Ұлы қазақ даласының аңыздары

Ұлы қазақ даласының аңыздары
Фото: Karla Nur

Көрнекті қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың аяқталмаған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» шығармасының тұсаукесері 13 наурызда «Астана Опера» театрының Үлкен залында өтеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Классиктер мен замандастар» атты концертте отандық классиктер Е.Рахмадиев, Т.Қажығалиев симфониялық музыкалары және қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шығармалары орындалатын болады.

Ғ.Мүсіреповтің либреттосына жазылған М.Төлебаевтың аяқталмаған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» операсы жас ғашықтардың трагедиялық махаббаты туралы көне аңыз оқиғалар желісінен алынған XIII-XIV ғасырлардағы лиро-эпостық поэмасының желісі негізінде жазылды. Музыкалық кештің бірінші бөлімінде концерттік орындалудағы опера ұсынылатын болады. Ұлы композитордың өзі «оны алтын нотамен жазатыны» туралы айтқан-ды.

Өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, профессор, музыкатанушы, төлебаевтанушы Алтын Кетегенова көптеген жыл бойы көрнекті қазақ композиторы Мұқан Төлебаев шығармашылығын зерттеді. Ол аяқталмаған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» операсын тауып, бүгінгі таңда осы музыканың орындалуына бар күшін салды. Алтын Сәлімқызы ноталарды сақтап, түзетулерін жасап, композиторлардың шығарманың симфоникалық аспаптық орындалуына бастама жасады. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, композитор Серік Еркімбеков осы бір қиын дүниені қолға алды. Ол туындыны оркестрлік орындауда автордың анық, әдемі, үйлесімді стилін ұстанды.

 Біз Алтын Сәлімқызына қазақ өнерінің дамуына үлес қосқаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. А.Кетегенованың бастамасы бойынша осы бір ғажайып туынды «Астана Опера» театры Үлкен Залының сахнасында орындалатын болады,  деді музыкатанушы Маржан Жәкенова.

Одан басқа, концерттің бірінші бөлімінде өрелі өнерді бағалаушыларға «Астана Опера» симфониялық оркестрінің асқан шеберлігімен орындалатын, жақында ғана Мариин театрында гастрольдік сапарда болып, петербургтік қауымның зор ықыласына ие болған «Дала аңызы» аяқталмаған балетінен сюита көрсетілетін болады. Мариин театрының көркемдік жетекшісі әрі бас директоры Валерий Гергиев осы шығарманың қазіргі қазақ музыкасының бетке ұстарлықтай лайықты туындыларының бірі болатынын айтты.

− Дарынды, атақты композитор Тілес Қажығалиевтің музыкасы Еуропа елдерінде, Америкада орындалып жүр. Оның саздылығы аса мәнерлі. Тілес Қажығалиевтің өмірі қысқа әрі трагедиялы болғанымен, ол балеттің музыкалық материалының біраз бөлігін жазып үлгерді: басты әрекет етуші тұлғалардың сипаттамасы, негізінен ансамбльдік және көпшілік көріністер болып келеді. Тілес Қажығалиевтің музыкасы өз өмірін жалғастыра береді, ол көпшіліктің сұранысына ие, қызық және сан қырлы, - деп атап өтті Маржан Жәкенова.

Кештің екінші бөлімінде қазіргі замандастарымыздың шығармалары шырқалатын болады: Балнұр Қыдырбек, Ақтоты Райымқұлова, Серік Еркімбеков, Серікжан Әбдінұров, Абзал Мұхитдинов, Рахат-Би Әбдісағин және т.б.

«Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» операсындағы партияларды дарынды вокалистер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбаев және Жан Тапин, халықаралық байқаулардың лауреаты Мәдина Исламова, Болат Есімханов, Рамзат Балакишиев, «Астана Опера» симфониялық оркестрі және хоры орындайтын болады, дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

Г. Берік