Театр туралы қызықты деректер

Театр туралы қызықты деректер
Фото: vk.com

27 наурыз барша әлем Театр күнін атап өтеді. World Theatre Day 1961 жылы Вена қаласында өткен  ЮНЕСКО Халықаралық театр институтының IX конгресінде бекітілді. Атаулы күн 1962 жылдан бері тойланып келеді.

Халықаралық театр күні — бұл тек сахна саңлақтарының ғана емес, сондай-ақ, барша театрсүйер қауымның мерекесі.

Бүгінгі мерекенің құрметіне әлемдік театр өнеріне қатысты қызықты деректер қатарын ұсынып отырмыз, қабыл алыңыз, оқырман.

Ортағасырларда әйел адамдарға тек құлдар мен күлкілі кейіпкерлер бейнесін ғана сомдауға рұқсат берілген.

Орыс поэзиясының Күні саналатын Пушкиннің заманындағы театрларда орындықтар саны шектеулі болған. Партердің алдыңғы қатарында тек беделді қонақтарға ғана арналған бірнеше орын сайланады. Ал, қалғандары қойылымды тұрып тамашалайды екен. Көпшілік жағдайда билетті мұндай жерлерге клерктер, студенттер мен өнерге жақын адамдар алатын. «Браво!» деген мадақ сөз де осы адамдар жақтан жиі естілетін.

Әлемде билет алу жүйесі ерекше театр бар. Ол АҚШ-тың Вирджиния штатында орналасқан. «Бартер Театрына» кіру билетін ақшаға емес, тамаққа айырбастап алады. 

Еуропадағы ең көне театр Хорватия елінде оналасқан. 

Иония театрларында бір қолы жоқ жауынгерлердің қасына тақыр бас құлдарды отырғызатын болған. Қойылым ұнаған жағдайда жауынгерлер шапалақтау үшін бір қолымен құлдың басынан соғады екен.

Ежелгі Рим театрлары комедияларында тек гректерді күлкіге айналдырса, гректер де өз кезегінде римдіктер өмірін мысқылдайтын болған.

Алғаш рет фонограмма Ежелгі Римде пайда болған. Ливий Андроник есімді драматург пьесалар жазуымен қоса, сол қойылымдарда өзі ойнайды екен. Бір күні оның дауысы шықпай қалып, қойылымды шегерудің орнына сахна артына актер орнына сөйлейтін адам қояды. Ал, өзі сахнада тек аузын жыбырлатып қана тұрған. 

Сицилияда бір ай шамасына созылатын қойылым көруге болады. Ал, көне заманда, тіпті, бір жылға созылатын қойылымдар да болған. Күндіз жұртшылық жұмыс жасаса, кешке қарай қойылымның жалғасын көру үшін театрға асығатын. 

XVI ғасыр театрларында әйел адамдар көбіне Франческа, Коломбина, Смеральда есімді кейіпкерлерді сомдайтын. Өйткені, сол уақытта бұл есімдер кең таралған болатын.

Грек ақыны Фриндих өзінің «Милетті жаулау» аталатын пьесасы үшін көп көлемдегі айыппұл төлеген. Оның бірі ғана себебі бар. Бұл қойылым барысында көрермен көз жасын тия алмағаны үшін қолданылған шара болыпты-мыс. 

Кез-келген нәрсенің біткенін білдіру үшін қолданылатын «Финита ля комедия» тіркесін әдетте Рим театрларының актерлері қойылым біткен кезде айтады екен. 

Италиялық комик Бианконеллидің жұрт алдында көңілді пантомима көрсетемін деген талпынысы сәтсіздікпен аяқталғаны баршаға мәлім. Ол қойылым барысында бөтелке ұстап тұрып, оның итальян тіліндегі нұсқасын айтқан. Осы оқиғадан кейін, «бөтелке» деп аударылатын «фиаско» сөзі «сәтсіздік», «масқара болу» деген мағынада қолданылатын болды.

А. Оралқызы