"Театр көктемі" фестивалінің аясында шетелдік қонақтар шеберлік сабағын өткізді

"Театр көктемі" фестивалінің аясында шетелдік қонақтар шеберлік сабағын өткізді
Фото: www.auezov-theatre.kz

Бүгін өнертану докторы, блоггер, Илья атындағы мемлекеттік ғылыми зерттеу университетінің басшысы Лаша Чхартишвили мен философия және өнертану докторы, доцент, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының, Архитектура және өнер институтының "театр, кино және телевидение" бөлімінің меңгерушісі Видади Гафаров "Театр көктемі" фестивалінің аясында М.Әуезов театрының шығармашылық ұжымына шеберлік сабағын өткізді.

Мастер-класстың өткізілуіне М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Әбділдәұлы мүмкіндік тудырып отыр.

Л.Чхартишвили мен В.Гафаровтың жүргізген мастер классына қатысушылардың ықылас-ынталары ерекше болғанын атап өту керек. Әсіресе, театртанушы мамандар мен студент жастар тарапынан қойылған сұрақтар шетелдік мамандарды сүйсіндірді. Қатысушылар сұрағына жеке тоқталып, мәселенің түйінін тарқата отырып жауап бергендігі тыңдармандардың ықылас-ынтасын одан әрі арттыра түсті. 16 наурыз күні шеберлік сабағының ІІ-бөлімі жалғасады.

Естеріңізге сала кетейік, фестиваль аясында әр қойылым соңынан кейін сыншылардың ашық талдауы шығармашылық құрам мүшелерінің қатысуымен өткізіліп отыр.

Ашық талдаудың өзі театр артистері үшін үлкен әсер сыйлауда. Театр тынысын кеңейте түскен Халықаралық "Театр көктемі - 2017" фестивалі Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналып, Сахна Падишасының өнердегі жолын насихаттауда түрлі мәдени іс-шаралар, кездесулер өткізіліп жатқаны көңіл қуантады.

 

А. Оралқызы