Еуропа Лигасы. «Қырандар» мен «ақсүйектер» Кубокты сарапқа салады

Еуропа Лигасы. «Қырандар» мен «ақсүйектер» Кубокты сарапқа салады

Бүгін футболдан кәрі құрлықтағы деңгейі жағынан екінші болып саналатын Еуропа Лигасының финалдық кездесуі өтеді.

Нидерландының астанасы Амстердам қаласындағы «Амстердам-Арена» стадионында лондондық «Челси» командасы мен португалиялық «Бенфика» командалары кім мықтыны анықтайтын болады.

Негізінен бұл қос команда алғашқы рет кездескелі жатқан жоқ. Былтыр Чемпиондар Лигасының аясында «Челси» «Бенфикадан» екі ойынның қорытындысы бойынша ұтып кеткен болатын. Сондықтан да биыл португалиялық «қырандар» қалай да есе қайтарамыз деп отыр.

«Еуропа Лигасын жеңсек, команданың тарихына тағы да бір керемет беттерді қосатын боламыз. Финалға шыққанымыз жақсы көрсеткіш. Бірақ, осыншама жол жүріп, финалда жеңіліп қалғанымыз ойыншылар үшін де басшылар үшін де жоспарға енбеген жәйт. Сол себепті де, бүгінгі финалда біз бар күшімізді салып ойнайтын боламыз. «Челсиді» оңай шағылатын жаңғақ дей алмаймын. Десе де, мен қарсыластардың осал тұстарын мұқият зерттедім. Шәкірттеріме де айттым. Енді нәтижесі қандай болатынын бүгін байқайтын боламыз», - дейді «Бенфика» командасының бас бапкері Жорже Жезуш.

«Мен қарсыластарымды жақсы білемін. Өйткені, «Ливерпульді» жаттықтырғанда, бұл командамен бірнеше мәрте жолықтым. Сонымен қатар, мен португалиялықтардың бас бапкері Жорже Жезушты да жақсы білемін. Оның үстіне, қарсыластарымыз жайлы «Бенфикада» бұрын ойнаған, бүгінде «Челсидің» намысын қорғап жүрген ойыншылар Рамирес пен Давид Луис біршама ақпарат айтып берді. Сондықтан да бізде қарсылас туралы мәліметтер жеткілікті. Енді алдағы ойынға тактиканы дұрыстап құрып, жігіттердің жігерін арттыру қажет. Сонда біз жеңіске жетеміз деп ойлаймын», - дейді «Челси» командасының бас бапкері Рафаэль Бенитес.

Бүгінгі «Челси» мен «Бенфика» арасындағы кездесуге 40-жасар нидерландылық қазы Бьерн Кейперс қазылық ететін болады. Бас қазыға алаң жиегінде Садер ван Рукел және Эрвин Зейнстра сынды көмекшілері көмектеседі.

Айта кетейік, Еуропа Лигасының финалдық кездесуі Астана уақытымен түнгі 00,45-те басталады.

 

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: ru.uefa.com

Ю. НИКУЛЛИН