Әуезов театрында премьера. «Ақан сері-Ақтоқты»

Әуезов театрында премьера. «Ақан сері-Ақтоқты»
Фото: massaget.kz

Уақыт – көшкен керуен. Сол керуеннің көшін бастап келе жатқан қазақ өнерінің қара шаңырағы атанған М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры десек артық айтқандық болмас. Бүгінде 90-шы маусымның жабылуына санаулы ғана күндер қалғанда, театр ұжымы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясының тұсаукесеріне дайындалуда.

Ұлттық драматургиямыздың жауһары «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясы қай кезең үшін де өміршең туынды.

Халық сүйіктісі, еркін де бекзат, сері Ақан! Ақанның сүйіктісі – ару Ақтоқты және олардың трагедиялы махаббаты. Бұл – зұлымдық пен ғаділеттің, жақсылық пен жамандықтың, ақ пенен қараның дүниенің өзіндей кәрі майданы. Қойылымға өзек болған идея – ақын мен биліктің, жаңа мен кертартпалықтың тартысы. Қарабайыр тұрмыс шеңберіне сыймаған Ақан көрермен алдындағы қысқа, бірақ мән мен мағынаға толы жалынды ғұмырын кешіп шықпақ. Безбүйрек, әккі қоғам ғашықтарды бір-бірінен ажыратып тынады. Бірақ олардың махаббаты мәңгілік дастанға айналады. Бәлкім, ең басты жеңісі де осы  шығар...

Қоюшы-режиссер – Қуанышбек Адылов

Қоюшы-суретші – Әнуар Буркітбаев

Композитор – Ғалымжан Берекешов

Режиссер ассистенті – Нұржан Бексұлтанова

Режиссер көмекшісі – Батырбек Әбдіков

Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясының премьерасы 28, 29 маусым күндері болады. Махаббаттары мәңгілік дастанға айналған қос ғашықтың трагедиялық оқиғасының куәгері болғыңыз келсе, театрға асығыңыз!

Г. Берік