«Барыс» жанкүйерлері балалар үйіне ерекше сый жасады

«Барыс» жанкүйерлері балалар үйіне ерекше сый жасады
Фото: vk.com, vesti.kz

«Барыс» хоккей клубының басшылығы Жаңа жыл алдында ерекше қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Мәскеудің «ЦСКА» клубымен өткен ойыннан кейін жергілікті жанкүйерлер мұз айдынды жұмсақ ойыншықтарға көмді.

Қазақстандық клубтың басшылығы «аю лақтыру» қайырымдылық іс-шарасының өтетінін алдын ала хабарлаған болатын. Іс-шараның мақсаты – балалар үйіне сый жасау еді. Жанкүйерлер мамық ойыншықтарды үйінен, болмаса стадионнан сатып алған. Мұз айдынға лақтырылған ойыншықтар мен сатылымнан түскен қаржы Астанадағы балалар үйіне аударылады.

- Біз балаларға қуаныш сыйлағымыз келді. Мұз айдынға лақтырылған барлық ойыншықтар мен олардың сатылымынан түскен қаржы балалар үйіне беріледі. Бұл алғашқы қайырымдылық шарасы емес. Маусым басынан бері бес рет ұйымдастырдық. Ал «аю лақтыру» іс-шарасын алғаш рет ұйымдастырып отырмыз, - деді клубтың баспасөз хатшысы Олег Журкевич.

«Барыс» хоккей клубының «вконтакте» желісіндегі парақшасының хабарлауы бойынша, мұз айдынға 1109 мамық ойыншық лақтырылған.

Айта кетейік, «Барыс» 2015 жылдағы соңғы ойынында Мәскеудің «ЦСКА» клубын ұтып жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлады. Ал «аю лақтыру» қайырымдылық шарасы ойын соңынан өтті.

О. Сансызбай