Халық әртісі Күләш Сәкиева жүз жасқа қараған шағында өмірден өтті

Халық әртісі Күләш Сәкиева жүз жасқа қараған шағында өмірден өтті
Фото: Мерей Қарт

Қазақстанның халық әртісі, "Құрмет", "Парасат" ордендерінің иегері Сәкиева Күләш Срымбетқызы жүз жасқа қараған шағында өмірден өтті. Марқұмның жаназа рәсімі 3-ақпан күні сағат 9:30 Семей қаласы, Абай көшесі 92, қаралы митинг Абай театрында 10:00-де өтеді. 

Қазақстанның халық әртісі Сәкиева Күләш Сырымбетқызы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында 1920 жылы 15 ақпанда дүниеге келген. 

К.Сәкиева 1937 жылы Алматы мемлекеттік театр училищесіне түсіп, 1941 жылы училищені үздік бітіргеннен соң, Жамбыл облыстық музыкалы-драма театрына актриса болып орналасады. Талантты жас актриса онда Ф.Шиллердің “Зұлымдық пен махаббат” пьесасында Луиза бейнесін сомдап, кейінгі өткен жылдар ішінде дарынды, ізденгіш актриса үлкен творчестволық табыстарға жетеді. 

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі лайықты бағаланып, 1945 жыл “Құрмет белгісі” орденімен марапатталып, 1947 жылы “Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі” атағы беріледі. К.Сәкиева 1952 жылғы 19 қазаннан бастап, Семейдің Абай атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театрына ауысады. К.Сәкиеваның творчестволық ізденісінің шырқау биігі осы театрда басталады. Ә.Тәжібаевтың “Майра” спектакліндегі Майраның ролін сомдап, қазақ халқының дарынды қызының тамаша образын жасайды. Актрисаның бұл еңбегі де бағаланып, 1958 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен “Қазақ ССР-інің халық артисі” деген жоғарғы атақ беріліп және екінші рет “Құрмет белгісі” орденімен марапатталады. 

К.Сәкиева қоғам жұмыстарына да белсене араласқан адам. 1955 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутаттыққа сайланып, 1971 жылы Қазақстан Компартиясының ХІІІ съезіне делегат болып қатысқан. 

1944-55-80 жылдары Қазақ ССР-інің Жоғарғы Советінің грамоталарымен марапатталған. К.Сәкиева екі мәрте "Құрмет белгісі", "Құрмет", "Парасат" ордендерінің, көптеген медальдардың иегері, Еңбек ардагері, Ұлы Отан соғысындағы тыл ардагері, Семей қаласының және Зайсан ауданының құрметті азаматы.

Сөз арасында айта кетейік, Семей театрының қасиетті қарашаңырағына алтын өзекті уық боп қадалған, күннен-күнге керегесін кеңейткен Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Ғалиақбар Төребаев, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Фатима Әшкеева, Құрманбек Жандарбеков, Сіләмбек Қыдыралин, Хасен Байырманов, Халекет Ешмұратов, Гүлсім Әбдірахманова, Нуридден Атаханов, Рахия Сүлейменова, Байділдә Қалтаев, Рабиға Есімжанова, Сейфолла Мұхамеджанов, Мұқан Бектенов, Рысбек Жәкенов, Нұрмағанбет Әбішев, Күләш Сәкиева, тағы басқа актерлер мен режиссерлердің қатарын өмірін өнерге бағыштаған Ә.Жаңбырбаев, Б.Имаханов, Ж.Сәкенова, М.Бұланов, Б.Жұманов, Е.Нұрбаева, М.Бәкенов, И.Жарболов, Ә.Қожмұхамедов, Мақсұт Бақтияров, Б.Сыбанов, Ш.Бахтинова сынды таланттармен толығып, олар да өз кезегінде аға ұрпақ жолын зор ізденістермен жалғастырады. Небір кесек рөлдерді сомдаған есімдері елге әйгілі майталмандар боп танылады. Бекен Имаханов сомдаған "Абай", Әбілқасым Жаңбырбаев бейнелеген Сырым, Күләш Сәкиева ойнаған "Майра", Тұратай Иісова тірілткен "Қаракөз" шынайы шеберлік пен орасан зор еңбектің үлгісіндей болып театр жылнамасына алтын әріптермен жазылды. Өз ортасынан оқ бойып озып шығып, тың туындыларды, тарихи тұлғаларды Күләш апамыз ерекше сомдады. 

Бірде Күләш Сырымбетқызы: "Өнер деген өте киелі нәрсе, оған ерекше құрмет керек, шынайылықты жоғалтпаған жөн. Мен бала кезімде бір ерекше түс көргенмін, түсімде маған қанат бітіп, зеңгір көкте самғап жүр екенмін.Қазір ойлап отырсам, сол түсім осы күндері орындалған екен. Құдай берген өнерімнің арқасында, халықтың арқасында өзімді биіктерде жүргендей сезінемін", – деп ішкі сырын тарқатып еді. Иә, Күләш Сәкиеваның түсі дәл келген екен, жастайынан жарқырап халық алдында жүрді, әлі күнге дейін театрдан қол үзген емес. Зайсандай тұнық жүрегінен, Тарбағатайдай өр мінезінен тайсалған емес.  

К.Сәкиева сахнаның ғана саңлағы емес, сонымен қатар, асқақ дауысты әнші, әрі ән сөздерін де өзі жазатын ақындық өнері де бар. Ол кісінің репертуарында 60-тан астам ән бар, соның ішінде қазақтың халық әні "Ахау, арман", "Жетісу жерім-ай", "Ақсаусақ", "Қосжеңгей", "Жайна құрбым", "Жанай бұлбұл", т.б. көптеген әндері ел жүрегіне жол тапқан.

Мерей Қарт
Семей қаласындағы Абай театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Т. Раушанұлы