- Негізгі бет
- РИО-2016
- Олимпиада ойындарын ең...
Олимпиада ойындарын ең көп өткізген ел
Рио олимпиадасының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Бүгін осыған орай төртжылдық доданың тарихына қысқаша тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.
Зерттеушілер Олимпиада ойындарын ежелгі адамзат баласының өткен тарихының дамуымен тығыз байланыстырады. Бірақ, осы күнге дейін ойындардың қашан пайда болғаны туралы нақты айтылмаған. Алайда, Олимпиада ойындарының шығуы жайында эллиндерде бірнеше қызықты аңыздар бар.
Деректерге сүйенсек, алғашқы ойындар Зевс құдайдың құрметіне б.з.д. 776 жылдан бастап төрт жылда бір рет Олимпия қаласында өткізілетін. Кейін б.з. 394 жылы Византия императоры Федосий І-нің бұйрығы бойынша тоқтатылды. Бұл ойындарда әскери дайындық, дене шынықтыру өнерін көрсету байқаулары, дәстүрге айналған ақындар мен шешендер айтысы, әр түрлі өнер көрмелері ұйымдастырылған.
Олимпиада ойындары кезінде соғыстар тоқтатылып, тыныштық орнайтын дәстүр қалыптасқан. Осы кезде бір айдан үш айға дейін бүкіл Эллада жерінде қару жұмсауға, тіпті ойынды тамашалаушыларға қару-жарақпен келуге тыйым салынған.
Ол кезде олимпиада ойындары бес күн өткізілген, бағдарламасына жүгіру, күрес, ат жарысы, қоссайыс, бессайыс сияқты спорт түрлері кірген. Жеңімпаздарға зәйтүн ағашының жапырағынан өрілген алқа кигізіліп, құрмет көрсетілген.
19 ғасырдың орта кезінде Грекияда олимпиада ойындарын қайта жандандыру мақсатында біраз әрекеттер жасалады. Сөйтіп, 1859, 1870, 1875 және 1889 жылдары Афинада грек спортшыларының қатысуымен секіру, жүгіру, диск, найза лақтыру, гимнастика сияқты спорт түрлерінен жарыстар өтті. Олимпиада ойындары бүкіл Грекияны біріктіретін, жалпыұлттық оқиғаға айналды. Біраз уақыттан кейін гректерге олимпиада ойындарының бірыңғай күнтізбесін бекіту идеясы келді.
Алғашында ойындар бір күнге созылса, кейінірек олардың ұзақтығы бір айға дейін жетті. Ойындарды әр төрт жылда астық пен жүзім жинау арасында үнемі өткізіп тұру туралы шешім шығарды. Қоғам қайраткері - Пьер де Кубертеннің олимпиялық ойындар өткізу жөніндегі ұсынысын қабыл алған Францияның оқу ағарту министрі оған дене тәрбиесін дамыту жөніндегі халықаралық конгресс шақыруды тапсырады. Содан 1894 жылы маусым айында 12 елдің қатысуымен конгресс өз жұмысын өткізді.
Оған қатысушылар Пьер де Кубертеннің баяндамасын талқылап, 1896 жылы 1-ші олимпиялық ойындарды Афина қаласында өткізу жөнінде шешім қабылдады. Халықаралық олимпиада комитетінің тұңғыш басшысы болып грек Деметриус Викелас сайланды. Сонымен қазіргі заманғы алғашқы олимпиада ойындары 1896 жылы сәуір айының 6 - 15 аралығында Афинада өтіп, оған 13 елден 311 спортшы қатысты.
Кезекті Олимпиада ойындары өткізілетін қала, ойындарға 7 жыл қалғанда арнайы Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) сессиясында анықталады. Қала, ресми мәлімдемесін тапсырған бірнеше үміткер қалалардың ішінен таңдалады. Таңдау кандидат елдерінің өкілдері мен ХОК президенінен басқа барлық ХОК мүшелерімен тура жасырын дауыс беру арқылы өтеді.
Ереже бойынша, соңғы дауыс беру рәсіміне кандидаттар тізімі арасында бес қаладан артық болмауы талап етіледі. Бұл тізім бір жыл бұрын ХОК мүшелерінің алдын ала дауыс беру нәтижесінде анықталады. Жеңімпаз дауыстардың жарытысынан астамын жинау керек. Егер жеңімпаз алғашқы айналымда анықталмаса, онда екінші және кейінгі айналымдар өткізіледі.
Әрбір айналымнан кейін ең аз дауыс жинаған бір кандидаттан күрестен шығып кетіп отырады. Сонда ғана, кандидат елдерінің өкілдері қайтадан дауыс беру құқығына ие болады.
Қазірге дейін ең көп Олимпиада ойындарын өткізген ел - АҚШ - 8 рет (4 рет жазғы және 4 рет қысқы). Франция 5 рет (2/3), Ұлыбритания 3 рет (3/0), Германия 3 рет (2/1), Жапония, Италия, Канада 3 рет (1/2). Австралия жазғы ойындарды екі рет өткізген, ал Австрия, Швейцария және Норвегия қысқы ойындарын, Швеция, Бельгия, Нидерланд, Финляндия, КСРО, Мексика, Оңтүстік Корея, Испания және Қытай бір рет жазғы ойындарды өткізген. Югославия (Босния және Герцеговина) бір рет қысқы ойындарды қабылдаған. Барлығы - 21 ел. Жазғы ойындар 18 елде, ал қысқы 11 елде өткізілген.
Олимпиада ойындарын осыған дейін 41 қала (жазғы 22, қысқы 19) өткізген.
Қалалар арасында Олимпиада ойындарын ең көп қабылдаған қала - Лондон - 3 рет. Лос-Анжелесте, Парижде, Афинада жазғы ойындар екі реттен өткізілген. Ал Санкт-Мориц, Инсбрук, Лейк-Плэсид қалалырында қысқы ойындар екі рет өтті.
Төменде жазғы олимпиада ойындарының қай жылы, қай қалада өткенін назарларыңызға ұсынамыз.
1896 - I жазғы Олимпиада ойындары - Афина (Грекия)
1900 - II жазғы Олимпиада ойындары - Париж (Франция)
1904 - III жазғы Олимпиада ойындары - Сент-Луис (АҚШ)
1908 - IV жазғы Олимпиада ойындары - Лондон (Ұлыбритания)
1912 - V жазғы Олимпиада ойындары - Стокгольм (Швеция)
1916 - VI жазғы Олимпиада ойындары - Берлин (Германия)
1920 - VII жазғы Олимпиада ойындары - Антверпен (Бельгия)
1924 - VIII жазғы Олимпиада ойындары - Париж (Франция)
1928 - IX жазғы Олимпиада ойындары - Амстердам (Нидерланды)
1932 - X жазғы Олимпиада ойындары - Лос-Анджелес (АҚШ)
1936 - XI жазғы Олимпиада ойындары - Берлин (Германия)
1940 - XII жазғы Олимпиада ойындары - Токио (Жапония)
1944 - XIII жазғы Олимпиада ойындары - Лондон (Ұлыбритания) - Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты өткізілген жоқ.
1948 - XIV жазғы Олимпиада ойындары - Лондон (Ұлыбритания)
1952 - XV жазғы Олимпиада ойындары - Хельсинки (Финляндия)
1956 - XVI жазғы Олимпиада ойындары - Мельбурн (Австралия)
1960 - XVII жазғы Олимпиада ойындары - Рим (Италия)
1964 - XVIII жазғы Олимпиада ойындары - Токио (Жапония)
1968 - XIX жазғы Олимпиада ойындары - Мехико (Мексика)
1972 - XX жазғы Олимпиада ойындары - Мюнхен (ГФР)
1976 - XXI жазғы Олимпиада ойындары - Монреаль (Канада)
1980 - XXII жазғы Олимпиада ойындары - Мәскеу (КСРО)
1984 - XXIII жазғы Олимпиада ойындары - Лос-Анджелес (АҚШ)
1988 - XXIV жазғы Олимпиада ойындары - Сеул (Оңтүстік Корея)
1992 - XXV жазғы Олимпиада ойындары - Барселона (Испания)
1996 - XXVI жазғы Олимпиада ойындары -Атланта (АҚШ)
2000 - XXVII жазғы Олимпиада ойындары - Сидней (Австралия)
2004 - XXVIII жазғы Олимпиада ойындары - Афина (Грекия)
2008 - XXIX жазғы Олимпиада ойындары - Бейжің (Қытай)
2012 - XXX жазғы Олимпиада ойындары - Лондон (Ұлыбритания)
2016 - XXXI жазғы Олимпиада ойындары - Рио-де-Жанейрода (Бразилия) тамыздың 5-21 аралығында өтеді.
2020 - XXXII жазғы Олимпиада ойындары төрт жылдан кейін Токио (Жапония) қаласында өтеді.
Дереккөз: inform.kz
Е. Жұмабайұлы