмкіндігі агенттік төрағасы Талғат Ермегияв пен Испания Корольдігінің еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Мануэль Ларротча Параданың арасында болған келісім негізінде жүзеге асқан көрінеді. Корольдік клубтың келу мақсаты - екі елдің достық қарым-қатынасын одан әрі нығайту екені хабарланады.

Ермегияев сонымен қатар, "Реалдың" Қазақстанға келуі барлық футболсүйер отандастарымыз үшін қуанышты жаңалық екенін және отандық спортшыларымыз үшін пайдалы екенін айтып өтті. "Футбол - еліміздегі ақсап тұрған спорттардың бірі, сондықтан бұл олқылықтың орнын толтыруға ниеттіміз" деп келтірді өз сөзін еліміздің бас спортшысы. Сонымен бірге, қазақстандық спортшыларды Испанияда оқыту мүмкіндігі және екі ел арасындағы спорт саласында тығыз байланыс орнату мәселелері де сөз болды.

сурет: merengues.ru

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Б. Қосмағамбет